ҚУҒЫН-СҮРГІН: БЕЛГІСІЗ ҮШ МЫҢ АДАМНЫҢ ТІЗІМІ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 31.05.2019
Оқылды: 1511
Бөлім: ТҮПСАНА

Қызыл қырғынның құрбандары - жазықсыз атылған жандардың мәңгілік мекеніне айналған Жаңалық ауылында жыл сайын қаралы митинг өтеді. Қаралы әуен халқымызды баудай түсірген нәубет жылдардың сарынын құлаққа жеткізеді. Ел мен жер, ұлт тағдыры үшін оққа ұшып, опат болған асылдарды еске алатын қаралы жиынға Алматы облысы әкімінің орынбасарлары Лаззат Тұрлашов пен Ақан Әбдуәлиев және қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қатысты.

Дерек көздеріне сүйенсек, 1929 жылдан бастап 1953 жылға дейін Кеңес елінде 40 миллион адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Дәл осы тұста халқымыздың аяулы перзенттері Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды Алаш арыстары ату жазасына кесіліп, қаншама кінәсіз жандар үрейлі жылдардың құрбанына айналды.

Халқымызды аяусыз қырғынға ұшыратқан саяси қуғын-сүргін жылдары 25 мың қазақ зардап шексе, олардың 4 жарым мыңының сүйегі осы Жаңалық ауылында жерленгені жайлы тарихшылар дерегі бар. Дей тұрғанмен, қаралы тізім мұнымен шектелмесі анық. Сонау зұлмат жылдардың азабын арқалап, аяусыз атылған жазықсыз жандардың сүйектерін ауыл тұрғындары әлі күнге тауып алуда. Соның бірі, былтыр Жаңалық ауылының Рахимов көшесінде тұратын Мұрат есімді ауыл тұрғыны су құбырын тарту жұмыстары барысында қазылған жерден бірнеше адамның бас сүйектерін тапқан еді. Оған қоса, теріден жасалған мәсі мен көзәйнектер, тиын ақша мен атылған оқтың гильзалары табылған.

Мамандардың пікірінше, көмілген адамдардың сүйектері жақсы сақталыпты. Жалпы саны 168 адамның сүйек қаңқасына сараптама жасай келіп, олардың бесеуі әйел адамдікі екендігі анықталды. Саяси қуғын-сүргін күні қарсаңында бұл сүйектер қораптарға салынып, қара жердің қойнына арулап қайта көмілді. Жерлеу рәсіміне Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сатпаев қатысқан болатын.

Осыдан бірер күн бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейде еліміздің, сондай-ақ, көршілес қырғыз, өзбек тарихшыларының қатысуымен «Ашаршылық пен үлкен террордың тарихи сабақтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жаңалықтағы қаралы митингті облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов ашты.

- Халқымыздың тарихында мерейі тасыған кезеңдермен қатар, тар жол, тайғақ кешкен қасіретті жылдар да аз емес. Өткеннің өкінішті кезеңдерін еске алсақ, Бірінші дүниежүзілік соғыстың қазаққа тигізген үлкен зардабы, 1917 жылы болған Қазан саяси революциясы мен одан кейінгі Азамат соғысы, жаппай ашаршылық пен зорлық-зомбылық еліміздің эволюциялық дамуын күрт үзді. Соның салдарынан халқымыз әлем тарихында сирек болатын алапат демографиялық шығынға ұшырады. 1923-1933 жылдар аралығында 2 миллионға жуық адам қаза болып, тағы миллиондайы жан сауғалап, елден босып кетті. Тарихшылар мәліметі бойынша, 1937-1938 жылдары елімізде 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған, ал бұл тізімге ілінген адамдардың төрттен бірі ату жазасына кесілген. Олардың арасында қазақ зиялылары, ғалымдар, мәдениет және саясат салаларының қайраткерлері болғаны белгілі, – деген Лаззат Махатұлы тәуелсіздік жылдарында Елбасы Н.Назарбаевтың: «Тарих - өткеннің сабағы. Біз өткенімізге қарап, ертеңімізді түзеуіміз керек», - деген сындарлы сөзі ұлт рухының өрлеуіне жол ашқандығын атап айтты. – Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жазықсыз құрбан болған 4 мыңнан аса боздақ жерленген осы жерге Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды. Музейдің жалпы алаңы 635 шаршы метрді құрайды. Музейдің экспозициялық залында ұлт қайраткерлері туралы материалдар қойылып, осы жерде жерленген 4 мыңнан аса саяси қуғын-сүргін құрбандарының аты-жөндері тас тақтаға ойылып жазылды. Сондай-ақ, ғылыми іздестіру жұмыстары нәтижесінде Алматы облысында қуғынға ұшыраған 3 мың адамның тізімі табылды. Бұл тізім ақпараттық киоскіге енгізілді. Музейдің ғылыми-зерттеу жинақтау, көпшілік ағарту және насихаттау жұмыстары бұдан әрі де жалғаса берді. Өйткені, біздің халық саяси қуғын-сүргіннің кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алуды, олардың рухтарын құрмет тұтуды ешқашан естен шығармайды, есімдері мәңгілік болады.

- Біз бүгін ұлттық тарихымыздағы ең бір қасіретті оқиғалардың тағдырын, бүгіні мен ертеңін айтуға жиналып отырмыз. Қазақ қазақ болғалы басымыздан екі рет ұлы апат өтті. Бірі - Ақтабан шұбырынды, екіншісі ХХ ғасырда 70 жылға созылған тоталитаризмнің қыспағы, зорлығы, әділетсіздігі. Соның ішінде екі қиянаты мәңгі ұмытылмайды және ешқашан кешірілмейді. Бірі – ашаршылықпен миллиондаған қандастарымыздың құрбан болғаны, екіншісі – үлкен террормен халқымыздың қаймағының атылып, асылып, жойылғаны. Бұл екеуі біздің тарихтан ешқашан өшпейтіні, санамыздан кетпейтіні айдан анық, - деді сөз кезегін алған республикалық «Әділет» қоғамы бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов. - Елбасының Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін күні болып аталып келе жатқалы 16 жыл толыпты. Бірақ, атқарылған және атқарылар жұмыстың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Он саусақты алсақ, соның біреуіндей ғана жұмыс атқардық. Осы жерді бүкіл қасіретіміздің айнасындай қылып безендіру керек. Музейдің жанынан ғылыми-зерттеу институтын ашу керек.

Ханкелді Әбжанов музейді әлемдік деңгейге көтеру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, тарихтан тағылым алуға, құрбандар рухына тағзым жасауға үндеді.

Миллиондардың өмірін жалмаған қасіретті жылдарда жазықсыз жапа шеккен репрессия құрбандары, ұлтымыздың аяулы ұлдары, «Жетісу Алашордасының» басшысы Садық Аманжоловтың немересі Шолпан Аманжолова, мемлекетіміздің іргетасын қалаушы қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің қызы Орынша Құлымбетова, Мұхаметжан Тынышпаевтың ұлы Дәулет Тынышпаев әкелерінің асыл қасиеттері мен қанды қырғында көрген қиыншылықтарын тілге тиек етті. Осы әулеттің немересі Нұрсәлім қажы Жүнісқызы облыс әкімшілігіне алғысын білдіріп, М.Тынышпаевтың 140 жылдығына арналған арнайы медальдарды табыс етті.

Осы қаралы жиынға Алматы қаласының Жетісу ауданынан келген 70 ардагердің атынан сөз алған Шаяхмет Имашұлы:

- Қабырғам қақырайды қасіреттен,

Қан жұтып, қайғы жұтып ғасыр өткен.

Құдай-ау, қай дәуірде, қай заманда

Қазақтың көздерінің жасы кепкен?

Қыр бар ма қазақ, қане, көмілмеген,

Ой бар ма қазақ қаны төгілмеген?

Қашаннан құрбандыққа бейім халық,

Қайғысыз қара суға семірмеген.

Қырылса тау-орманым қынадайын,

Қалайша жоқтамайын, жыламайын.

Қырылған аштықтан да, қастықтан да,

Қайда сол қыршындардың құны, ағайын? - деген азалы жырын төкті.

Жазықсыз жапа шеккен құрбандар рухына арнап ауданның бас имамы Мұсабек Тағанұлы құран бағыштады. Жиын соңынан құрбандар рухына арналып ас берілді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Талғар ауданы