"КЕТТІК ПА? КЕТТІК ПЕ?" - ҚАҒАЗДА ҚАЛҒАН ШЫЛАУЛАР

Уақыты: 22.05.2019
Оқылды: 2268
Бөлім: ТҮПСАНА

«Тіл – ақылдың өлшемі, ұлттың жаны» деген қағидалы сөзге сүйенсек, бүгінгі таңда мемлекеттік тіл мәселесінің жағдайы көңіл көншітпейді. Қазіргі жастардың басым көпшілігі қазақ тілінде сөйлеуден ұялатыны байқалады. Осындайда өзге тілде сөйлеп жүргеніміз болашақта еліміздің дамуына қандай үлес қосады деген ойға қаласың. Себебі, адам қай тілде сөйлесе, сол ұлттың менталитетін, салт-дәстүрін, танымын өзінің бойына сіңіреді емес пе?

Көшеде кетіп бара жатқандардың көпшілігі орыс тілінде шүйіркелесіп бара жатқанын жиі байқаймыз. Тіпті, орысша дұрыс сөйлемесең, «говори на человеческом языке» деген өктем дауысты естуге де жеттік.

Таяуда автобуспен орталық жаққа баруға тура келді. Көлікте мінген бойда әр тұстан телефон үні естіле бастады. Бір байқағаным, өз мәселесін егжей-тегжейлі баяндаған бір ағай бес минуттың ішінде он рет «конечно» сөзін қолданды. Кейбіреулерге «давай-давай», «ладно», «пока» сөздерін айту дағды болып кеткендей. Бір көлікте келе жатқан соң олардың әңгімесі естіліп жатады. «Мені сонда күт, келеатырм», – дейді шұрайлы тілімізді бұрмалап сөйлеген қаракөзіміз еш қысылмастан.

Расында да, ұялы телефонмен сөйлесетін кейбір жастар «келеатырм», «баратырм», «отырватрм», «көрватрм», «жатырқ», «тұрқ» деген секілді сөйлемдермен ойларын жеткізіп жатады. Мұндағы қалып етістіктер түзелуден қалған. Орфоэпиялық нормаға бағындырайық десек, келетін еш жері жоқ. Ал келтірмек ниетіміз жеңсе, бұған орфографияның ауылы алыс. Мысалы: «атсын», «атыр» дегендерді бөлек алып қарасақ: «атсын» – яғни, бір затты ату. Бағанағы бастапқы сөзді «жатырсың» деп ұғына аламыз. «Атырдың» түк мағынасы жоқ. Бұларды орыс тілін имектетіп, химиялық тәжірибе жасаудың нәтижесі деп түсінеміз. Сондай-ақ, сұраулы сөйлемдерге «бе», «ба», «па», «пе» демеулік жалғауын жалғамастан «Келесін, кездесеміз, барасың?» деп ана тіліміздің шырқын бұзып, орашолақ сөйлей салады. "Ма, ме", "па, пе" шылауларынан шығады, қазір жіңішке дыбыстардан құралған сөзге де жуан сұраулық шылауын жалғайтын болдық. Бұл тілдік қателік деп есептеймін. Мәселен, "Келесің бе?" деудің орнына "Келесің ба?" деп айтуға бейімбіз. Сонда "ме, бе, пе" сұраулық шылаулары тек қағаз бетінде қалып, ауызекі стильде қолдануды қоямыз ба? Бірде таныстың ұялы телефонына көзім түскенде жазғандары емле қателерге тұнып тұрғанын байқадым. Мәнісін сұрағанымда: "Телефонымда қазақша әріптер жоқ, бәрі орысша немесе ағылшыншаға негізделген ғой", – деп жауап қатты.

Бұдан басқа қазақ тілінде сөйлейтіндердің өзі орыс тіліндегі жалғауларды жиі қолданады. Мәселен, көптеген қандастарымыз: «Бұл Абая ма, Төлебаева көшесі қайда, Абылай хана алыс па, Қонаеваға қалай барамын?» деген сөздерін жиі естуге болады. Ал осы көшелерді неге Абай, Төлебаев, Абылай хан, Қонаев демеске?! Бұдан басқа көше аттарын бұрынғы атаумен сұрайтындар да бар.

Бір аңғарғанымыз, неге екенін қайдам, мемлекеттік тілді бір кісідей білетіндердің өзі ана тілінде сөйлеуге арланатын секілді. Сұрақ қойсаң, орысша сайрай жөнеледі. Одан қалса қанша жерден қазақша білемін деп тұрса да емін-еркін көсіліп сөйлеуге келгенде, тілі күрмеліп, қиналатын адамдардың саны аз емес. Ол ой тиянақсыздығы, кібіртіктеу, орфоэпиялық қате жіберу, орысша акцентпен сөйлеу, қыстырма сөздерді орысша қолдану, қазақша-орысша араластырып қойыртпақтап сөйлеу кезінде байқалады.

Іргелі ел боламыз, елдігімізді сақтаймыз десек, ұлттық кодымыз - тілді меңгеріп, қолдану аясын кеңейтіп, өркен жаюына әрбір ұлтжанды азамат өз үлесін қосқаны абзал.

Еңлік ҚАБДЕШ

Сурет ғаламтор беттерінен алынды