ГАЗЕТТІ ЖАБУ – ОҢАЙ, ЖАСАУ – ҚИЫН

Уақыты: 18.05.2019
Оқылды: 2311
Бөлім: ТҮПСАНА

– Біздің ойымызша, өз бетімен шығынын жаба алмайтын газеттердің бірсыпырасын «Ақ жол» құсатып жабу да теріс болмас еді. Мысалы, «Бостандық туын» алсақ, ол губернияда «Еңбекшіқазақ» үш мыңға жуық тарайды. «Бостандық туының» өзінікі де содан артпайды, «Тілші» сияқты газеттердің шыққан-шықпағаны белгісіз. Осы сықылдыларды баспасөзді не жабатын, не қалатын қылу керек, – дейді Ерғали Алдоңғаров «Еңбекшіқазақ» газетінің 1926 жылғы 5 мамыр күнгі санындағы «Алдағы күннің міндеттері» деген мақаласында.  Ілияс Жансүгіров Алдоңғаровтың газеттерді жабу туралы пікіріне бірден қарсылық білдіреді.  Айтпаса сөздің атасы өлетінін білетін «Тілшінің» тілшісі газеттердің қоғам өміріндегі беделін арттырудың орнына қаржылық шығынды желеу етіп, басылымды жауып тастауды көздеген әріптесіне «Алдоңғарұлының пікірі ағат» деген қарама-қарсы мақала жариялайды.

«Еңбекшіқазақ» газетінің 1926 жылғы 6 маусым күнгі санында жарық көрген бұл мақала бұрынғы «Тілші», бүгінгі «Жетісу» газетінің тоқтаусыз шығып тұруына «қорған» болған. Журналист өз мақаласында Алдоңғарұлының сөзіне үзілді-кесілді қарсы екенін білдіріп, бірден ашық айқасты бастайды. «Біздіңше, губернияларда көп жылдан бері шығып, қолданып, буындары қатқан газеттерді жабамыз деуі – өте адасқандық. Газетті жабу оп-оңай, жасау қиын. Олардың орнына «Еңбекшіқазақты» қалдырамыз деу – губерниялық газеттер мен орталық жетекші газеттердің  өрісін, оқушысын, міндетін түсінбегендік», – деп Алдоңғаровты алған  бетінен қайтарып тастайды. Одан ары «Республикалық орталық газеттер – Қазақстандағы барлық  жұмыстарға бағыт беріп отырушы. Әлеуметтік жұмысты ұйымдастырудың бағдаршамы. Партия газеттер арқылы өзінің жұмысына халықты бағыттап, істерінің қорытындысын шығарып отыра алады», – дейді ол  партия газетті  қамқорлығына алса деген ниетін нақтылай жеткізіп.

Газет – төртінші билік. Мақалада Ілияс өкімет мақсат-міндетінің  іске асуына газеттің  ықпалы зор екенін жетесіне жеткізе айта білді. Ілиястың бұл сөзі – газетті жапқызбай алып қалудың  амалы  еді.  Мақаланың соңында қаражат үнемдейміз деп газетті жабуға құлшыныс білдіргендерге өз ұсынысын былай жеткізеді:

– Губерниялық газеттерді жабайық дегенше, жамайық дейік, жаңаларын шығарайық. Шыққандарын шынықтырайық! «Бостандық туы», «Тілші» газеттері нашар болса,  партия орындары, «Еңбекшіқазақ» көмектесіп,  оңалтудың жолдарын көрсетейік. «Еңбекшіқазақ» Сырдарияда шығады, ол өңірге сол да жетеді деу де – қате. Ол губернияда да бір шаруа газетін шығару керек. Газеттерімізді  нашар десек те, олардың атқарып отырған жұмыстары, жұртшылықты түзеуге сіңіріп отырған, қара халықты тәрбиелеп, мәдени тілектерін өсірудегі маңызы, тындырғаны өте көп. Солардың арқасында өсіп келеміз, партия тамыры ауылға жайылып келеді, – деп  газетті қысқартсақ дегендердің пікіріне осылайша біржолата тойтарыс берді.

Ілияс Жансүгіровтің газеттерді сақтап қалудағы табандылығы, баспасөздің маңызын түсіндірудегі біліктілік пен қайсарлығы, сөз саптауы, әр қаламгердің басын игізеді. Ол бүгінде қит етсе, «газет шығынды өтей алмайды, жабу керек, ғаламтор бар ғой» деушілерге үлгі болуы керек. Ғаламтордағы мақала газеттің мақаласындай ауыр жүкті көтере алмай жатады. Шалғай ауылдарда ғаламтордың болмайтынын ойласақ, газетті жабу, ақпарат күткен ауылдағы ағайынға жасалған қиянат. Мониторға көз талдыру мен қағазды парақтап оқудың арасының жер мен көктей айырмашылығын да ұмытпауымыз керек. 

Ілиястың журналистік ұстанымын жоғары бағалаған баспасөз өкілдерінің ұстазы Темірбек Қожакеев: «Ілиястың жүйрік журналист, баспасөз сыр-сипатын жақсы игерген қаламгер болғаны анық. Әрбір ағат пікірді аңғара біліп, оның терістігін түсіндіре, қоғам пайдасы үшін түзете қоюға, ол жөнінде сындарлы да әділ пікір айтуға даяр тұратын ел ағасы болғанын байқаймыз. Бұл – Ілиястың ірілігі», – деп баға берген еді Ілияс Жансүгіров жайлы жазған «Ірілік» мақаласында.

Құлагер ақын «Тілші» газетінде жүргенде тағы бір ерекше жағдай орын алады.  Қарымды қаламгер онда да журналистиканың туын тік ұстап, газетті қолжаулық қылғысы келген арызқойлардың ойына тойтарыс беріп,  баспасөздің ел көлеміндегі мәселелерді көтеретін дәрежесін айқындап, айтып береді.

Жағдай былай болған. Сол 1922-1930 жылдар аралығында партиялық қызметке көтерілу үшін талас-тартыс жаппай белең алады. Билікққұмарлыққа ол кезде «партияшылдық» деп айдар тағылады. Хакім Жамбайұлы атты оқырманнан ел арасында қызметке таласу, мансапқұмарлық, бәсекелестіктің салдарынан ауылдастардың бір-бірімен араздасуы шектен шығып бара жатқандығын жазған арыз хат келіп түседі. Ілияс арыз хатты газетке жарияламай қояды.  Содан арызқой Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетіне «Не ойлағаны бар?» деген мақала жазады. Шағым иесі: «Талдықорған уезінде  партияға бөліну, жік өріс алды. Бұл туралы «Тілшіге» талай жаздық.  Сонда отырған найман өкілі Ілияс баспайды. Оның не ойлағаны бар?! Партиягершілік елдегі шолақ етектердің бақталасынан орын пайда болды», – деп жазған.

«Ақ жол» редакциясы бұл шағым хатты алған да, тағы да «Тілші» газетінің редакциясына қайтарып салады.  Бұған Ілияс газет бетінде «Ойлағаны мынау» (27.11.1923)  деп жауап қайтарады. «Бұл белгілі. Тиісті орында мұнымен шұғылданған да, қаулы да алған. (Қаулы 1923 жылдың 10 айында шығарылған). Ол баспанашыл, көжеге өкпе, ру қорғау, мансап бәсеке, авторитет құмаршылық. Біз Талдықорғандағы топшыл текешіктердің таластарының жайын жақсы білмейтіндіктен екі жағынан да  келген материалды газетке баспадық. Оның себебі, бірінші – бассақ, өршіген пәле-жала, тұтанған өрт өршімесе,  өшпейтін еді. Екінші – жікке  араласпай басын таза ұстап, қалыс отырып жазған адамның материалы  бізде жоқ.  Ағайынсып, ақтан сопы болып отырған Жамбайұлының өзі топ-жіктің қақ ортасында. Үшінші – газет  жалпы халықтың төрешісі, өкіметтің жазу қайраты, әлеумет жұмысының қадағашы. Ол қазақтың ескіліктің сарынымен жүрген қуларының домалақ арызының қолтоқпағы емес. Сондықтан, көзіміз жетіп отырған сасық таласқа, ит ырылдар бақан салдысына газеттің бетін былғамадық. Ал Жамбай баласы, өзің айтқан «бақталастық» саяз сайқалдық сендей басы-қасында отырған адам тындыра салатын іс. Газет жүзінде құрғақ данышпансып, өзің өшіре алмайтын пәлені әулиесіп өрбітудің керегі жоқ. Сен ұйғарған ауыл-аймақ «айтысынан» «Тілші» басқармасы аман. Басқарманың көздегені  әлеумет пайдасы, халық қайғысы, домалақ қағаз, партиягершілік, сұрқиялық тамырының құруы, таңдайын сауған мысық қамқорлардың рушылдық, қайын-қайнағашылдығы емес, ел мұңы, ел шаруасы, әлеумет бағыты», – деп  келіп  сөзінің соңын «басқарманың ойлағаны  осы» деп аяқтайды.

Ілиястың «Ойлағаны мынау» мақаласы бүгінгі журналистердің де бағытын тағы бір қайтара айқындап беретіні сөзсіз. Ілияс – мамандығының да қорғаны бола білген жан. Бүгінгі тілмен айтқанда журналист этикасын бір кісідей сақтаған  тілші екеніне көз жеткізіп, үлкен-кішіміз түгелдей үлгі етеміз. Шағын ғана мақаладан  Бейімбет Майлиннің  “Ілияс ызалана да жазады, күлдіре де жазады, күйіндіре жазады” деген сөзінің төркініне бойлаймыз. Журналистиканың намысы  оның жанды жері екені аңғарылады. Пікір таластырғанда  Ілияс қарсыласын түйдек-түйдек сөзбен алып та, шалып та жығады. Газетке адалдығы оның жазбалары мен  іс-әрекеттерінен байқалып тұрады. Адалдық  қадағашы.

Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік екені  осы екі мысалдан-ақ аңғарылады. Қазақ баспасөзінің ақтаңгері Ілияс Жансүгіров біздің, яғни, «Жетісу» газетінің бағыты мен ұстанымын сол жиырмасыншы жылдардың басында қалыптастырып берген екен. Ол туралы тарихи деректерді ақтарғанда көз жеткіздік. Газет 1918 жылы 21 маусымда «Жетісу ісші халық мұхбыры» деген атпен шығып, қызылдардың жаңа идеологиясын насихаттайды. Кейіннен 1922 жылдың 18 тамызынан басылым аты «Тілші» деп өзгертіледі. Ал, 1963 жылдан «Жетісу» деген атты иеленеді.

Сол 1921 жылдан бастап газет ұлт мүддесі үшін жұмыс істей бастайды. Басылымда «Қаптағай», «Тана баласы», «Қ.Найманский» деген атпен ұлттың мүддесін қорғаған мақалалар шыға бастайды. «Тана баласы» деген Ілияс деген болжам шындыққа жанасады. Себебі, Тана Ілиястың үлкен аталарының есімі. «Қ.Найманский» деген де құлагер ақын деген болжамның «жаны» бар. Себебі, Ілиястың шын есімі Қызырілияс дегенді тарихшылар жиі айтып жүр. Сол жылдары еңбекшілердің жалаң ұраны мен жиынның қаулылары сиреп, басылым ұлттық бағытқа қарай ойысады. Ілияс Жансүгіров  көп ұзамай  апталықтың әдебиет және мәдениет бөлімін басқарады. Ілияс Жансүгіров 1928 жылы өзі туралы жазған «Өмірбаяным» деген қолжазбасында: «1923 жылдың басынан «Тілші» газетінің бір жазушысы болдым. Менің қалам қызметіне айналысқаным осы 1923 жылдан, «Тілшіде» мақала, оқшау өлең жаза бастадым. Сол «Тілшіге» күні бүгінге шейін жазып тұрам», –  деп басылымның белсенді  тілшісі болғандығын жазады.

Сонымен, «Тілшіде», яғни, «Жетісу» газетінде тағы кімдердің мақаласы жарық көрді, нендей мәселелр көтерілді, қандай жанрлар қалыптасты деген сұрақ төңірегінде сөз қозғасақ. Қаптағай есімді журналист: «Жетісуға оба келді. Кеселханаға барып айтыңыздар», – деген тақырыпта көпшілікті қатерлі кеселден сақтандыру барысындағы мақала жазыпты. Мұнда оба кеселінің белең алып бара жатқаны, оны ауыздықтамаса халықтың қырылу қаупі бар екенін шырылдап, жанайқайымен жазады.

Сәкен Сейфуллиннің «Азия» атты өлеңі де осы жылдары «Тілші» газетіне басылған. Ораз Жандосовтың мақалалары да жарық көрген. Сол жылдары «Бостандық торы» деген ертегі өлең басылады. Авторы – Мағатжан. Мақаланы жазған Мағжан Жұмабаев деген болжам бекер емес. Себебі, бұл Алаш атқамінерлерінің пікірі «Тілшіде» тоғысқан кез еді. Басылымдағы мақала-өлеңдерден қазақ зиялылары ой-арманы, мақсат-мүддесі байқалып тұрды.

І.Жансүгіров “Мен қа­лай жаздым?” мақаласында: «Әдебиеттің күлкі, сықақ түрі де бізде өспеген-өнбеген нәрсе. Менің осыған да ыңғайым бар. Менің фельетондарым, сықақ өлеңдерім – біздегі жоқ әдебиеттің сықақты түрін ту­ғы­зу­ға істеп жүрген қызметтерім... Фелье­тонның жаңа түрін, үлгісін қазақ баспасөзіне кіргізуге біраз қызмет қылып келемін», – дейді.

Ілияс сықақ, фельетон жанрына да  көп қалам тартады. Кей жағдайда белгілі бір адам жайлы мақала жазу үшін оның аты-жөнін атамауға тура келеді. Сондайда журналистика сатираны қару еткен. Басылымда жүріп, қолына билік тисе, жан-жағындағыларды қырып кете жаздайтындарды сынға алады. Мысалы, «Төрешілдіктің түрлері» атты сықағында бюрократ басшылар жайлы: «Үлкен кабинеті болады. Ішінің бәрі іліп тасталған көсемдердің суреті болады. Бір жерінде өз суреті де ілулі тұрады. Қызылды-жасылды шұғамен шырмап тастаған қаракүрең үстелі болады. Есігінің сыртына “докладсыз кірме” деп жаздырып қояды. Өзінен-өзі бөртіп, кеудесін көтеріп отырады. Анда-санда әрең илігіп қол астындағы жампаң-жорға қызметкерлердің қағазына қабағын түйіп қол қояды. Болмаса, өзінен-өзі шала бүлініп, үстелге артылып, телефонға шатылып шаңқылдасып жатады. Осындай қылығымен жұмысы боп кір­гендердің жүрегін шаяды. Кісіге сөй­лес­песке бұл да бір әдіс болады», – деп қарамағындағыларға шекесінен қарайтын өр кеуде басшыларды сынға алды.

Журналист – қоғам қайраткері. Басылым әлі күнге Ілияс Жансүгіров және қазақ зиялыларының салған жолымен шығып келеді. Газет – ұлттық рухты көтеретін, халықты  мәдениет пен парасаттылыққа тәрбиелеу барысында жұмыс істеп келеді. Елді бірлік пен татулыққа шақыра отырып, мемлекеттік саясат пен шығармашылықты қатар тізгіндеуде. Газет –  елді өркениетке тәрбиелей алатын жалғыз құрал. Мақаланың тоқетерін Ілиястың барша халықты адамдыққа тәрбиелейтін: “Хақ сөйле, қызыл тілім, адал сайрап, Тапсырдым бар ойымды саған арнап. Көңілім, арам ойлап алаңдама, Алмаққа біреуді алдап, біреуді арбап”, – деп өзіне серт берген «Өзіме» деген өлеңімен аяқтамақпын.

Гүлжан ТҰРСЫН