АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА МАНАСШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 01.07.2019
Оқылды: 1576
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақ-қырғыздың тарихтан еншісі бір, тарихы мен мәдениеті, тілі мен ділі, өнері мен өрлігі де қабысқан ұлт. Сан тарау тарихтың қай тұсын алып қарасаң да, ерен тұлғаларымыздың ынтымағы береке-бірлігіміздің бекемдігін айқындайды. Демек, қазақ-қырғыздың бауырмалдығы бағзыдан бүгінге жалғасқан ұлылықтың белгісі. Сол ұлылық Алматы, Талдықорған қалалары мен Кербұлақ ауданында үш күн бойы жалғасқан "Ұлы Даланың мәңгілік мирасы – "Манас" атты қазақ-қырғыз зиялыларының халықаралық III форумында тағы да бір рет ұлықталды.

Форум Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезовтің әдеби үй-музейінен басталды. Көпшілік музейге гүл шоқтарын қойып, манастануға айрықша үлес қосқан тұлғаның рухына тағзым етті. Бұдан кейін аталған іс-шара Талдықорған қаласында жалғасты. Форум Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, облыс әкімі Амандық Баталов, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жээнбек Кулубаев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Сұлтан Раев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиевтің қатысуымен өтті.

Маңызды мәдени шара аясында арнайы симпозиум өтіп, қазақ-қырғыз ғалымдарының қазіргі манастану бойынша ғылыми баяндамалары тыңдалды. Олардың ішінде филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Жарылқап Бейсенбайұлының “Манас” және Шоқан”, филология ғылымдарының докторы, Ы.Абдрахманов атындағы “Дүниежүзілік фольклор және мәдениет” ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жылдыз Орозобекованың “Манасшылық өнердің салты, кәдесі” деген тақырыптағы баяндамаларын атап өтуге болады. Ғалымдар “Манас” жырының бауырлас қазақ және қырғыз халықтарымен қоса бүкіл түркітектес халықтардың басын біріктірудегі маңызына тоқталды.

Форум жұмысы Кербұлақ ауданында ұйымдастырылған “Манас” фестивалімен жалғасты. Оған облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев пен Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев қатысты. Шара басталмас бұрын көпшілік Шоқан Уәлиханов жерленген жерге ат басын тіреп, тағзым етіп, құрбандық шалып, перзенттік борышын өтеді. Осыдан кейін Шоқан ескерткішіне гүл шоғын қойып, Шоқан Уәлиханов атындағы музей ұжымы дайындаған көрмемен танысты.  

Айта кетерлігі, Шоқан ескерткіші тұрған жерге баратын жол бойында сап түзеген мектеп оқушылары екі елдің Мемлекеттік Туын ұстап, көпшілікті ілтипатпен қарсы алса, жергілікті өнерпаздар ән-күйден шашу шашты.

Көпшілік осындай көтеріңкі көңіл-күймен музейге бас сұқты. Ғимараттың келісті сыртқы көрінісі Ш.Уәлихановтың өмірі мен ғылыми қызметін жан-жақты баяндайтын музей экспозициясымен үйлесім тапқан. Музей ғимараты ертедегі қазақтар ұғымындағы дүниенің төрт бұрышын меңзейтін айшықты қырлары бар мазар тәріздес салынған. Ішкі безендірілуі киіз үйді елестетеді. Ғимараттың қасбеті Маңғыстаудың жұмсақ, үгілгіш қызғылтым әктасымен безендірілген. Музейге Шоқанның өз заттары – эполеттер, қару-жарақ, ертоқым, өзі жасаған карталар мен сызбалар, қолжазбалар, экспедициялар мен саяхатта болғанда салған графика мен көркемсурет жұмыстары, халық өнері туындыларының коллекциялары қойылған.

Осындай құнды жәдігерлер жинақталған музей қоры көпшілікті тәнті етті. Әсіресе, шетелдік қонақтардың алған әсері ерекше болды.

– Шоқан Уәлихановтың жатқан жері мен ескерткішіне тәу етіп, оның атындағы музейді тамашалауды армандап жүруші едік. Міне, бүгін соны көріп, көңіліміз кеңіп қалды. Өткен тарихына осындай құрметпен қарайтын қазақ бауырларымызға құрметіміз арта түсті, – дейді манасшы Замир Баялиев.

Музей жәдігерлерімен танысып, көңілін бір желпінтіп алған көпшілік фестиваль өтетін аумаққа бет алды. Шанханай ауылының тұсындағы кең жазыққа қатар-қатар қазақ үйлер тігіліп, манасшыларға арнап салтанатты сахна құрылыпты. Атшаптырым аумақ қоршалып, оның ішінде түрлі ұлттық спорттық бәсекелер жүріп жатты. Балуандар күресіп, білектілер күш сынасып, асық атып, тоғызқұмалақ ойнап, шараның шырайын кіргізген көріністер көп болды. Осы көріністің бәрі Шоқан Уәлихановқа деген шынайы құрметті білдіреді.

Шараның алғашқы сөзін Халықаралық Түрік академиясының төрағасы Дархан Қыдырәлі алды.

Құрметті қауым, бүгін біз Жетісу жерінде қазақ-қырғыз баурмалдығының өшпес үлгісін салған Шоқан Уәлихановтың рухын әспеттеп отырмыз. Әсіресе, қырғыз тарихы мен мәдениеті үшін Шоқан Уәлихановтың, кешегі Алаш зиялыларының, кейінгі қазақ қаламгерлерінің сіңірген еңбегі аз емес. Шоқан "Манас" жырын қағазға түсіріп, күллі әлемге танытып, осы бір жыр бүгінге жетті. Тезек төре мен Жантай хан, Сүйінбай мен Қатаған, Жамбыл мен Тоқтағұл, тағы да басқа арыстарымыз ағайындықтың үлгісін паш етті. Алаш зиялылары кешегі қырғыз зиялыларына жол көрсетіп, елдік туын көтерді. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов кешегі Кеңестік идеология Манас жырын бай-манаптың мұрасы ретінде әдебиеттен сызып тастамақ болғанда қорғап қалды. Біз бүгін сол асыл мұраларды өз қажетімізге жаратып отырмыз. Сондықтан ұлыларымызды ұлықтау – перзенттік борышымыз. Осындай игілікті іс Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы тапсырмалар аясында атқарылып жатқанын айтпай кетуге болмайды. Елбасының бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы осындай игілікті істерді қашанда қолдауға дайын, – деді ол.

Осыдан кейін сахна төріне көтерілген  Баянғали Әлімжанов, Назаркул Сейдиракманов, Рыспай Исаков, Замир Баялиев, Камил Мамадалиев, Тилек Асанов сынды танымал қырғыз-қазақ манасшылары жыр жырлап, өз өнерін паш етті. Әрине, Манас жыры бір болғанымен оны жырлаушылардың әуені, үні, сахнадағы бейнесі әртүрлі. Осыған дейін Манас жырын тек қырғыздар ғана жырлайды деп білуші едік. Осы фестивальде қазақ манасшыларының жырын тамашалап, өнеріне тәнті болдық. Манасшы Баянғали Әлімжановтың жырын тыңдаған қырғыз ағайындар ризашылығын білдіріп жатты.

– Шоқан Уәлиханов пен манасшыларға арналған симпозиум біздің елде бірінші рет өтіп жатыр. Бұл – үлкен рухани оқиға. Осы арқылы бауырлас екі елдің рухани әлемі жақындай түседі. Мұны алдағы үлкен істердің бастамасы деуге де болады. Ары қарай жалғаса береді деген ойдамын. Мен Манас жырын әкемнен үйрендім. Басында Алпамыс, Қобыланды жырымен сусындап өссем, кейін келе Мұхтар Әуезовтің аудармасы бойынша құрастырылған Манас жырын жаттап, жырлауға кірістім. Кейін Манас жыры бойынша фильм түсірілді. Қырғызстанда өткен фестивальдерге, тағы да басқа шараларға қатысып, бүгінде манасшылардың қатарынан көрініп жүрміз, – деді Баянғали Әлімжанов.

Манас жыры – мәңгілік  мұра. Өкінішке қарай, қазіргі таңда жырды айтатындардың да, тыңдайтындардың да азайып бара жатқаны анық. Сондықтан осы дәстүрді қайта жаңғырту керек. Сонымен қатар, осы күнге дейін манасшыларға арналған бірде-бір марапат болмаған екен. Сондықтан осы фестивальда тұңғыш рет манасшыларға Халықаралық Түркі академиясының атынан «Түркі әлемінің манасшысы» деген атақ тағайындалып, фестивальге қатысқан манасшыларға сертификат табысталды.

"Ұлы Даланың мәңгілік мирасы – "Манас" атты қазақ-қырғыз зиялыларының халықаралық III форумы осылай қорытындыланды. Ал келесі форум күзге қарай Қырғызстанның Ыстықкөл атырабында өтпекші.

Қажет АНДАС