РУХЫ ЖАДАУ АДАМ ТӨМЕНШІК КЕЛЕДІ

Уақыты: 12.04.2019
Оқылды: 1512
Бөлім: ТҮПСАНА

Заманында небір талант иелерінің өнерін тамашалауды жақсы көретін бір елдің әміршісі болған екен. Ол бірде ине жасуынан сабақ жіпті он қадам жерден лақтырып сабақтайтын қабілет иесінің өнерін тамашалапты. Елді тамсантқан өнерпаздың бұл теңдессіз шеберлігіне әмірші де ерекше тебіреніпті. Сонда ол айбынды тұрпатпен: «Мұны үйренуге қанша уақытың кетті?» – деп сұрапты. Тебіренген әміршінің сауалынан көңілі көкке жеткен әлгі жан: «Қырық жыл үйрендім, әміршім», – десе керек. Жастармен болған кездесу кешінде облыстық «Жетісу» телеарнасының бас продюсері Жұмахмет Жайлаубаев  осындай аңыздан ақиқат аршыды.

Танымал журналист айтқан аңыз жүлгесіне жүгінсек, әлгі шебердің жауабын естіген патша нөкерлеріне қарап: «Өнері үшін қырық алтын беріңдер де, қырық дүре соғыңдар», – деп бұйырады. Алтын алам деп аптыққан адам: «Алтынды алуға өнерім лайық, дүреге не себепті жығылмақпын, әміршім?», – депті қос көзі атыздай болып. Сонда айбынды әмірші: «Алтын уақыттың қадіріне жетпепсің. Болмашы бір өнер үшін қырық жыл жұмсағанша, пайдалы дүниемен айналыссаң қайтер еді?! Текке кеткен есіл уақыт-ай!» – деп өкініш білдіріпті.

Иә, ұршықтай шыр айналған уақыттың қадірін білмейтіндер баршылық. Кешегі батырлар мен ел басқарған ұлы бабалар, кеудесі кенді даналардың ұлы мұрасын ұлықтайтын, солар қалаған ұлы елдің іргесін берік ететін бүгінгі мұрагерлері болмашы өнердің соңына түсіп, ел көсегесін көгертер істі ысырып тастаса, оны әмірші емес, өзінің азаматтық ары дүрелейтін болады. Осындай сарында салиқалы ой, салмақты пікір өрбіткен Жұмахмет Жайлаубаев «Jas Talks» жобасында Талдықорған шаһарының студент жастарымен еркін әңгіме өткізді.

Емен-жарқын отырыста елдің мұңын Едігеше жеп, көңіліндегі көп дүниені көсіле жеткізген жетісулық журналист астарлы әзіл-қалжың айтып, тарихтан мысал келтіріп, кешегі ұлы ойшылдар танымынан тағылымды мысал алып, кездесу кешінің көрігін қыздырды. Ол:

– Немістің ұлы ойшылы Гетенің: «Рухы жадау адам төменшік келеді», – деген сөзі бар. Біз қазіргі таңда Рухани жаңғыруды  бастан кешіп, осы бір сүрлеуде өткенімізді жаңғыртып, дәстүр-салтымызды қайта түлетуге күш салудамыз. Алайда неміс ойшылының айтқанындай біз төменшіктейтін секілдіміз, – дей келе: «Біздің ұлттық рухымыз жоғары ма?» – деген сауал тастады. Жалындаған жастар тауанды тарихтағы қайсар бабалардың ұланы ретінде айбатты да рухты екендерін алға тартса, Жұмахмет Жанахметұлы ол ойды аса қуаттамайтынын жеткізді.

Иә, өткенге көз жүгіртсек, күллі түркінің ат тұяғы жарты әлемге із тастады. Айбарлы бабалар ұлан-ғайыр жерді сол асқан қуатының, рух-жігерінің арқасында жортуылда жүріп бізге аманаттады. Алайда қазіргі таңда көп жастардың бойынан ұлттық рух байқалмайтыны жасырын емес. Осынау дүниенің астарына мән берген журналист, мұның себебі тал бесіктен берілген тәрбиенің босап бара жатқандығында екенін атаусыз қалдырмады.

Кеш кейіпкері бұрындары ата-ана жас өскінін ұлтың үшін қызмет етер ұлан бол деп тәрбиелейтіндігін, ал қазіргілер оқы, оқыса, дипломыңмен жұмысқа орналас, жақсы қызметке орнықса, сатылап өс, шенге қолы жетсе, азамат болды деген осы деп баға беретіндігін ащы да болса атаусыз қалдырмады. Расында, көнекөздер бүгінде ел тізгінін ұстаған тұрымтайдай текті перзенттеріне ұлттың ұланы бол деп даңғылға түсірген жоқ па? Қазіргі таңдағылар перзентінің болашағын қызметкер тұлға болып қалыптасуымен шектеп, ұлттың ұланы етуге талпынбайды емес пе? Міне, осындай салғырттықтардың салдары ұлт дегенде рухы алаулап тұратын жастардың қатарын сиретуде. Осылай деп тебіренген «Жетісу» телеарнасының бас продюсері қоғамдағы көптеген түйткілді мәселенің түйінін қызыл тілдің құдіретімен тарқатуға күш салды. Ол тіл мен діл, дін тақырыбында да жан-жақтылы тағылымды ойын тарқатты.

Рухани отырыс кезінде жастар тарапынан да қызғылықты сауалдар жолданып, оған жетісулық журналист тұшымды жауап қатты. Қазақ қоғамы, Рухани жаңғыру тақырыбында өрбіген осынау кездесуде ұлттық арда қасиетіміз бен жеткен жетістіктеріміз де, кемшін түсіп жатқан тұсымыз да бір адамның пайымымен, өзіндік түсінігімен екшеліп, сараланып, тыңдарманға молынан ақпар берді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕК