АЙТЫСКЕР АҚЫНДАР МҰҚТАЖ ОТБАСЫНА ҮЙ СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 25.04.2019
Оқылды: 3792
Бөлім: ТҮПСАНА

Қасиетті қара домбырадан саз төгілді. Қасиет тұнған кеудеден жыр мамырлап, рухани шөліркеген жетісулықтардың жан сарайын ашқандай көрінді. Айтыс өнерінің ерен жүйріктері дәл І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында "Ұлы Дала ән мен жыры, ақындықтың жеті қыры" атты концерт берді.

Бекзат өнердің өрендері қойған концерттің шымылдығын айтыстың аққуы Айнұр Тұрсынбаева арнау жырымен ашты. Жетісуды "Алыптар шыққан Ақ ордам" деп жыр төккен Алаштың ақын қызынан кейін киелі өңірдің текті ұлы Балғынбек Имашев сахнаға көтеріліп, Шыңғысхан мен Бейбарыс, Тоқтамыс бабалардың ерлігін өрлікпен өлеңге арқау етті. Өз кезегінде Сара Тоқтамысова да:

"Батыр да туған Жетісу,
Ақын да туған Жетісу,
Талдықорғаным аман ба, 
Осынау байтақ далада?"
- деп арқалы жұрттың арқасын қоздырса, айтыстың перісі Жандарбек Бұлғақов: "Елордада жүрсем-дағы, Жетісу, Сенсің менің жүректегі Астанам", - деп көсілді.

Ақық жырдан кейін жетісулық қос ақын сөз алды. Олар дәп бүгін өмірге келгендігін, бұл республикалық жоба екенін және ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен бастау алғанын, игі істі туған жерден қолға алып отырғандарын ерекше атап өтті.

Төрткүл дүниенің байлығын текті елінің тоқымдай топырағына алмастырмас төрт ақын өзара сөз сайысына түсті. Сонымен қатар, "Қыз ұзату" сынды бірқатар әндерін әуелетіп, ұлы өнерді ұлықтады. Айта кетерлігі, аталмыш концерт 1 мамырда Алматы қаласында өтпек және одан ары еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылады деп күтілуде.

Шарада Жалғас Садыр мен Сырым Әуезхан айтысты. Төрт ақын "Құлмамбет" айтысын жасап, тыңдарманды тәнті етті. Өз кезегінде Балғынбек пен Жандарбек қара өлең шумақтарын төгілдірді.

Осынау игі шараның соңында билеттерден түскен қаржыны ақындар қайырымдылыққа жұмсады. "Мейірім танытпаған мейірімге бөленбейді дегендей, осы кештен түскен қаражатқа баспана сатып алдық. Осы қонысты бес баласымен тіршілік таршылығын татып жүрген Еркін Тәңірбергенов атты азаматтың отбасына табыс еткелі отырмыз", - деген Б.Имашев айтыстағы қарсыласы, өмірдегі досы А.Тұрсынбаева екеуі кілтті салтанатты түрде үй иелеріне табыс етті.

Журналистерге берген сұхбатында пәтер иесі атанған Еркін Тәңірбергенов: "Осы қуаныш көктен түскен нұрдай әсер етті. Кештің қонағы болыңыз деп билет берген. Үйлі боламын деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Елім, жерім деген қазақтың ақындарына алғысым шексіз. Толқып тұрмын, көздің жасы - көңілдің қуанышы", - деп тебіренді.

Шарапатты шара соңында Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев Талдықорған тұрғындарына концерттік бағдарлама тарту еткен төрт айтыскерге аймақ басшысы Амандық Баталовтың Алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ, белгілі айтыскер Балғынбек Имашевқа Алматы облысының Құрметті азаматы атағы берілді. Тебіреніске толы сәтте Балғынбек бүкіл Жетісу жұртшылығына, алдыңғы буын ағалары мен шәкірттеріне, аяулы анасына арнайылап алғыс айтты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

"Жетісу"