Ақынмен жүздесті

Уақыты: 03.11.2016
Оқылды: 1908
Бөлім: ТҮПСАНА

Талдықорған қа­ла­сын­дағы № 3 Д. Рақышев атын­дағы қа­зақ мектеп-интер­на­тының 7-сыныбында «Ру­ха­ни тұлға» атты тақырыпта қалалық ардагерлер ұйы­мы­ның кеңес мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мү­шесі, танымал ақын Кен­же­хан Рақышпен кездесу кеші өт­кізілді.

Сынып оқушылары Кенже­хан ағаны мектеп-интер­на­ты­ның ауласынан қарсы алып, іс-шара өтетін сыныпқа қуа­ныш­пен алып келді. Кездесу кешін­де оқушылар Кенжехан ағаның өмірбаянына шолу жасап, «Ақын өлең жазады», «Көңіл», «Дәуір тынысы», «Еркіндік», «Амандық», тағы басқа да өлең жолдарын мәнерлеп оқып, өз­дерін толғандырған сұрақтарын қойды. Әсіресе, «Барлау», «Байып­тау», «Бағдарлау» атты кітаптарының тақырыптары неліктен бір-біріне ұқсас екен­дігіне қызығушылық танытты. Оған Кенжехан Мұста­ға­ли­ұлы­ның берген жауабын ықылас-ынталарымен тыңдады. Кеш со­ңында Кенжехан аға оқу­шы­лар­ға аталық ақ батасын берді.

Маржан ХАЛЫҚОВА,

Д. Рақышев атындағы мектеп-интернаттың ұстаз-тәрбиешісі.

Талдықорған қаласы.