БЕРЕКЕ - ІРГЕҢНІҢ БҮТІНДІГІ (тілші тебіренісі)

Уақыты: 01.05.2019
Оқылды: 1877
Бөлім: ТҮПСАНА

Мынау ғазиз топырағыңның иісін маңдайыма нұр қылып тарттым, туған жер! Мынау алып далаңның жусанын мойныма жыр қылып тақтым, туған жер! Анау асқақ тауларға еліктедім – ер атандым, анау жұпар гүлдерге серік болдым – көл атандым! Құшағымды аштым көпке баба мінез бойға сіңген, құрбан еттім бірлік үшін дүниенің майдасын мен! Сол бірліктен тыныс алып аң мен құс та, адам біткен, татулыққа таңғажайып жол ашуда ғалам күткен. Кеңістікте бүр жарады бір ізгілік сондай тәтті, көрсем менің көзім шықсын бұрын-соңды мұндай бақты!

Әлем сұлу, айнала нұр. Аспан тұнық. Түн бейпіл. Арайлап таң атулы. Татулық жыры көпке таратылды. Байлықты жерден мирас деген қазақ, ал бақыт ше? Ол – татулық! Тамыры тарихта. Өткеннен түбі бастау алатын-ды. Ол, тіпті, бір жап-жарық нұр секілді: түнекті, жарған түпсіз қара түнді.

Рас, бірлік – даңқтың шежіресі. Жемісі алып ойдың, «дәмі» балғын. Тірліктің түбі болған бірлік еді ол, қасиетін содан біл де танып алғын. Тарихқа үңіліңіз, ақиқат-дүр. Күлтегін Мәңгілік Ел құру үшін береке болсын деді ер жолдасы, ұйысқан қағанат еді сондағы жұрт, жоғары болмап па еді елдің бәсі?!

Хан Шыңғыс нұрлы етті ме дала таңын, жайды да Тәңірге атап алақанын. «Елімнің игі ет, – деді, – ісін оңдап». Құшағына алды сөйтіп түркі жұртын, бауырына басты бауыр – балапанын! Өсиет еді оның бірлік – аты. Ұлыста ұлт болды аян – бір мұраты.

Ғасырлар өткерді шын сан ғапылды, уақыт та берді талай ханға сынды. Опасыз хан да өтті, кетті бәрі, білетін бірлікті үзіп лаңдатуды. Тек қазақ деген ұлттың сабыры – алтын: алдыңды жарқыратар таң да туды. «Тәуелсіз Қазақстан» деген атпен тасқа ойып жаздың жұртым мәңгі атыңды!

Бабадан жеткен тонның жағасы аман – бүтін іргең! Ырыстың алды ынтымақ – қасиетің. Қазақта бір қасиет бар десе оны, тағы өсиетім, ол жалғыз қоңырлығы берекесі, ол тағы тәубе ететін ұл мұраты – мәңгілік бас иетін.

Береке – көздің жасы алқып шыққан. Береке сөздің басы – бабадан сарқытты ұққам! Мен  оны уыстағым келетіндей, мен оны ту ұстағым келетіндей. Әйтеуір, жүрем соны келешек деп, бір шыбық – орман болмас, бір түйір – қорған болмас, бір уық – ордаң болмас, бағасын біле бергін сен есептеп?!

Тәубе де, тамырлымыз, тін мызғымас! Арманым бар әлі де айтылмаған жүз құлаш!

Мұхтар КҮМІСБЕК