ҚАЗАҚСТАН - АЛМА МЕН ҚЫЗҒАЛДАҚТЫҢ ОТАНЫ

Уақыты: 26.04.2019
Оқылды: 11945
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында Алматы апорттың отаны екенін және оның Алатаудың баурайында өсетінін мақтанышпен айтты. Оған қоса, қызғалдақтың отаны да қазақ елі екенін, ол гүл Шу, Іле тауларының етегінен бүгінгі күнге дейін бастапқы күйінде сақтала отырып, бүкіл әлемге таралғанын баяндады. Оны бүгінде біз ғана емес, әлемнің азуын айға білеген, мүйізі қарағайдай ғалымдары дәлелдеп, Алатаудың баурайы алма ағашы мен қызғалдақ гүлінің алғашқы өсіп шыққан жері болғаны ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, мойындап отыр. Ендігі мақсат – түп-төркіні Қазақстаннан шыққан мол дүниені әлемдік тарих пен игіліктер қоржынына салу, оларды дәріптеу, оған халықтың сенімі мен қызығушылығын ояту, тарихқа жаңаша көзқараспен үңілу.

Белгілі ғалым Бэрри Джунипер «Алмалар тарихы» атты кітабында, ал ұлыбританиялық жазушы Кристофер Роббинс «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» атты кітабында алманың отаны Қазақстан екенін атап көрсетеді. Оксфорд университетінің биолог мамандары жаңа технологиялар арқылы алманың ДНК-сын зерттей келе, «Гэнни Смит», «Кокс орандж пиппинс», «Бромли» тәрізді алманың британдық сұрыптары да қазақстандық алмалардан таралғандығын мәлімдеген. Апорт алмасының тарихы жайлы деректерді саралай отырып осындай қызықты мәліметтерге қанық болғаным рас. Ал Романовтар әулетінің үш ғасырлық торқалы тойында алматылық апорт патшаның назарына ілігіп, құрметіне қарай «Александра» деп аталғанын кез келгеніміз білетін шығармыз. Апорт алмалары тек қана бізде емес, басқа елдерде, сонымен қатар, көрішелес қырғыз ағайынға да кең тараған. Бірақ өзіне тән дәмімен, иісімен ерекшеленетін – Алматының апорты.

Алманың құдіреті мен құрметтілігі соншалық, халқымыз бұл жемісті әдемілікпен, сұлулықпен байланыстырады. Қазақ әдебиетіндегі көрнекті ақын-жазушыларымыздың шығармаларында алма сұлулықтың символы ретінде қарастырылады. «Қыпша бел, алма мойын сұлу Баян, Сипаты жаннан асқан ол бір серім!» деген жолдар «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында кездеседі. Болмаса: «Жақсы қыз – баға жетпес бір гауһар тас, Он алты, он жетіге жеткенде жас. Жаннаттың пісіп тұрған алмасындай, Қол жетсе, қандай жігіт ләззат алмас», – деп Міржақып Дулатов «Бақытсыз Жамал» романында аруды алмаға өте әдемі теңеген. Ол аз десеңіз, жазушы Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесінде  алманың иісіне дейін сезінуге болады.

Бүгінде алма шаруашылығын дамыту мақсатында облысымыздың шаруалары әрбір гектардан 40 тонна алма жинайды. Соңғы төрт жыл ішінде 148 гектар алма бағы отырғызылды (оның 75 гектары Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген ауылында). Қазір облыс бойынша алма өсіруді қолға алған ірі және ұсақ 100 компания жұмыстарын сәтті жүргізіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, алма өсірудің жаңа технологиялары қарқынды қолға алынуда. Сонымен қатар, Елбасы өзінің мақаласында жер жүзіндегі 3 мың түрлі қызғалдақтың басым бөлігі біздің далада өскен қызғалдағымыздың «ұрпағы» екенін жазады және қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өсетінін келтіреді. Бұл тұжырымды ол отандық және шетелдік ғалымдардың деректеріне сүйеніп жариялағаны түсінікті. Басты мақсаты – бар байлығымызды дүние жүзіне жарнамалап, экспорттап, мемлекеттің бренді екенін көрсету. Мысалы, Үндістан үнді шайымен, Бразилия кофесімен, Голландия гүлімен әйгілі.

Иә, қызғалдақтың отаны Голландия мемлекеті дейтін стереотип қалыптасып кеткен. Алайда аталмыш елде бұл гүлдің ешбір түрі өспейді. Деректерге қарағанда жалпы Еуропаға қызғалдақ гүлі XVI ғасырда Осман империясынан жеткізіліп өсірілген. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың басында голландиялық мамандар Шымкенттің Сарыағаш тауларында өсетін қызғалдақ гүлінің тұқымын алып кеткен (академик Рақым Оразалиевтің дерегі бойынша). Жан-жақтан қызғалдақ баданасын сатып алып, өздерінің атақты брендін қалыптастырып әрі үлкен пайда тауып отырғаны жасырын емес.

2002 жылы Нидерланды корольдігіне жасаған ресми сапары кезінде Елбасы Н.Назарбаевқа сол елдің ханшайымы Беатрикс ханым қызғалдақ жайында ағынан жарылып, былай депті: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ, Қазақстанды Нидерландымен байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Бұл гүл осылайша Нидерландыға кең тарады. Гүл саудасында да ол ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі нидерландықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары». Сол үшін сіздің елге қарыздармыз», – депті.

Алма болсын, қызғалдақ болсын, олардың түрлерін көбейтіп, сапасын жетілдіріп, әлемдік нарыққа төтеп беретіндей қазақстандық бренд қалыптастыру қажет екенін Елбасы айқындап берді.

Мақаланы басынан аяғына дейін оқып шыққанша әрі осы бағыттағы ізденіс жолында бойымды мақтаныш сезімі кернеп отырды. Біздің бабаларымыз қандай болған?! Олар ұшы-қиырсыз кең далада көшіп қана жүрмеген, үлкен білім, парасат иесі болған. Мал бағуға емес, ең әуелі білімге, ғылымға ерекше мән берген. Жоғары технологияны меңгере білген.

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы – еліміздің халықаралық беделін нығайтуға, қазіргі заманның мәдениеттерін өзара жақындастыруға және байытуға зор үлесін қосатын ауқымды жұмыс. Мақаладағы тараулардың барлығы өткен тарихымызды тірілтіп, ертеңімізді еңселендірер рух сыйлайды.

Тұңғыш Президентіміз әлем жұртшылығын дала өркениетінің мәдени және тарихи мұрасын зерттеуге қатысуға шақырып отыр. Төл тарихымыз бен мәдениетімізді жіктей келе, тарихи сананы жаңғырту үшін 6 бірдей жоба ұсынылған: «Архив – 2025», «Ұлы Даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» және «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі». Бұл – қазақстандықтардың рухани баюына, Рухани жаңғыруына арналған екінші қадамы деп есептеймін.

Тарихты қайта жаңғырту арқылы мәдениет пен дәстүрді жетік меңгерген ұрпақ сабақтастығы қалыптасады. Рухани жаңғыру үдерістері барымызды бағалай білуге, теңдесі жоқ құндылықтарымызды құрметтеуге үйретеді. Тәуелсіз Қазақстан әлемдік қауымдастықтан тарихи үлес салмағына сай лайықты орнын алды. Тарихи және рухани сананы жаңғырту жолында келешекке дұрыс бағыт-бағдар алуға мүмкіндіктер пайда болып, сәтті қадамдар жасалатыны сөзсіз. Біз рухани байлығы мол, экономикасы өркендеген жарқын болашаққа қадам басып келеміз.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА

Ескелді ауданы

Суреттер ғаламтордан алынды