"ЖЕТІСУ" ТЕЛЕАРНАСЫ - 20: ДӘСТҮРЛІ ӘН ДӘРІПТЕЛДІ

Уақыты: 11.04.2019
Оқылды: 2156
Бөлім: ТҮПСАНА

Биыл "Жетісу" телеарнасы 20 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай, «20 жылдыққа – 20 шара» белгіленген болатын. Соның бірі – «Ән-жырым – дәстүрім» атты дәстүрлі әншілер фестивалі. Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында өткен ұлттық өнерді ұлықтаған шараға жұртшылық көп жиналып, зал лықа толды. Бұл - халықтың ұлттық өнерге шөліркегенінің айқын дәлелі.

Кеш шымылдығы Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің «Мерей» фольклорлы ансамблі Айбол Құдайбергеновтің «Қарқара» күйімен ашылды. Жиналған жұртшылыққа жылы лебізін жеткізген облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек:

– Өткен ғасырда Жамбыл ауданында билеп тұрған бір топ адам мен қасиетті домбыра бейнеленген тас табылған. Ғалымдар зерттей келе, сол жазудың 6 мың жыл бұрын тасқа қашалып түскенін анықтады. Ал осыдан бес мың жыл бұрын біздің бабаларымыз Ботай мәдениеті дәуірінде алғаш жылқыны үйретіп мінгені белгілі. Бұдан не шығады? Тұлпарды ауыздықтамай тұрып біздің бабаларымыз домбыраны қолға алған. Сондықтан, домбыра қазақ үшін қасиетті де қастерлі. Сол аттың үстінде жүріп, ұлттық ән-термемізді әуелеткен сал-серілердің бүгінгі жалғасы, халық әндерін бізге жеткізуші дәстүрлі әншілер. Осыған орай, қазақтың асыл мұрасын, сонау бабалардан келе жатқан мәдениетімізді ұлықтайық деп облыс әкімінің қолдауымен бүгінгі шараны ұйымдастырып отырмыз. Жетісудың даласында Қабан жырау мен Сүйінбайдың, Жамбыл мен Кененнің, Қалқа мен Дәнештің, Сәдіқожа мен Пышанның, Шалтабай мен Көдектің, Қапез бен Рыскелдінің жырлары шалқып көкте қалықтады. Сол ән әлі жерге қонған жоқ. Ол құстың қанатында, таудың шатқалында, әншілердің көкірегінде әлі күнге сайрап тұр. Бүгін осы әндерді қошеметпен сүйсіне тыңдайық, – деді.

Алғашқы болып ән шырқаған ҚР Мәдениет қайраткері, Нұржан Жанпейісов: «Халықтың үнін, сөзін жеткізіп отырған, ұлттық құндылықты насихаттап, руханиятқа үлкен қызмет жасап келе жатқан бірден-бір телеарна осы «Жетісу» деп ойлаймын. Бейсен Құранбек басқарып отырған телеарна журналистеріне үлкен шығармашылық табыс тілеймін», – дей келе, Дәнештің «Аңшының әні», қырғыздың атақты композиторы Атай Орынбаевтың «Ой, бұлбұл» әнін тарту етті.

Келесі кезекте сахнаға көтерілген ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Айгүл Қосанова: «Телеарнаның көрермендері көбейсін, жақсы бағдарламалары бұдан да көп болсын» деген ақ тілегін жеткізіп, Мұхиттың «Үлкен айдай», Қайыптың «Жадаукөк» әндерін әуелетті.

Нұр-Сұлтаннан арнайы келген Жетісу өлкесінің тумасы, ҚР Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков те: "2002 жылдан бері Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында еңбек ете жүріп, «Жетісу» телеарнасымен тығыз шығармашылық байланыста болдық. Халыққа танылуымызға бірден-бір себепші болған да осы телеарна. Бүгінде күллі қазақ еліне мақтаныш етіп айтуға тұрарлық облыстық телеарнаның 20 жылдығы құтты болсын. Жетісудың төрінде қашанда қазақ әні қалықтай берсін", – деген лебізін ортаға салып, Пышанның әні «Қайша», Жамбылдың «Төгейін жырды халқыма» термесін тарту етті.

Бұдан соң халық әні «Жекен жарды» Алматыдан арнайы келген Жетісу мектебінің дәстүрлі әншісі Тілеулес Құрманғалиев орындап, шәкірті Рауан Әбілбаевқа да ән кезегін берді.

Кенен атамыздың әндерін зерттеп, орындап жүрген Республикалық байқаулардың жеңімпазы Шолпан Даржанова да «Игигай» әнімен, Сүйінбай Аронұлының «Ағайын» термесімен көпшілік көңілін тербеді.

«Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің әртісі, әнші, күйші, сазгер Айбол Құдайбергенов те шертер аспабымен халық әні «Жорға тайды» жүрекке жеткізе орындады.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкімән ағамыз да осы күні Талдықорған төрінен табылып: «Жиырма жылда үлкен жетістікке жетіп жатқан «Жетісу» телеарнасы дүбірлі тойда эстрада әншілерін шақыртып, ән салдырып, би билетуге де болар еді. Бірақ халыққа өзіміздің ұлттық дүниемізді насихаттайық, ұрпақ санасына сіңірейік деп өнегелі істі қолға алған екен. Сол үшін алғыс айтамын. Істеріңіз өзгелерге үлгі болсын», – деген тілегін жолдады. Шашубайдың «Аққайың» әнін шырқау шегіне жеткізе орындап, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. ҚР еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев көпшілікті қоңыр үнімен әлдилеп, Сәдіқожа Мошанұлының «Сағынсаң, қалқам, өзің кел», халық әні «Айнам-ау», Тұрсынжан Шапайдың «Дариға-дәурен» әндерін орындап берді. ҚР Мәдениет саласының үздігі Арафат Ысқақов, жас әнші Жанаргүл Саркенова, «Мен қазақпын» мега-жобасының жеңімпазы  Бейбіт Мұсаев та әуелете ән салып, жұртшылықтың шынайы алғысына бөленді.

Кеш барысында «Жетісу» телеарнасының тарихына, бағдарламаларына, жетістігіне қатысты сұрақтар қойылып, дұрыс жауабын тапқан адамдарға сыйлықтар тарту етілді.  

Телеарна журналистері Айбек Құттыбек, Салтанат Спандиярова жүргізген, ұлттық өнер ұлықталған тамаша кеште күміскөмей, жезтаңдай әншілердің зор дауысынан қазақтың дарқан даласының кеңдігін сезінген көрермендер  рухани азық алып, қуаттанып қайтты.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ