ҮШ-АҚ МАТЕРИАЛ КЕРЕК: КИІЗ ҮЙ ҚАЛАЙ ТІГІЛЕДІ?

Уақыты: 20.04.2019
Оқылды: 3862
Бөлім: ТҮПСАНА

Халқымызда «Атамыз - Алаш, керегеміз - ағаш», «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деген қанатты сөздер бар. Оған қарап киіз үй тек қазақ пен қырғыздың ғана баспанасы екен деген ой тумауға тиіс. Киіз үй – бүкіл түркі тектес халықтардың қастерлеп, қадыр тұтқан киелі мүлігі, тұрақ-мекені. Тіпті, ол тек баспана ғана емес, ол – сәулет, құрылыс, қолөнер сияқты бірнеше өнер түрі түйіскен ұлттық болмысымыздың ғажайып бір белгісі, этнографиялық салт-дәстүріміздің ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан жауһар жәдігерлерінің бірі дер едік.

Өмір салты көшпелі болған өр мінез халқымыздың астрономиялық, математикалық, мәдени-рухани, тіпті, экономикалық білім-біліктілігі, таным мен тағылым қабілеті осы қасиетті қара шаңырақтың өн бойынан түгел табылғандай. Шаңырағындағы күлдіреуішке қарап, өзінше жұлдыз-жорамал жасаған, іргеден соққан жел екпінінен ауа райын болжаған, адамдардың сол ортада алатын орны мен қадыр-парасатына қарай әртүрлі үй тіктірген данышпан қазақтың бір мықтылығы да сол, баспанасын өзімен қиналмай-ақ алып жүргені. Дала ойшылдарының бұл тапқыр шешіміне бүкіл дүниежүзінің мәдениет, өнер сарапшылары таңдай қаға таңданып, әркез жоғары бағалап отырған. Алғаш рет киіз үй 1861 жылы Париждегі Дүниежүзілік этнографиялық көрмеде тігілген деген болжам бар. Ал 1890 жылы Қазандағы көрмеде қазақтың киіз үйі көрсетіліп, ұлт мәдениетін бүкіл Еуропаға паш еткен. Академик Әлкей Марғұлан 1827 жылы Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің Ресей патшасы І Николайға киіз үй сыйлағанын жазған. Ал біздің білетініміз – қазақтың киіз үйлері тек Мәскеу мен Петерборда, Қазан мен Астраханьда ғана емес, Париж бен Гамбург, Франкфурт на Майне қалаларындағы мұражайларда тұр.

Кеңестік дәуірде құны кеміп, маңызы әдейі төмендетілген осы халық мұрасы егемендік алған он шақты жыл бедерінде қайтадан керегесін керіп, қанатын жайып, жасанып шыға келді. Әрісі Керей, одан кейінгі әз Жәнібек пен әз Тәуке, Абылай хан мен Кенесары хан, берісі ақын Абай мен ғұлама Ахмет, Алаш арыстарының, Қаныш пен Мұхтарлардың кіндігі осы киіз туырлықты қазақ үйі ішінде кесілген. Абайдың өлеңі, Құрманғазы мен Тәттімбет, Дина мен Аққыз күйлері киіз үй ішінде төгілген. Тіпті, сонау Қорқыт баба мен Сейтек атаның қылқобыздары бірде киіз үйдің керегесін күңірентсе, енді бірде түндігін желпілдетіп, назды әуенге басқан. Орта жүз Тоқа Байсалдың қызын ұзатқанда арнайы жасатқан киіз үйдің уықтарын атпен жүріп байлаған. Ал тал-терегі жанында, жабағы-жүні алдында болған қазекең, қарап отырсаңыз, осы жылжымалы баспанасын үш-ақ материалдан: жүн-жабағы, тал-қайың және қайыстан тұрғызып алыпты. Ал қоз бен тулақ, арқан мен жоса, мор мен обын құрылыс материалдарын өңдеп-жөндеуге, қырлап-сырлауға қажетті қосымша құралдар ғана.

Этнограф жазушы Сейіт Кенжахметтің пайымдауында киіз үйлер қазақы және қалмақы деп екі түрге бөлінеді екен. Қазақ үйлері пайдаланылуына, сән-салтанатына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы: қара үй (3 қанат), қоңыр үй (4 қанат), боз үй (5 қанат), ақ үй (6 қанат), ақ ала орда (8 қанат), ақ орда (12 қанат), ақ шаңқан (18 қанат), алтын үзік (24 қанат), алтын орда (30 қанат) деп аталатын түрлері бар. (Қазақ ССР-інің Қысқаша энциклопедиясы).

Киіз үйдің ең басты да киелі мүлкі – шаңырақ. Ол тоғын, күлдіреуіш, кепілдік, шабағы немесе желдігі деген бөліктерден тұрады да талдан немесе қайыңнан жасалады. Уықтардың ұштары сұғынып тұратын тоғын, яғни, шеңбер тесіктер көбінесе төрт қырлы болып ойылады да олар қаламдық деп аталады. Керегені құрайтын ағаштарды желі дейді. Оларды тесіп, қайыспен көктеп, қанат жасайды.

Киіз үйдің есігі екеу. Ағаш есік сықырлауық деп аталады. Ал екіншісі – күндіз шиыршықталып ораулы тұратын киіз есік. Уық – иіні, қары, алақаны және қаламы (ұшы) деген атаулардан тұрады. Бірнеше ай бойы кепкен тал-қайыңды не жер үстіндегі пешке (морға) не қазылып жасалған жерасты пешіне (обынға) салып, жұмсартып, тезбен түзеп, иіп, кесіп, тесіп уық жасайды. Осындай ағаштан дайындалатын бөліктері үйдің сүйектері деп аталады. Одан басқа киіз үйде кереге басына ұмсындыра жауып, айналдыра қоршап тастайтын киізді туырлық, шаңыраққа дейін жабылатындарды үзік, шаңырақты жабатынды түндік деп атайды. Кереге мен туырлықты екі ортасына кигізіліп, босағадан ішке қарай орай қоршалатын тоқылған ши де киіз үйдің бір бөлігі. Оның ішінде тамақ, ыдыс-аяқ тұрады.

Киіз үйге кіргенде оң жақ қапталда (шиден кейін) үй йелерінің төсек орны орналастырылады. Одан кейінгі төр – сыйлы қонақтар орны. Сол каптал негізінен бала-шағалар иелігінде. Ер-тұрман құралдары да сол қанаттағы кереге басында ілулі тұрады. Ал қасиетті қара ошақ – от орнының жөні бір басқа.

Киіз үйдің сүйектерінде не көп – бау атаулы көп. Жел соққанда төмен қарай тартып байлап тастайтын шаңырақтың екі жел бауы (құр бау) болады. Уықты керегеге бекітетін – уық бау, түндікті ашып – жабуға арналған – түндік бау, сәндік үшін уықтың бірнеше жерінен байланатын – аяқ бау бар. Ал тастама - киіз есіктің бас бауы. Сондай-ақ, бас құр мен таңғыш құр да, жел арқан мен бақан да, бақалақ пен ірге киіз де осы қасиетті қара шаңырағымыздың атадан балаға мирас болып келе жатқан бір-бір бөлшегі, көнерген атаулары.

Тумысынан табиғат анаға етене жақын өмір сүріп келе жатқан қазақ халқының осынау киелі мүлкі – киіз үйі көшпелілер өмірінің ажырамас бір бөлігі. Үнемі ат үстінен түспей өз жерін, өз жұртын жаудан қорғау мақсатында жорық жағдайында өмір сүрген ата-бабаларымыз осындай ғаламат тапқырлығының, жауынгерлігінің арқасында бүгінге дейін жетіп, түндігінен түтінін түтетіп, керегесінен кең дүниеге достық пен бейбітшілік лебін естіріп, доспын деп адал ниетімен келгендерге құшағын айқара ашып отырған парасатты мемлекет. Ұлттық егемендігіміз бен осындай құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтап қоймай, оны өскелең ұрпаққа аманат етіп қалдыру тәуелсіз елдің айбынды сардарлары мен сарбаздарының басты парызы болса керек.

Абылай СЕРІК,

«Тұран» университетінің 2-курс студенті