Құс жолы

Уақыты: 14.11.2016
Оқылды: 1592
Бөлім: ТҮПСАНА

Қабілет қаннан, өнер талбесіктен басталатынын мойындасақ, ақындықтың жұрнағы жас сәбиге ана сүтімен, ата қанымен сіңбеді дейсіз бе? Оның үстіне, нағыз дәулескер, дауылпаз күйші Молықбайдың, қазақ даласына айтыс өнерінің пірі ретінде танылған Сараның, жыр танабын қуырған Қуат Терібаевтің, Құл ақынның, бергісі поэзия құлагері Ілияс Жансүгіровтің өмірінен өнеге алған Әділбектің  он төрт жасынан жыр жазуға әуестенгенін аңғарамыз. Содан бастап үнемі ізденістің, толассыз тебіреністің үстінде жүрген. Сол тебіреніс әдебиетіміздің, тіліміз бен төл тарихымыздың нәрін бойына сіңірген Әділбек Ыбырайымұлының шабыт көкжиегін кеңейтті. Оның бүгінгі жемісін Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағында  ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен “Құс жолындағы жыр” атты шығармашылық кешінен байқадық.

Әдебиетке құштар ақынның әр қадамына сүйінішпен қарап жүретін оқырмандары көп. Оның шығармашылық кешіне  қазақтың қаламгерлері көп жиналды. Сол қатарда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай ақынды құттықтап, одақтың атынан Абай Құнанбаевтың мүсінін сыйға тартты. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы: «Әділбек Ыбырайымұлы – Ақсу өңірінің тумасы. Бүгінде Астанада еңбек етеді. Мамандығы шығармашылықтан алшақ. Әйткенмен, шабытына қамшы салдырып, өндіре жазуға уақыт таба біледі. Өлең-сөз қадірін жоғары бағалайтын тұлғаны жерлестері мақтаныш етеді», – деп ізгі тілегін білдірді. Филология ғылымдарының кандидаты, Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов ақын өлеңдерінің поэтикалық болмысына терең талдау жасады.
Әділбектің тақырыпты табуы, игеруі, көркемдік құралдарын меңгеруі, ой айту, өзіндік поэтикалық бейне жасау мүмкіндігін байыптасақ, оның қазақ поэзиясының ұлы тұлғаларын үлгі тұтқанын, солар жеткен биіктен көз алмай, солармен жарыса өзіндік өнер соқпағын жасағанын аңғарамыз. Туған жерді, оның сұлу табиғатын, туған елін, Отанды, дүниеге келген шаңырақтың  киесін қалай сезінуді перзенттік махаббатпен жырлай білуді қанына сіңірген. Сахнада сөз алған кеш иесі:  “Бүгінгі кешке ұстаздарым, жырсүйер жастар жиналды. Осының барлығы тәуелсіздіктің арқасы деп ойлаймын. Біз тәуелсіздік алған бақытты елміз. Сондықтан, жыр кешімді «Тәуелсіздік» деген өлеңмен ашқым келіп отыр», – дей келіп, тәуелсіздік және Астанаға арнаған екі тың жырын әдебиетсүйер оқырманға оқып берді. Сол қатарда Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері мен Астана жастар театрының әншілері өнер көрсетіп, ақынның өлеңіне жазылған әндерді орындап, шараның шырайын аша түсті. 
«Зейін салып, ден қойсаң, жазғаны қатпар-қатпар қыртыстардан тұратын күрделі ақын». Әділбек Ыбырайымұлының шығармашылығына Фариза Оңғарсынованың берген бағасы бұл. Көргендері мен түйгендерін поэзия тілімен жеткізуге машықтанған. Өлеңдерінің тақырыбы да алуан түрлі. Көпшілік кеште бастан-аяқ ақынның өлеңдеріне құлақ құрыштарын қандырды. Әңгіме желісімен әзірленген қойылымға да куә болды. Әсіресе,  студенттер жатқа оқыған ақын жырларының құдіреті көпшілікті бір серпілтіп тастады. Сахнада оқылған әр өлеңнен ұлттығымызды ұлықтау, дәстүрімізді дәріптеу, халқымыздың мәңгілігін айғақтайтын жақсының, ізгіліктің бастауы, адамзатқа қаншама ұрпақ сыйлаған ата мен әженің  орны айрықша көрсетілген. 
Шынайы  поэзия ақыл айтуды, жауыр болған жайды қайталап, мезі етіп,  орынсыз ділмарсуды ұнатпайды. Әділбек лирикаларынан поэзияға  қойылатын осы талапты сезініп отырдық.  Не жазса да түбірін, тамырын, ішкі сырын қармай жазатын, өмірге көбіне ақылдың көзімен қарайтын талант екенін бағамдадық. Өлең құдіреті арқылы тәуелсіздіктің тұғырын берік өруге өлшеусіз үлес қосқанын көрдік. Романтикалық сарында жазылған адамгершілік-рухани ізденістер, философиялық тереңдік, тың ой, ұтқыр образдар Әділбектің  тал бесіктен жер бесікке түскенше кіндігі байланған туған жер жайлы тебіреністерімен айшықталған. Ақсудың мөлт-мөлт  етіп,  толқып аққан суындай таза, иірімдері терең, әр жолы жүрегіңді қытықтайтын жырлар жазған Әділбектің талантына шынымен де тәнті болдық.
  – Құс жолы – үлкен ұғым. Ол жерде жұлдыздар шоғыры орналасқан. Сол жұлдыздар шоғырының ішінде әдебиетшілердің де қатары мол. Сол қатардан біз көрінбесек те соған жетеқабыл болып, жұлдыздар легіне қосылып, құс жолында, солармен бірге мәдениетімізді қоса ұлықтап жүрейік, – деген Әділбек ақынның сөзінен қазақ әдебиетіне деген үлкен сүйіспеншілікті ұғынасың. Осындай сүйіспеншіліктің арқасында шаршаса да, шалдықса да мойымай, бүгінге дейін 20-ға жуық кітаптың авторы атанды. Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Қалың оқырманға “Зау-қайыр” роман-триллері, “Мизамкөк”,  «Адам-хайуан” романы және “Пір мен пырақ”, «Мерейлі мекен», «Ақтамақ қарлығаштар», «Сүмбіле шуағы” сынды жыр-дастан жинақтарын ұсынған лирик ақын, қарымды қаламгер. Десе де, бұл кеш арқылы ақын  өзінің сұлу да сырбаз кескін-кейпімен, адамгершілік, азаматтық бейнесімен тағы да бір жарқырап көрінді. 
Мемлекеттік қызметтің өтінде жүрсе де отты шабытын өшірмеген жерлестеріне жетісулықтар шапан жауып, шоқ-шоқ гүлдерін ұсынды. Сол қатарда Талдықорғандағы жастардан ұйымдасқан «Тамшыбұлақ» жетісулық әдебиетшілер қауымдастығы уығын қадап жүрген бір топ ақын іні-қарындасы облыс пен ақын туған ауылдың сәлемін Алматы төріндегі перзентке жеткізді. Әрине, ақын шығармашылығы жайлы кеш өткізу, ағайынның ақтарылуы мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да жалғасып, ақынның азаматтық тұлғасы биіктей бермек.

Қажет Андас