БАЛАҢЫЗ БАТЫРЛАР ЖЫРЫН ОҚИ МА?

Уақыты: 07.05.2019
Оқылды: 1645
Бөлім: ТҮПСАНА

Әр елдің әскери әлеуеті мемлекеттің алғашқы құрылу тарихымен сабақтасып жатады. Іргесін бекемдеген ел азаттықта алаңсыз өмір сүру үшін әскери саланың ұтқырлығына ден қояды, тәуелсіздігін тегеурінді қорғау үшін тұрақты әскерін түзеді. Арғы-бергі тарихты парақтасақ, осы пайымнан бұра тартқан бірде-бір томпақ жүйеге кезікпейсіз: тағдырлы жолда ту көтерген барлық ел ең алдымен әскерін жасақтап, қауіпсіздігін нығайтыпты. Осындайда бүкіл елдің абыройын арқалаған, мемлекеттің даңқын дәріптеген, Отанына адал, қайсар рухты, әскери әдіс-айлаға жетік, денсаулығы мығым, барлық дабылға дайын, бес қаруы бойында тұратын үлгілі сарбазға бүгінгі буын қаншалықты еліктеп жүр деген заңды сауал туындайды. Біз бүгінгі шағын «шимайымызда» көне тарих пен тәуелсіз Қазақстанның жауынгерлік рухы жөнінде өз қисынымызбен қалам сілтеп көрдік.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихы тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытпен тікелей байланысты десек те, арғы дәуірлердегі жауынгерлік шеберлігімізді шет қоюға құқығымыз жоқ. «Алып Ер Тоңға келеді, Жүз мың әскер ереді, Жүз мың жебе кереді», – деп өрілетін көне эпостық жыр жолдарын былай қойғанда, бертіндегі Исатай, Махамбет, Кенесарылардың өзі көзсіз ерліктер жасап, қазақтың жауынгерлік рухына ұшқын берді. Он тоғыз жыл тақта отырып, елдіктің туын желбіреткен Білге қағанның өзі сан мәрте қол бастап, жау жасағын жеке-жеке талқандаған. Тарихи деректерде көне түріктердің толағайлары Елтеріс 47 мәрте жорыққа аттанып, 20 шиеленіскен шайқасқа қатысса, Күлтегін 13 қанды қақтығыста ерлік көрсетіп, 25 рет жер қайысқан жау әскеріне қарсы қол бастағаны айтылады.

Қазақтың жауынгерлік рухы бабадан жеткен батырлар жырында жатыр. Алпамыс пен Ер Тарғынға, Қамбар мен Қобыландыға арналған қай жырды алып қарасаңыз да, қазақ халқының әскери машығын, жекпе-жекке шығу дәстүрін көресіз. Мұндағы әдеби көркемдік тәсілдер ертегі емес, керісінше, батырлардың ерлік істерін ерекшелеп көрсету мақсатында қолданылған деп түсінуіміз қажет. Қазақтың әскери саласында «қаша ұрыс салу», «диірмен», «тұлғама», «ай қораланды», «көз алдау» секілді соғыс әдістері сақталған. Бұлардан бөлек дараланып тұратын әдіс әрі ерекше батырлықты паш ететін түрі – жекпе-жек. Бұл әдісті қолдану қантөгісті азайтады әрі нағыз білек пен жүректің күштілігін көрсетеді. Мұндай әскери әдісте жеңіске жеткен сарбаз батыр саналып, халықтың құрметіне бөленген. «Тұлғамада» қазақ жауынгерлері жау әскерінің ту сыртынан шабуылдаған. Бұл әдіс туралы көнедегі Бабыр бабамыз да көп дерек қалдырған. Ал «көз алдау» әдісінде шүберектен адам бейнесін жасап, бос аттардың арқасына бекітіп қойған. Жау бұл әдістің салдарынан әскер санынан жаңылып, үрейге берілген. Көшпелілердің әскери әдістерінің ішінде «ай қораланды» да, «диірмен» де шеңбер жасап, қоршауға алуды көздейді және садақшылардың күшіне жүгінеді. Тағы бір соғысудың танымал түрі – «қоян қашты»: қазақ жасағы жау әскерінен қорыққан болады да, үдере шегінеді. Жау әскері қуған сәтте қалай шашырап, бөлініп кеткендерін байқамай қалады. Нәтижесінде, тұтқиылдан шабуылдап, бөлшектенген жау көзін жояды. Бүгінде ғалымдар тарапынан әйгілі Аңырақай, Орбұлақ, Бұланты, Шұбаркөл шайқастарында осы әдістердің кеңінен қолданылғаны жайында нақты дәлелдермен жазылып жүр.

Әскери соғыс әдістері жайлы сөз қозғай қалсақ, Бауыржан Момышұлын айналып өту мүмкін емес. Мәскеу түбіндегі еңсесі түскен сарбаздарға рух беріп, Екінші дүниежүзілік соғыстың бағытын негізгі ошағына қайта бұрған батыр бабамыз бүкіл сарбазымен жау қоршауын бірнеше мәрте бұзып шықты. Бауыржан Момышұлының батальоны бас-көзсіз қашпай, шегіне отырып шайқас жүргізгенін, сол арқылы бүкіл одақ жауынгерлерінің рухын оятқанын тарихтан білеміз. Бұл әдіс Бауыржанның шиыршығы деген атпен тарихқа еніп, жан-жақты зерттелді. Өмірінің кейінгі жылдарында әскери оқу орындарында өз әдісі жайлы дәрістер оқып, ғылымға енгізді. Бауыржанның қанды шайқаста қолданған әдіс-тәсілдері қазақтың батырлар жырымен сабақтасып жатқаны сөзсіз. Өйткені, даңқты ұл қаршадайынан халық ауыз әдебиетімен сусындап өсті.

Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінде үш армия, төрт өңірлік қолбасшылық қызметі бар. Қазақстанның әскери саласының даму қарқыны жоғары: әлемдік деңгейде өз орны қалыптасқан, шеберлігі жағынан алпауыт елдерден кем түспейтін әлеуетке ие. Жуырда ғана Мемлекет басшысы «Айбалта – 2019» әскери жаттығуына қатысып, Қарулы Күштердің басты міндеті тәуелсіздікті қорғау екенін айтты. Бұл орайда әрбір Қазақстан азаматының бойында отансүйгіштік қасиеттің алаулап тұрғаны маңызды. Ал Отанын сүюдің алғышарты тағы да халық әдебиетінде, батырлар жырында жатыр дегіміз келеді.

Кейінгі толқынның балалығын білмейміз ғой баяғы. Ойынның ортасында жүрген жоқпыз. Бірақ тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында өткен біздің балдәурен шақтың өзінде: «Сарбаз боламын!» – деген сөзді еміс-еміс қана естідік. Көп шуылдақтың ішінде бірді-екілісі ғана қару асынған жауынгерлерді үлгі тұтып, арманына қанат бітіріп жататын. Ал көше-көшеге бөлініп, тілік тақтай мен темір үзінділерін Калашников автоматының үлгісіне салып, атыспақ ойнау ХХ ғасырдың қойнауында түбегейлі қалып қойғандай. Өйткені, қазір қай қиырға барсақ та, көшеде шаң қапқаннан гөрі кеңседе компьютер арқылы онлайн «атыспақтарды» ойнап отырған балаларды байқаймыз. Бұл, әрине, өкінішті жайт, ары-беріден соң мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін рухани қасірет.

Әр бала әскери боламын деп армандаса – отаншылдық рухтың өшпегені. Тәуелсіз Қазақстанның тегеурінді, рухы мықты ұрпағы өссін десек, тарих қойнауында жатқан бабалар ерлігін, әскери күш-қуатымызды, соғыс әдістерін қайта қарап, насихаттауды жолға қойғанымыз абзал. Әсіресе, Алаш әскерінің құрылымдық жүйесі өз алдына зерттеуді қажет ететін тың тақырыптардың бірі. Алаш әскерінің Кеңес армиясына қарсы соғыстарда ерлік көрсеткені, бірнеше қоршауды бұзып-жарып шыққаны кейінгі буынға тағылым емес пе?! Ал Әлихан Бөкейхан Алаш әскері қатарына кіру үшін әрбір ер адамға «ұлт үшін тіленіп тұрған-тұрмағандығын» басты талап етіп қойғаны тіптен маңызды дерек. Демек, қазақ әскерінің тарихын түгендеу отаншылдық сезім мен жауынгерлік рухты оятуда үлкен маңызға ие.

Қуаныш ТҰНҒАТАР