МИНИСТР: "ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ҚАЙТА ҚАРАЛАДЫ"

Уақыты: 12.04.2019
Оқылды: 1106
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин «Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүргізу бойынша ұлттық комиссияның отырысын өткізді. Марат Мұқанбетқазыұлы қоғамдық және рухани сананы жаңғырту барысында соңғы екі жылда көптеген шаруа жасалғандығын айтты.

Оның ең негізгісі – латын қарпіне көшу мәселелері және бағдарлама аясында «Туған жерге туыңды тік» жобасының қолға алынғандығы. Аталған жоба бойынша талай бақуатты азаматтың туып-өскен ауылдарына жағдай жасағаны белгілі. Бағдарлама бойынша берілген тағы бір тапсырма – «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын» жасау. Аталмыш шара бойынша да арнайы карта жасалған. «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында алғашқы 18 оқулықтың оқу орындарында пайдаланылып жатқанын жеткізді.

- Елбасының қатысуымен көпшілікке таныстырылған кітаптар ғылыми ортада оң бағасын алды. Ол кәсіпкерлік, менеджмент, философия, тіл білімі, дінтану, экономика сынды бағыттарды қамтыды. Жоба гуманитарлық білімнің мазмұнын жаңартып, оны жаңа халықаралық деңгейге шығаруға жол ашты. Екіншіден, қазақ тіліндегі ғылыми стильді бір нормаға түсірді. Үшіншіден, түпнұсқа тілден тікелей аударма жасау мектебі қалыптасып, негізі қаланды. Биыл тағы 30 кітап дайындалуда. Бұл кітаптар адам ресурстарын басқару, әдебиет теориясы, қазіргі заманғы педагогика, өнер тарихы, тілдің психологиясы, стратегиялық менеджмент, маркетинг негіздері, коммуникация, дипломатия сынды тақырыптарды қамтыды. Бұл кітаптар гуманитарлық білімді жандандыруға, білімнің заманға сай әлеуетін арттыруға зор үлес қоспақ. Аударма және түсіндірме сөздіктер шығару қолға алынды. Қазақ тілінің кірме сөздер сөздіктері де дайындалуда. Бұлардың әрқайсысы 10 мың данамен шығарылады. Кітаптардың электронды нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» арқылы еркін қолданысқа берілмекші, - деді баяндамашы.

Жиында қашықтан оқыту жүйесінде  онлайн білім беруді жандандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Қазірдің өзінде онлайн негізіндегі 2500 дәріске 12 мыңнан аса адамның кіретіні де жағымды жаңалық ретінде сөз болды.

Жиында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова жаңа гуманитарлық білім берудің маңызы зор екенін айта келіп, осындай оқулықпен барлық оқу орнын қамтамасыз ету керектігіне тоқталды. Ол мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру мәселесіне орай терминология бойынша қазақ тілін латын қарпіне бейімдеу барысында ақпараттық база ұсынылғандығын айтты.

- Салалық терминдердің бес мың нұсқасы бекітілді. Тіл институты орфография мен орфоэпияның ерекшеліктерін студенттер мен оқушылар арасында сыннан өткізді. Бірінші сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін қазақ тілінің оқу жоспарын қайта қараймыз. Әйтпесе, ертең сабақ беру қиын. Қазақ тілін ана тілі ретінде оқытатын мұғалімдерді оқытуымыз керек. Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытатын мұғалімдерді дайындауымыз керек. Үшінші – қазақ тілінде сабақ беретін барлық мұғалімдерді қазақ тілінің ережесімен оқытуымыз қажет. Қазақ тіліндегі сөздер қатесіз жазылуы тиіс. Рухани жаңғыру кафедрасы жұмыс жасап жатыр. Мемлекеттік сынақтарға Рухани жаңғыру, өлкетану бойынша сұрақтар енгізілді. Тарихи-өлкетану, дала фольклорын дайындауға қаржы бөлінді. Жаңаша білім берудің 2020-2025 жылдарға  арналған бағдарламасына  рухани құндылықтарын меңгеруге бағытталған қағидаттарды қосамыз, - деді министр.

Селекторлық жиында ел көлемінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстар жайлы кеңінен айтылды. Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов ел көлемінде Рухани жаңғыру орталығын құруда көш басында келе жатқанымызды сөз етті. Бұл орайда жанды жұмыстар жасалуда. Рухани жаңғыру бойынша атқарылатын  шаралардың маңыздылығын атап өткен Амандық Ғаббасұлы ұлттық орталықпен ақылдаса жұмыс жасау керектігін нақтылады.

Гүлжан ТҰРСЫН