МӘНІ ТЕРЕҢ МАҚАЛАҒА ЕКІ ЖЫЛ ТОЛДЫ

Уақыты: 10.04.2019
Оқылды: 1109
Бөлім: ТҮПСАНА

Биыл 12 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына екі жыл толады. Соған орай Рухани жаңғыру орталығында облыстық өңірлік сараптамалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысқа кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Жиында кеңес төрағасы, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жаңа міндеттер туралы кеңінен баяндады.
– «Рухани жаңғыру» бір жылдық, екі жылдық бағдарлама емес, ол ұзақ мерзімге құрылған. Сол арқылы жастардың сана-сезімінде ұлттық менталитет қалыптасады. Тарихымызды қайтадан түгендеуге арналған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаланың да мәні тереңде, – деген Қуат Маратұлы мектеп оқушыларымен, жоғары оқу орындарының студенттерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017 жылы 319 жоба, ал 2018 жылы 323 жоба іске асты. Талдықорған қаласында республикада тұңғыш Рухани жаңғыру орталығы ашылды. Осы жөнінде баяндаған Рухани жаңғыру өңірлік жобалық кеңсе жетекшісі Дана Дүйсенова облыс аумағында екі жыл ішінде атқарылған іс-шаралармен және алдағы уақыттағы жоспарымен бөлісті. 
– Мақала аясында түрлі шара ұйымдастырып келеміз. Айталық, «MUST SEE» атты әдістемелік материалдың тұсаукесері, «дөңгелек үстел», жобалар көрмесі, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениетті ілгерілету» тақырыбында І халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, семинар-кеңес, кездесулер өтеді, – деді Дана Алмазқызы. Бағдарлама шеңберінде биыл «Ұлы Даланың мәңгілік мирасы – Манас» атты қырғыз-қазақ зиялыларының ІІІ форумы, «Алтын Адам ізімен» халықаралық экспедициясы секілді ірі жобалар жүзеге аспақ. 
Отырыс соңында ұсыныстар айтылып, облыстық өңірлік сараптамалық кеңестің мүшелері алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайын пысықтады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ