ТАҒЫ БІР ДЕРЕК: АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНА ҚЫРҒЫЗДАР ДА ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 30.05.2019
Оқылды: 1274
Бөлім: ТҮПСАНА

Алматыдағы Ұлттық кітапхананың үлкен залында «Ашаршылық пен үлкен террордың тарихи сабақтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Облыс әкімдігі ұйымдастырған жиынға елімізге белгілі тарихшылармен қатар Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан келген ғалымдар да қатысты. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев конференцияны кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

Кешегі қызыл империяның ұлтымызға көрсеткен қуғын-сүргіні, зорлық-зомбылығы жетерлік. Осынау қанды қырғындар өмірде нақты болғанымен, тарихи оқиғалар ретінде айтылмай, ұрпақтар жадынан өшіріле бастаған еді. Олар ақтаңдақтарға айналды. Кемелденген социализмнің жетістіктері ғана оқулықтарға енді. Тек тәуелсіздіктің арқасында қазақтың өшкені жанып, өткені түгенделді. Бүгінгі толқын Алаш жұртының бастан кешірген азалы шындығын таныды. Оған өздерінің бағаларын берді. Солай десек те, атқарылатын істер, ашылуға тиісті сырлар, іздеушісін күткен деректер әлі де аз емес.

– Тарихшыларымыз іздену үстінде. Алайда көптеген құжаттарға қолымыздың жетпейтіні анық. Оларды шаң басқан архивтерден шығара алмай келеміз. Мәселен, Алаш қозғалысына қатысты жүргізілген сот процестерінің материалдарын ашып қарауға мүмкіндіктер болмай тұр. Бұл жай бізді ғана емес, бүкіл Орта Азия ғалымдарын да толғандырады. Сондықтан тиісті орындарға бірлесіп талап қоятын уақыт жетті. Көрші Ресейдің тәжірибесін алып қарайық. Олар декабристер туралы тарихи оқиғаларды толық зерттеді. Сол сияқты репрессия туралы он томдық кітапты жарыққа шығарды. Біз де осылай еңбек етуіміз керек. Ол үшін ешқандай кедергі болмауы тиіс. Орта Азия тарихшылары өзара тізе қосып қимылдаса алынбайтын қамал жоқ, – деді тарих ғылымдарының докторы, алаштанушы Мәмбет Қойгелдиев.

Кезінде қазақ жеріндегі Алаш қозғалысына көршілес қырғыз халқының өкілдері де қатысқан екен. Мәселен, Жайнап Ибрагимов, Садық Мурадалин, Иманәлі Айдарбековтер солардың қатарында. Олар ұлы мақсаттар жолында бастарын бәйгеге тігіп, ұлтының болашағы үшін шейіт болды. «Алаш қозғалысының қырғыз филиалы» атты баяндама жасаған ғалым Зайнидин Курманов бұл тақырыпқа жан-жақты тоқталды.

– Қазір қырғыз жерінде Алаш қозғалысының қайраткері Иманәлі Айдарбековке ескерткіш орнатылды. Осы тектес басқа да ізгі шаралар қолға алынып жатыр. Егер бәріміз ортақтасып мамандар дайындасақ, зерттеу жұмыстарын бұдан да тереңдете түсетін едік, – деді ол. Бұдан кейін сөз алған өзбекстандық ғалым Кохраман Раджапов «Түркістан АССР-індегі ашаршылық» атты баяндамасында тың деректерді алға тартты. Ал, тарихшы ғалым Талас Омарбеков әріптестерін нақты деректерге жүгінуге шақырды.

– «Алтаудың хатын» бәріміз де білеміз. Бұл хат 1933 жылы 23-ақпанда Сталинге жолданған. Онда елдің ауыр халі баяндалған. Қолдан жасалған ашаршылықтың кесірінен 800 мың қазақ қожалығының саны 450 мың қожалыққа азайған. Яғни, 4 миллион 800 мың адамның 2 миллион 25 мың адамы құрбан болған екен, – деді тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков.

Белгілі қаламгер, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының осынау ортақ іске қосқан үлестері туралы әңгімеледі. Аталған қоғам Жаңалық ауылы маңында қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарды анықтау ісіне белсене қатысқан. Сондағы ескерткіштің ашылуына бастамашы болған. Жазушы-ғалым осы жайында айта келіп, алаштың азалы тарихына құрмет көрсеткен,  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейін жасауға мұрындық болған облыс әкімі Амандық Баталовқа жұртшылық атынан зор ризашылығын білдірді.

Жиын барысында Талас Омарбековтің «Ұлттық апатты тану» және «Қызыл қырғын құрбандары» атты екі кітабының тұсауы кесілді. Бұдан кейін конференцияға қатысушылар Қарасай ауданына барды. Ол жерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын аралап көрді. «Анаға құрмет», «Батыр бабалар» музейлер кешенімен танысты.

Концеренция келесі күні Жаңалық ауылындағы «Саяси-қуғын сүргін құрбандары» музейінде жалғасты.

Болат МӘЖИТ

Сурет ғаламтордан алынды

Алматы