Көрермен назарында – «Сыған серенадасы»

Уақыты: 18.05.2016
Оқылды: 4332
Бөлім: ТҮПСАНА

Дарыны дара, жалыны сұрапыл композиторды консерваториядан шығарып жіберді. Өмірдің өктемдігі мен адамдардың қысастығынан қажыған қайран сазгер тағдырын болжап берген сыған сұлуларына ілесіп кетті. Мәдениетімен танысып, өнерін тамашалап жүріп қазақ халқының ән өнерін мойындатты. Сығанның Изольда атты аруымен арада көрінбес алтын жіп байланғанымен де Отанын тастай алмаған сазгер, ғашығынан жырылып, атамекенінен ажырамады. Бұл М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының «Сыған серенадасы» қойылымы.

 

Облыстық Б. Римова атындағы драма театрында қойылған бұл қойылымның әлқиссасында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев сөз алды.

 

– Армысыздар, құрметті көрермен мен театр саңлақтары! Бүгін жетісулықтар үшін қуанышты күн. Өйткені өнердің биік шыңында тұрған М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры гас­трольдік сапармен келіп, өздерінің тамаша қойылымын ұсынғалы отыр. Бұл сапарды ұйымдастырып отырған облысымыздың әкімі Амандық Баталов екені баршаңызға аян. Ал театр өнерінің қара шаңырағындағы талантты актерлерді КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовтің бастап келгені біздер үшін зор қуаныш, – дей келе ағымдағы жылы жаңа театрдың іргесі қаланатыны сияқты бірқатар жайдарман жаңалықтарды тілге тиек етті.

Келесі кезекте, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов сөз алып:

– Қадірменді көрермен, өнер – халықтың қазынасы. Сол өнердің өрісіне ат шалдырып, талай талантты қанаттандырған М. Әуезов театрына биыл – 90 жыл. Осы уақыт аралығында майталман әртістер мен сахна саңлақтарының біразы өмірден өтті. Алайда, талантсызды табалдырығынан аттатпайтын қара шаңырақтан дарындылар сапы үзіліп көрген емес, – дей келе мерей­той қарсаңында ұйымдастырылған гастрольдік сапарларын облыстық Б. Римова атындағы драма театрынан бастағандарын жеткізді.

Аты аңыз болған қазақ кино және театр өнерінің майталман актері Асанәлі Әшімовтің лебізінен кейін И. Сапарбайдың «Сыған серенадасы» көрермен назарына ұсынылды. Шәмші өмірінен сыр шерткен қойылым ел жүрегінен орын алып, ән қа­натында тербетті. Ал дарынды композитор өмірін сомдаған Бекжан Тұрыс пен сыған аруы Изольданың рөлін ойнаған Шынар Жанысбекова қойылымға жан бітіріп, көрерменнің есінде қаларлықтай өнер көрсетті.

Аталмыш қойылымның соңында М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымына облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының ықылас гүлі табыс етіліп, облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Мұқанов жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, М. Әуезов драма театрының директоры Ерлан Біләл сөз алып, «Сыған серенадасы» қойылымына қатысқан әртістерді таныстырып, облыс басшыларына деген алғысын жеткізді. Ал облыстық Б. Римова атындағы драма театрының директоры Ғалия Темірбаева театр өнерінің қара шаңырағына сый-сия­пат жасады. «Сыған серенадасы» қойылымы келесі күні Текелі жұртшылығына ұсынылды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ