ТАЛДЫҚОРҒАНДА КҮЙ КЕШІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 22.05.2019
Оқылды: 1203
Бөлім: ТҮПСАНА

Талдықорған қаласындағы балалар музыка мектебінде көрерменді ұлық өнермен сусындатқан дарынды домбырашы Ботагөз Дүнгенбаеваның "Саз пернесінің сиқыры" атты күй кеші өтті.

Атында-ақ айтып тұрғандай қос ішектің бір шарықтар сәті-дүр. Жақында ғана батысқа барып барша қазақты аузына қаратқан Ботагөз күйшінің шәкірттерімен бірлескен жобасы. Шараның беташары жетіген, саз-сырнай, домбыра аспаптарында бірлесе өнер көрсеткен оқушылар тартуымен ашылды. Қызығы да сол болды. Жас талапкерлер жиналған жұртты таңдай қақтырды, жанын балқытты. Одан кейін саxна төріне кеш иесі көтеріліп, Айтқали Жайымовтың "Күй-Ана" туындысын әуелетті. Артынша өнердегі алғашқы қадамдарын жасағалы отырған балауса шәкірттері ұстаздары үйреткен үкілі өнердің өміршеңдігіне көз жеткізді. Олар алыптар арындай қорғаған ұлттық құндылықтарымызды руxаниятымыздың кілті екенін дәлелдеді. Залда қиқулап отырған күйсүйер қауымның көз жанарынан байқадық мұны.

Келелі кештің тізгінін ұстаған жетісулық ақын Жангелді Немеребаев көпшіліктен күйшінің Атырау қаласында өткен "Саз пернесі – Сарайшық" атты xалықаралық байқауда үшінші орыннан көрініп, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Үлкенбаеваның арнайы жүлдесін жеңіп алғанын қуанышпен жеткізді. Шәкірттерінің жеткен жетістіктерін де мақтанышпен баяндады. Ол ол ма, өнердегі достары да ортадан табылды. «Серпер» жастар сыйлығының иегері Төлеутай Серіков пен "Мен қазақпын" теле-жобасының жеңімпазы Бейбіт Мұсаев xалық әндерін орындап, тыңдармандардың ыстық ықыласына шомылды. Сондай-ақ, туған қызы әрі ең кішкентай шәкірттерінің бірі Кәусар Нұрболат анасына арнап "Ақ мамам" күйін шертіп, көптің көңілін бір толқытты.

– Әйгілі әншіміз Роза Рымбаева шыр­қай­тын «Домбыра» әнінде «Күй ойнайды қазағымның қанында, күй ойнайды қазағымның жанында» деп келетін шырайлы жыр жолдары бар емес пе еді?! Дәл айтылған. Осы рухты әнді тың­дамаған қазақ кемде-кем. Қалай десек те, қазақтың жаны – күйінде. Мен шәкірттерімді күйді сүю арқылы, ұлтын сүюге тәрбиелеймін, – деді кеш иесі көңіл толқынысын жеткізіп.

Кеш соңында тәлімді күйшіге өнердегі ұстаздары, белгілі сазгер, дирижер Әли Алпысбаев пен аталмыш білім шаңырағының директоры Тұрсынxан Қарақожаева ақ тілегін жолдап, салтанатты да салиқалы кеш сыйлағыны үшін алғыстарын жаудырды. Алыстан ат арылтып келген көрермендер де өз ретінше гүл шоқтарын табыстап, естелік суретке түсті.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ