БІР АУЫЛДА ЕКІ КАЛИНИН: КІМГЕ ҮЛГІ?

Уақыты: 18.04.2019
Оқылды: 2376
Бөлім: ТҮПСАНА

Тәуелсіздік таңы атқалы бергі 28 жылдың ішінде елдігімізге қатысты қаншама іс атқарылды?! Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді деуге болады. Тарихымыз түгенделді. Соның бір парасы, Кеңестік дәуірдің «тұлғаларына», турасын айтқанда революция көсемі Лениннен бастап, халқымыздың басына қара бұлт үйірген қанқұйлы саясаттың «серкелеріне» арналған ескерткіш-бюсттер мен көше атауларының қазақ халқының, ұлтының келешегі үшін құрбан болған тарихи тұлғалар есіміне ауыстырылуы рухымызды асқақтата түскені анық. Дерек көздеріне сүйенсек, «ҚазССР кезеңіндегі кейбір тарихи тұлғалардың ескерткіштерін мемлекеттік есептен шығару туралы» ҚР Мәдениет және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің 2002 жылғы 31 қаңтардағы №24 ұсынысына сәйкес Алматы облыстық мәслихаты кеңестік кезеңде бой көтерген 201 тарихи тұлғалардың ескерткішін есептен шығару туралы шешім қабылдапты. Соның бірі - Тұздыбастау ауылындағы 1972 жылы бой көтерген М.Калининнің ескерткіші.

Есептен шығарылып тасталғанына 17 жыл өтсе де бұл ескерткіштің әлі күнгі орнынан міз бақпай тұрғаны аудан жұртшылығы мен қоғам белсенділерінің шымбайына батуда.

Кеңестік бұғаудан босап, еркін елдің ауасымен тыныстаған ұлтжанды азаматтар мен қоғам белсенділері тарих қойнауында қалған ежелгі жер-су, елді мекен аттарын орыс отаршыларының есімінен арылтты. Соның нәтижесінде "Алматы – Талғар" күре жолының бойындағы бірқатар елдімекен қазақша атауға ие болып, көшелерде азат елдің арда азаматтарының аттары жарқырап көрініс тапқан еді. Осы қазақшаландыру қарқын алған тұста әжептәуір жерді алып жатқан Калинин ескерткішін алып тастау мәселесі де көтерілмей қалмаған. Әйтсе де...

– 2002 жылдан бастап облыстық мәслихаттың шешімімен аудандағы Ленин, Дзержинский, Калинин ескерткіштері алынып тасталған, сондықтан да бұл ескерткіш тізімде жоқ. Негізі мұны да алып тастауға болушы еді. Оған сол уақыттағы көненің көзі болған ақсақалдар алқасы, соғыс ардагерлері бар, бірқатар тұрғындар «Калинин өзі келіп, бата берген колхоз» деп қарсылық жасап, алғызбай қойған. Одан кейінгі алып тастау мүмкіндігі туғанда Бесағаш пен Тұздыбастаудың ақсақалдары арасында бөлініп-жарылған алауыздық пайда болды. Әркім өз ата-бабасының ескерткішін қоюға ұмтылды. Себебі, ескерткіш Бесағаш ауылдық округінің аумағында болғанмен, Тұздыбастау ауылына кіреберіске орналасқан. Соның салдарынан тағы тоқтап қалды, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева.

– Осындай кертартпалықтан соң 2017 жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай қазақ халқының жарқын болашағы үшін басын бәйгеге тігіп, ұлт үшін құрбан болған жалпыға ортақ Алаш арыстарының рухына арнап монумент қоюға бел байлап, аудан ақсақалдары мен белсенділері, қоғамдық ұйым мүшелері, екі ауылдың тұрғындары бар, бас-аяғы 500 адам жиылған келелі кеңес өткіздік. Тұздыбастаудың Мәдениет үйінде өткен бұл жиында 500-дің арасында 3-ақ адам қарсы дауыс беріп, қалғаны Калинин ескерткішін алып тастап, Алаш арыстарына арналған монумент қоюды түгелдей қолдады, – деген Фарида Бегенбаева бұдан әрі жаңа ескерткіштің макетін жасап, құжаттарын даярлап облыстық мәдениет басқармасындағы ескерткіш қою туралы комиссияға өткізіп, оң шешімін алғандығын тілге тиек етті.

Одан кейін республикалық комиссияға жолданып, 2018 жылдың наурыз айында «Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында орнатылатын Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған ескерткіштің жобасына жалпылама қолдау білдіре отырып, көркемдік бейнелілігін одан әрі арттыру үшін жоба қайта пысықтауға жіберілді» делінген жауап алынған.

Сөйтіп, қайта пысықтауға жіберілген жоба әзірге тоқтап тұрған көрінеді. Оған себеп:

– "Алматы – Талғар" күре жолы кеңейтіледі дегеннен кейін тағы кідіруге тура кеп тұр. Жаңа ескерткіш қойылып тасталса, ертең жолды кеңейтуге кедергі бола ма деген ой да жоқ емес, – дейді бөлім басшысы. – Алаш арыстарына арналған монументтің бой көтеруіне саясаттанушы Дос Көшім бастаған қоғамдық бірлестіктер мен республикалық «Желтоқсан» ұйымы ұйытқы болып, халықтың қолдауымен жиылатын қаражатқа салынатындықтан, ондай шығынды аяқасты етуге болмайды. Сол үшін әліптің артын бағып отырмыз. Жуырда кеңейтілетін жолдың жобасы бекітілгеніне қарай әрекет етеміз. Ал сайда саны, құмда ізі жоқ Калинин ескерткішінің алынып тасталатындығына еш күмәніңіз болмасын, – деді бөлім басшысы.

КАЛИНИН ЕСКЕРТКІШІ АЛЫНСЫН!

Кейде Талғар жаққа жол жүре қалсам, Тұздыбастау ауылының тұсында М.Калининге (1875-1960) орнатылған ескерткіш көзге шыққан сүйелдей боп көзге шалынады. Ескерткіш 1935 жылы 26 қазанда оның «Социалды» колхозына келіп, шаруаларға жерді мәңгілік пайдалану үшін акт берген жерінде орнатылған. Кейін ол шаруашылыққа Калинин аты берілді. Сол ескерткіш 1966 жылы менің абитуриент кезімде тұрушы еді, жарты ғасырдан астам уақыт өтті, әлі тұр, көрген сайын ашуым келеді. Кеңес Одағы тарағалы қашан, коммунистік идеологияның дәм-тұзы таусылғалы қашан? Калинин колхозы тарап кеткені қашан? Шаруаларға мәңгілік пайдалануға берген актісі 60 жылға да жетпей заңдық күші жойылып, әкімшілік жерді жекеменшік үй салушыларға пышақ үстінен бөліп берген.

Саяси жүйенің құлауымен бірге ТМД елдерінің бәрінде декоммунизация жүрді, советтік символикалар жойылды, кітапханалар кеңестік идеологиялық қоқыстардан тазартылды, кеңестік-коммунистік көшелер мен алаңдар аты өзгертілді. Ал Калинин ескерткішінің тұрғаны қалай?

Батыс тарихшылары мен ресейлік зерттеушілердің бір тобы бүгінде КСРО-ны отаршыл империя ретінде қарастырады. Ол дұрыс та. Венгрия, Чехия, Польша, Латвия, Гүржістан, Украина сияқты бірқатар елдерде нацистік символика тәрізді советтік символикаға тыйым салынған. Сондықтан советтік символикалар демонтаждалды. Ресейдің өзінде Орақ пен Балғаның, М.Калининнің, В.Молотовтың, А.Ждановтың ескерткіштері баяғыда-ақ жойылды. Ресейде оған заңмен тыйым салынған. Қалаларға өзінің бұрынғы тарихи атаулары қайтарылды, мәселен, Ресейде Горький қаласы – Нижний Новгород болып, Свердловск –Екатеринбург, Ленинград – Санкт-Петербург болып қайтадан қалпына келтірілді. Қазақстанда Ермак қаласы –Ақсу, Гурьев –Атырау, Семипалатинск – Семей болып өзгеріп жатыр. Ал батыр пионерлерге, Калининге ескерткіштер мызғымайды. Ал сол М.И.Калинин кім еді?

СССР Жоғарғы Советі Президиумының Төрағасы әрі Орталық Атқару Комитетінің Төрағасы Михаил Иванович Калининге жұрт «Бүкілодақтық староста» деп ат қойған. Ал И.Сталин оны «всесоюзный козел похотливый» дейтін көрінеді. Замандастары оның Үлкен театрдың балериналарына қатты әуес болғанын жасырмай жазады. Сөйтіп, әуейіленіп жүріп, бес баласын өмірге әкелген әйелі Екатерина Ивановна Калининаны (Лоорберг) шпиондық жасады деген желеумен 15 жылға соттатып жібергені, балаларына анасымен жолығуына тыйым салғаны қандай моральға сияды?

Адамгершіліктен жұрдай сондай адамға ескерткіш Қазақстанда неге тұруға тиіс?! Бізде әзірше декоммунизацияға, отарсыздандыруға байланысты заң жоқ. Алайда Алматы облыстық мәслихаты бұл проблеманы өз қаулысымен-ақ шеше алады! Осы постты облыстық Мәслихатқа жазылған ресми хат ретінде қарастыруды сұраймын.

Марат ТОҚАШБАЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты

"Facebook" парақшасынан алынды

 

Ал Тұздыбастау ауылдық Мәдениет үйінің алдында қасқайып тұрған Калининнің тағы бір бюсті де еш жерде есепте жоқ дүние көрінеді. Сонда оның не үшін тұрғаны бүгінгі ұрпаққа беймәлім. Бұл осы ауылдағы ұлттық мәдениетіміздің көсегесін көгертіп жүрген өнер жанашырлары мен осы ғимаратқа қоныстанған ауылдық, тіпті, мемлекеттік маңызды іс-шараларды тайлы-таяғымен кеп осы шаңырақта өткізетін аудандық әкімдіктің тізгінін ұстап отырған билік өкілдері үшін де орны толмас олқылық болса керек.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтпаған болар. Еркін елдің ұрпағы үшін қызыл империя «көсемінің» емес, тәуелсіздік жолында жанын пида еткен ата-бабаларының бейнесін көру зор мақтаныш емес пе? Олай болса, елдігімізге көлеңке түсіретін Калининнің Тұздыбастауда тұрақтап қалған қос бірдей ескерткіші жуық арада алынып тасталса құба-құп.

Түйіндер болсақ, бүгінде тарихқа бай ауданда 24 архитектуралық, 33 археологиялық, соның ішінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген «Талғар» тарихи қалашығын қосқанда жалпы саны 57 ескерткіш бар. Жыл сайын атаулы күнге орай ескерткіштердің айналасын тазалау, көгалдандыру жұмыстары жасалады. Тарихтан сыр шертетін мәдени мұра объектілері мен еңселі ескерткіштерден өскелең ұрпаққа ұлағат боларлық бабалардың ұлы бейнесі мен аманаты көрініс тауып, ұлттық рухымызды асқақтатып жатса, нұр үстіне нұр болмақ.

​Ұлбосын ИСАБЕК

Тұздыбастау ауылы,

Талғар ауданы

Алматы облысы