Сегіз қырлы, бір сырлы

Уақыты: 07.11.2016
Оқылды: 2947
Бөлім: ТҮПСАНА

«Сүйер ұлың болса, сен сүй...» деп жан-жақты дарын иесі Сағатбекті айтсақ жарасады. Мұғалім болам деген ойым тұрмақ қаперіме де кірмеген. Мектептің төменгі сыныптарында оқып жүргенде-ақ көркем әдебиет оқуға құмар болдым. Көп оқығаным себеп болды ма, өзім де өлең жаза бастадым. Жазғандарым аудандық, облыстық басылымдарда жарияланып тұрады. Қаламгер болуды армандадым. Мектеп бітіргеннен кейін ҚазМУ-дің журфагына құжат тапсырып, қабылданбадым. Журналист әйел адамдарға қол емес, қиын саналатынын кейін білдім.

Әдебиетке деген құштарлық ҚазПИ-дің (қазіргі ҚазҰПУ) филология факультетіне жетеледі. Екі жылдық еңбек өтілімен оқуға түсіп, 1968 жылы ойдағыдай тамамдадым. Жолдамамен бұрынғы Кеген ауданының Қарқара мектебіне мұғалім етіп жіберді. Ұстаздық жұмысыма қалай кірістім, бұрын ұнатпайтын осынау мамандық санамда басқаша сипат ала бастады. Қызу қарбаластан, асығыстан ғана тұратын өмірдің басқа бір ағысына түсіп кеткендеймін. Қас-қағым сәті санаулы қырық бес мөйнеттен тұратын мамандығым уақыттың, өмірдің соншалықты қымбат екенін, сондықтан әр секундты төгіп-шашпай кәдеңе жарата білу қажеттігін сезіндіргендей. Әр сыныпта қаншама қарадомалақ болашағым сіздің қолыңызда дегендей үмітпен қарайды. Осылардың азамат болып қалыптасуына теңізге тамған тамшыдай болса да септігімді тигізуді төл міндетім санадым. Сонымен жұмысыма кірісіп те кеттім. 
Оқу кестесі бойынша өткен 6 «а» сыныбындағы алғашқы сабағым әлі есімде. Оқушыларға жазғы демалыс­ты қалай өткізгендері туралы сұрақ бердім. Ортаңғы қатардан бидай өңді, жанарынан ой сілемдері байқалатын сүйкімді бала қол көтерді. Рұқсатымды күтіп-ақ отыр екен. Орнынан көтеріліп, тақта алдына шықты. Тосылып күмілжіген де жоқ, қысылып сасқалақтаған да жоқ, жазда не істегенін емін-еркін әңгімелей жөнелді. Оқыған әдеби кітаптарын атап, олардың мазмұнын  әңгімелеу­ді де ұмытқан жоқ. Сөйлемдерді тиянақты құра білетіні, ойын еркін жеткізетіні риза еткен. Бұл Медеубеков Сағатбек деген оқушы еді. 
Сегізінші сыныпта Сағатбек өлең жаза бастады. Алғашқы өлеңін маған көрсетті. Тырнақалды туындысына біршама сын айтып қана қоймай өлеңнің құрылысы, ұйқасы, буыны, бунағы, т.б. жайлы түсінік бердім. Үш-төрт айдан кейін ғой деймін, сыналған өлеңін оқып қуандым. Кемшілігін түзете білу де ақылды адамның қолынан келетін іс. 
Бала кезінен бір байқағаным – Сағатбектің өте тиянақтылығы, бастаған ісін өз көңіліндегідей етіп аяқтамай тынбайтын мақсаткерлігі. Алғашқы туындысы 9-сыныпта аудандық газет бетінде жарияланды. Жас талапкердің көпшілік назарына ілігуі оған үлкен жауапкершілік жүктейтіні рас. Сағатбек сол кезден бастап өлең жазуға мықтап ден қойды. Шығармаларының  алғашқы сыншысымын. Сын түзелмей мін түзелмейтінін ұққандай, сынды да дұрыс қабылдайды. Кейін мақала жазуға көшті. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ  аудан көлеміне ақын бала ретінде танылып үлгерді.
Сағатбек өне бойы тұнып тұрған өнерлі жігіт болып ержетті. Салған суреттері қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан туындыдан бір кем емес. Оныншы сыныпта оқып жүргенде әдебиет кабинетіне эпостық жырлардағы батырлардың суреттерін тарту еткені есімде. Домбыра да шертеді. Әртүрлі тақырыптық кештерде домбырамен ән шырқағанда табиғаттың оған дауысты да бергеніне тәнті боласың. 
Осылайша қаршадай кезінен дараланған Сағатбек Сабырбек атасы мен Рақыман әжесінің тәрбиесін көрді. «Асыл – асылдан, нәсіл – нәсілден» демекші, сол кісілердің өнегелік сипаттағы сөздерін санасына сіңіре білді. Үлкендердің алдын кесіп өтпейтіні, ауылдағы қарияларға арнайы сәлем беруге бұрылатыны да сондықтан. Көнекөз қарияларының тарихтың әр кезеңінен сыр шерткен «дәмді» әңгімелерін құлағына құйып алып, керекті жерінде кәдеге жарататын ерен ерекшелік иесі. 
Отан алдындағы екі жылдық әскерлік міндетін өтеп қайтқан соң Сағатбек ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсті. Сағатбектің көпшілдігін оның көпбалалы отбасынан шыққандығымен байланыстыр­ғым келеді. Өзін жақсы білетін әкесі Медеубек аға мен Сүйінбике тәтенің сүттей ұйыған татулығы, бір-біріне деген сый-құрметі отбасындағы тоғыз балаға тәрбие мектебі болғаны анық. «Ата-анадан өсіп ұрпақ тараған, жақсы-жаман болса, бала – солардан», – деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, Медеубек аға ұлдарының бойына адами қасиеттерді дарыта білген инабатты, ақылды адам еді. Балаларын аналық мейіріммен аялаған Сүйінбике ананың шебер әңгімешілдігі көпшілікті үйіріп алатын. Ата-ананың сол тәрбие­сі жұғымды болды деп есептеймін. Бүгінде алты ұлдың үлкені Тоқтасын Талғар ауданында жеке кәсібі бар үлкен отбасының иесі. Тоқтарбай Шелекте (Еңбекшіқазақ ауданы) инженер, Үсен осы өңірдегі орман шар­уа­шылығының бастығы. Еркін мен Асан Қарқарада шаруашылықтарын дөңгелентіп отырған кәнігі кәсіпкерлер. Қыздардың үлкені ертеректе көз жұмған. Ортаншысы Нұрлыхан балалары мен немерелерінің ортасында шалқып ғұмыр кешіп жатқан бақытты ана, әже. Кенжесі Әсемхан атына заты, ақылына көркі сай аяулы қыз еді. Мектеп бітіріп, қалаған мамандығына қол жеткізді. Тұрмысқа шықты. Өкінішке қарай, мына дүниеде татар дәмі ерте таусылды. Артында үш ұлы қалды.
Елін, жерін сүйетін ойлы азамат Сағатбекті толғандыратын мәселе көп еді. 1980 жылы бірінші курста оқып жүргенде-ақ  «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Мың сыр тұнған бір төбе» мақаласында 1916 жылғы ұлт- азаттық көтеріліске қатысушыларды айуандықпен қырғынға ұшыратқан жер – Ереуілтөбеге ескерткіш қою мәселесін көтерді. Бастамасы аяқсыз қалған жоқ. Бүгінде сонадайдан асқақтап көзге шалынатын ескерткіш жастардың патриоттық рухын көтеретін, ұрпағы үшін, болашақ үшін өмірлерін құрбан еткен батырларымыздың қаны тамған қасиетті мекен екенін айқайлап айтып тұрғандай.
Табиғатында адамның кім екенін тани білу, ол турасында дұрыс пікір қалыптастыру – әділдік, адамды бағалай білу – адамгершілік. «Адамгершілік – шындық» дейді халық даналығы. Осы тұрғыдан алып қарасаң,  өмірге деген көзқарастары ортақ, қоян-қолтық араласатын үлкенді-кішілі достарының көптігі, оларға қашанда дастарқанының жаюлы тұратыны Сағатбекті жақсы білетіндердің бәріне мәлім. Ғылым, өнер жолында жүр­ген бәлендей туыстығы жоқ, рухани үндестіктері жақындастырған адамдардың бәрінен қамқорлығын аямайтын. Бұл турасында таратып айтар болсақ, әңгімені ұзартып алармыз. Сондықтан ойымызды бір ғана мысалмен түйіндесек. Бұрынырақта Ғалымжан Серікбайұлы есімді жігітті Сағатбектің қасынан көргенім бар. Консерватория түлегі сирек кездесетін нағыз күміскөмей әнші екен. «Жақсыда жаттық жоқ», сол Ғалымжан Сағатбектің туған інісіндей болып кетті. Үлкен жүректі, алдына биік мақсат қойған азамат басқа елдерде тұратын қазақтардың әндерін зерттеу үшін Моңғолияға барып қайтады. Сол мақсатпен Өзбекстанға барған сапарынан оралмады. Суға кетіп қайтыс болыпты. Ғалымжанның қазасы Сағатбектін қабырғасын қайыстырды. Тумаса да туғандай болған інісін көпке дейін ұмыта алмай жүрді. Жиі еске алып отыратын.
Саяси көзқарастарының алшақ­тығына қарамастан Алтынбек Сәрсенбаевпен екеуінің достықтары кісі қызыққандай еді. Журналистика факультетінде бір топта оқыды. Осы кезеңнен басталған қарым-қатынас­тары достыққа ұласты. Сағатбек 40 жасқа толғанда Астанадан арнайы ұшып келіп, қуанышына ортақтасып, қайтадан ұшып кетуі араларынан қыл өтпестей татулықтарының белгісі болса керек. Мұндай үлкен құрмет Сағатбектің қадір-қасиетінің биіктігін де әйгілегендей. Алтынбектің қазасы Сағатбекті қайғыдан қан жұтқандай есеңгіретті. Жүрегіндегі досының орны қаңырап бос қалғандай болып, енді оны ешкімнің толтыра алмасын сезініп күйінді.
Сағатбектің тағы бір қасиеті – тағдыры ауыр жандарға ерекше қамқорлығы. Мұқатай Жылқайдарұлы деген дарынды ақынның есімін біреу білсе, біреу білмес. Ата-анадан жастай тұлдыр жетім қалған Мұқатай туыс аға, бауырдан да жұрдай еді. Жалғыз өмір кешті. Сағатбек бірде осы ақынмен кездейсоқ кездесіп қалып, танысып-біліскен соң оны үйіне тұрғызып, үстіне өз киімдерін кигізіп, қамқорлық танытқанының куәсі болған жайым бар. Машина қағып, мерт болған сол ақынды жерлеуді ұйымдастырды. Мұқатай Жылқайдарұлының өлеңдері мен поэмаларын жинақ етіп құрастырып, оқырмандарымен қауыштырады.
ҚазМУ-дің журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сағатбек Медеубекұлына проректор Д.Ж. Ахмет-Заки берген мінездемеде былай делінеді: «С. Медеубекұлы журналист ретінде танылған. 1992-93 жылдары «Жетісу» газетінде, 1993-97 жылдары республикалық «Ана тілі» газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет етті. Ол оқытушы-ұстаз ретінде де белгілі. 1997 жылдан журналистика факультетінде халықаралық журналистика кафедрасында аға оқытушы, доцент; 1999–2001 жылдары университеттің республикаға тарайтын «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы; 2001–2003 жылдары факультеттің магистратура жетекшісі; 2003–2006 жылдары М. Сералин атындағы әдеби-шығармашылық бірлестігінің жетекшісі; 2008 жылы қыркүйек айынан Баспа ісі және редакциялау кафедрасының меңгерушісі; 2014 жылдан журналистика факультетінің деканы қызметтерін атқарып келеді. С. Медеубекұлын көпшілік ғалым санатында да жақсы біледі. Оның көптеген ғылыми-танымдық кітаптары мен оқу құралдары және жүзге жуық ғылыми-публицистикалық мақалас ы жарияланды.
С. Медеубекұлы баспагер-редактор ретінде де танымал. Ол «Өнер» және «Ататек» баспаларында көптеген тарихи-танымдық, ғылыми-көпшілік кітаптар мен альбомдарға редактор болды. Баспа ісін меңгерген кәсіби маман ретінде қалыптасты. «Ауызша публицистика поэтикасы» деген тақырыпта диссертация қорғады».
С. Медеубекұлы жан-жақты дарын иесі. Оның  ғылым саласында да, журналистикада да қамтығаны, жинаған-тергені мол, қоржыны тоқ. Сағатбек бірнеше әндердің авторы. Мәселен, «Қарқара» әні (мәтіні өзінікі) 2000 жылы «Жаңа ғасыр, жаңа ән» конкурсында дипломаттанды. «Алатау» әні «Сорос Қазақстан» қоры мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның ұйымдастыруымен өткізілген  «Қазіргі қазақ әні» конкурсының жеңімпазы, «Шәкәрімнің толғауы» әні «Елім менің. IV республикалық патриоттық әндер» конкурсында бірінші орын иеленді.
Сағатбек – ізденімпаз ғалым. 1937 жылы «халық жауы» деген жалған жалаға ұшырап, атылып кеткен ақын, әнші, сазгер Қапез Байғабылұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, жарыққа шығарды. Бүгінде Қапез есімі еліміздің барлық аймақтарына танымал. Ғалымның ғылыми еңбектерін санамалап айтар болсақ, мына төмендегідей: «Ою хан мен Жою хан», 1994; «Сүндет той» –1993; «Сазды аспаптар сыры» – 1996; «Домбыра» – 1995; «Ақыл. Нақыл. Өсиет» – 1996; «Жетісудың күйлері» – 1998; «Жетісу әуендері» – 1998; «Бөлтірік Атыханұлы» – 2002; «Мейірман ақын Дәркембайұлы» – 2005; «Ою хан мен Жою хан» – 2006; «Журналистер ұшқан ұя» – 2004; «Қаламгерлер қанат қаққан» – 2009; «Ұлт сазгерлері ұшқан ұя» – 2014; «Басылымды редакторлық даярлау» – 2014; «Шешенсөз» – 2015 және т.б.
С. Медеубекұлының журналист ретінде ұйытқы болған толымды істері баршылық. Қапез Байғабылұлының, сондай-ақ, ақын Майлы Ормановтың есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында мектеп және көше аттарын берудің Алматы облысының Қаскелең ауданындағы «МТФ» деп аталатын ауылдың атын «Наурыз» деп өзгерту, Каменка ауылындағы қазақ орта мектебіне балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев есімін беру, Каменка ауданының атын Таусамалы деп өзгерту сияқты өзекті мәселелердің ұйытқысы болды. Жас телерадио қызметкерлерінің респуб­ликалық байқауын, Кадек Марашбайұлына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны, «Отан тарихындағы елдік және ерлік дәстүрі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастырып өткізді. Айта берсе, Сағатбектің ұйымдастыруымен өткен жұмыстар саналуан.
Ұстаз ретінде атқарған іргелі істеріне тоқталсаң, факультетте ұстаздар, студенттер мен баспагерлер бас қосатын «Баспа күнін» өткізуді дәстүрге айналдырды. Студенттердің «Менің ертегім» атты балаларға арналған ертегілер жинағын жыл сайын шығарып тұруға қол жеткізді. Журналистика факультетінің жанынан апта сайын шеберлік сағатын өткізіп тұратын «фотопублицистер клубын» ұйымдастыруға мұрындық болды.  
Әкенің қаны, ананың сүтімен дарыған адами жақсы қасиеттерге бай Сағатбек бүгінде үш баланың әкесі, үлкен отбасының отағасы. Үлкендері Гүлназ ҚазМУ-дің филология факультетінің магистранты. Мақсат консерваторияның дәстүрлі музыка факультетінде қылқобыздан сабақ береді. Ханкелді халықаралық қарым-қатынастар университетінің ағылшын тілін бітірген. Қазір консерваторияның төртінші курсында өнерді басқару, менеджмент мамандығы бойынша білім алуда. Сағатбектің өмірлік серігі Үміт жақсы жар, мейірімді ана ғана емес, өнегелі, кішіпейіл келін. Үйге бас сұққан жақын-жұрағат, дос-жарандарды күліп қарсы алатын көргенді келін. Текті жердің қызы. Жақсы әйел жігіттің бағы десек, Үміт Сағатбектің бағына біткен.

Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,
ҚР білім беру ісінің үздігі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.