БЕРГЕН БАТАСЫ БІР МИЛЛИОНҒА БАҒАЛАНДЫ

Уақыты: 14.04.2019
Оқылды: 2564
Бөлім: ТҮПСАНА

Басши ауылында тұратын Жақыпбек Өмірбек ақсақалды жерлестері ерекше құрметтейді. Өйткені, ол кісі бата берудің хас шебері. Ата-бабадан келе жатқан осынау игі дәстүрді жаңғыртуға бір кісідей атсалысып жүрген қазыналы қарт. Бүгінде қарияның есімі тек Кербұлақ ауданына ғана емес, Жетісу жұртшылығына да кеңінен таныс. Батагөйлер жарысында үздік шығып, қатарластарының алды болып жүргені – соның бір дәлелі.

Атырауда өткен «Батаменен ел көгерер» атты республикалық байқауға еліміздің 14 облысы мен 3 қаласынан келген қариялар бақтарын сынаған еді. Өнер сайысын Атырау облысы әкімдігі мен «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесі ұйымдастырды. Жарыстың мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында айтылған ойларды ары қарай сабақтау. Ұлттық дәстүрді дәріптеу арқылы Ұлы Даланың қасиетін жас ұрпақтың бойына сіңіру.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Үміткерлер ең алдымен есімі тарихта қалған тұлғалардың ақ баталарын нақышына келтіре орындады. Екінші кезеңде өздері шығарған баталарын көпшілікке ұсынды. Ал жарыстың үшінші кезеңі ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты сұрақтарға тұшымды жауап қайтарумен қорытындыланды. Міне, осы үш шартты жетісулық Жақыпбек ақсақал мүдірмей орындап, қазылар алқасының ең жоғары бағасына ие болды. Сөйтіп, облыстың намысын қорғаған батагөй қария бас жүлдеге қол жеткізіп, 1 миллион теңге сыйақы алды.

– Қазақ халқы сөз қадірін өз қадірім деп білген халық. Бата беру – ықылым заманнан бері келе жатқан қасиетті өнер. Біздің міндетіміз сол сабақтастықты ары қарай сәтімен жалғастыру. Батагөйлер жарысына қатысуыма мұрындық болып, қолдау көрсеткен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейітке дән ризамын. «Баталы ел арымас» дейді халқымыз. Ақ баталар қабыл бола берсін, – дейді жеңімпаз қарт Жақыпбек Өмірбек.

«Қариясы бар үйдің қазынасы бар». Ұлттық өнерімізді ұлықтап, өскелең ұрпаққа өнеге мән тәлім көрсетіп жүрген қарттардың қатары көбейі берсе демекпіз.

Болат МӘЖИТ

Сурет ғаламтордан алынды

Кербұлақ ауданы