"ҰЛЫ ДАЛА ИЛИАДАСЫ": ШОҚАН МЕН МАНАС ТУРАЛЫ ТАҒЫ БІР ДЕРЕК

Уақыты: 04.07.2019
Оқылды: 6116
Бөлім: ТҮПСАНА

Шоқан Уәлиханов – 1856 жылы жасаған Ыстықкөл сапары барысында, кейіннен өзі жазғандай: «Қырғыздардың ең басты және данышпандық халық шығармасы, барша халық ертегілерінің, хикаялары мен аңыздарының, география, дін және салт-сана, әдет-ғұрып жөніндегі түсініктерінің энциклопедиялық жинағы, бүтін бір халықтың көпжылдық шығармашылығының жемісі, дала Илиадасы десе де болады», – деп аса жоғары бағалаған «Манас» эпосын тұңғыш рет хатқа түсірген қазақтың көрнекті ғалымы.

***

Шоқан Манас есімімен кадет корпусында оқып жүрген кезінде-ақ ұстазы Н.Костылецкий арқылы жақсы таныс болатын. Манас туралы деректерді кейіннен Шоқанның өзі де Омбы мұрағатында отырған кезінде ұшырастырғаны бар. Орыс географиялық қоғамы жазбаларының 1851 жылы шыққан санында жарияланған қырғыздар туралы мақаланы да оқыған. Қырғыз жұрты арасында Манас туралы кеңінен тараған ұзақ жыр барын 1855 жылы Омбыға келген бұғы руының игі жақсыларына тілмаш болып қастарында жүрген кездерінде де естіген еді.

1856 жылы ғылыми-экспедициялық отряд құрамында Ыстықкөл сапарына қатысып, жолай Қарқара жазығындағы Таспа деп аталатын жонның етегінде бірер күн аялдаған кездерінде, сөз білетін адамдардан Кегеннің оң қабағындағы Темірлік тауының тұмсығы болып табылатын Құсмұрын шоқысының маңында Манастың Бозтөбесі дейтін дөң барын, қырғыздың Манас деген батыры бұрынғы замандарда қәуірлермен соғысқанда, ордасын осы араға құрыпты деген деректі құлағы шалғанда кәдімгідей елең ете қалды. Дереу Манас туралы жыр жайын сұрастырып еді, жырдың таңды-таңға ұрып айтса да еш таусылмайтын телегей-теңіз екенін, қырғыздардың той-томалағы онсыз өтпейтіндігі туралы жауап алады. «Ыстықкөл жаққа барғаныңызда, өзіңіз де естіп қаларсыз», – деседі жергілікті қазына адамдар.

Қырғыз халқының байырғы замандарынан елес беретін ғажайып мұрасы «Манас» жырымен Шоқан экспедициялық отряд Сантас асуы маңындағы Түп өзені жағасында қоналқаға тоқтаған күннің ертеңінде-ақ танысу мүмкіндігіне ие болды. Оған бас манап Боранбай жіберген Назар манасшы арнайы келіп жолыққан еді.

Шоқан жасы отыздар шамасындағы жыршыны қуана қарсы алды. Тілмаш Бардашев екеуі киіз үйге дастарқан жайғызып, қымызы мен дәмін ұсынып, манасшының бабын жасатқызды. Сәлден кейін Назар жомоқшы даусын бір кенеп алып, «Манасты» бастап кеткен.

Байырғы бір заманда дәулеті тасып өрлеген, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, ен далаға еркін билік жүргізген, күн түскен қалың көп ноғай жұрты өтіпті өмірден. Түмен хан деген ханының  ерлігін айтуға сөз жетпейді, байлығын көруге көз жетпейді екен. Аса айбарлы, әділ билеуші атанып, қол бастап, еліне пана боп  жүріп о дүниеге аттаныпты. Түмен ханнан – Бойунхан, Бойунханнан – Шаянхан, Шаянханнан – Қарахан, Қараханнан – Жақып хан. Ноғайлының Талас пен Шу бойында көшіп жүрген бір руының биі осы Жақыптан – жас Манас, жалпы жұртқа бас Манас дүниеге келді. Көзін ашқаннан алып күш иесі екендігі байқатқан ол, жыл санап емес, күн санап өсті, үшке келгенде ер жігітпен тең болды, көк өгіздің мүйізін бұрап сындырды, күресуге бала шықпады. Он жасынан еліне зәбір көрсеткісі келгендердің бетін қайтарды. Он үшінде орда бұзып, үй шапты. Он бесіне жеткенде дүйім жұртқа бас болды. Он алтыға келгенде атышулы батыр боп, қабағы биік, өңі саз, еңсегей бойлы – Ер Манасқа; қаны бір қара, беті көк, бауыры шұбар, сырты көк, жоталы жон, сұрғылт рең – батыр Манасқа; көкжал бір сырттан бөріге айналды.

Жомоқшының даусы ашық. Жыр сөздерін кейде созып, кейде желдірте термелетіп, екпіндетіп, әртүрлі мәнерде құйқылжыта, шабыттана  орындайды. Ол енді бір сәтте Манастың әкесі Жақыпты хан қызы Қаныкейді айттырып келуге жібергенін жырлауға көшкен еді.

Әкесі ақ жүзі ақша қардай, алқызыл екі беті, қарға тамған қандай, шашы өкшесіне түскен он бестегі сол аруды іздеп, аты ырғайдай, биті торғайдай болған кезде, қыз ауылына жетеді. Алайда қыздың хан әкесі оған «менің қызыма ханның ұлы лайық, сенің ұлыңа бидің қызы лайық» деп бетін қайтарады. Жақыптың ұлы жас Манас, көп ноғайлыға бас Манас, бұған қатты намыстанып, соғыс ашып, өзі қалаған сүлуды күшпен тартып алады.

Сәлден соң жыршы Манастың қырық шорасымен бұдан кейін де жасаған жорықтары туралы жырлап кеткен еді. Түйдек-түйдек жыр шумақтары арасынан басқа да түрк жұрттары – арғын, қыпшақ, найман, қоңырат, үйсін, абақ, қыпшақ, ноғай, төлес руларының атаулары да ауық-ауық құлаққа шалынып қалады. Ара-тұра қазақ жырлары мен ертегілерінен өзіне аттары таныс Ер Төстік, Ер Көкше, Ер Қосай, Едіге есімдеріне де қатысты сипаттаулар айтылады. Манасшы бір жерде: «Тоғыз ұлдың кенжесі, Шалқұйрықтай тұлпарлы, Тәңірі сүйген Ер Төстік», – деп бір қайырса, тағы бір шумақтарда: «Қамбар бір ханнан Айдархан, Айдарханның баласы Елестен туған Ер Көкше», – деп жосылтады. Енді бір сәтте: «Ұлытауды жайлаған, ел ағасы Ер Қосай, ат тағасы Ер Қосай», – деп екпіндетеді. «Үзеңгісін үзе шіренген, найзасын көкке тіреген, ерен туған Едіге», – деген жолдар да төгіледі. Шоқан екі халыққа да етене бұл сарындарды қазақ-қырғыз жырларының бір замандарда ортақ арнадан нәр алғандығы мен қатар тіршілік құрып, сыртқы жауға  бірігіп қарсы тұрған туыс жұрттардан қалған мұралар екендігін көрсететін нышан ретінде байыптап отырды. Жырда Ноғайлы заманынан қалған сілемнің басым аңғарылатынын байқау қиын емес. Манастың әкесі Жақыптың өзі – ноғайлының бір руының биі, ал еңсегей бойлы Ер Манас – көп ноғайлыға бас болған батыр ретінде бейнеленеді.

***

Ара-тұра тыныстап, қымызбен тамағын жібітіп, жыр төкпелетіп отырған Назар жомоқшы әлден уақытта шұрайлы бір шумақтарға кірісіп кетті. Қалың көп ноғай жұртының ұлы ханы, ұлыстың батагөй ұйтқысы, ақылгөй данасы болған, жүз тоқсан тоғыз жыл жасап, жақ сүйегі босаған Көкетай хан өзі дүниеден өтер алдында елін жиып, ақырғы керез асын беріп, керез (бақыл, өсиет) сөзін айтыпты.

Уа, күн түскен қалың көп ноғай жұртым!
Көкірегімді дерт алды,
Көңілім жаман босады.
Мен алдыңнан өтпек болғанмын, жұртым!
Менің көзім өткен соң, жұртым,    
Қылышпенен қырдырып, 
Қымызбенен жудырып,
Шарайнамен шаптатып,
Бұлғарымен қаптатып,
Ақ қазаным жастатып, 
Құбылаға қаратып, 
Қызыл мақпал бүктетіп,
Қызыл нарға жүктетіп, 
Қара мақпал бүктетіп, 
Қара нарға жүктетіп, 
Алпыс ноғай қырық керуен,
Алып келіп түсе гөр,
Топтап келген қатынға
Топтап мақпал бере гөр,
Керуен басы қара сарт,
Сексен серкеш майына
Қыш құйдырып ала гөр, 
Астыңғы жолдың үстіне,
Үстіңгі жолдың астына
Айға баққан ақ сарай,
Ақ сарайлап қоя гөр,
Күнге баққан көк сарай, 
Көк сарайлап қоя гөр.

Жыр жолдары лек-лек құйылып жатыр. Манасшы ендігі бір сәтте Көкетайдың орнына хан болған баласы Боқмұрынның көп ноғай жұртының түпкі атамекені – қыл Ертістің ар жағына көшіп барып  әкесінің  ұлы асын бермекке ниет еткені туралы шумақтарға  ауысқан еді.

Шоқанды жырдағы Алатаудан Енесай алабына дейін созылған ұзақ көш жолының анық сипатталғаны таңғалдырған. Ниет еткен түпкі орда мекенге қонғаннан кейін Боқмұрын Көкетай ханға қараған байтақ ел аумағындағы жұрттардың игі жақсылары мен батырларына сауын айтып, ас пен бәйгеге шақырады. Әсіресе, солардың арасында асымды билеп берсін, деп арнайы түрде Ер Манасқа ерекше қолқа салған сәлем жолдайды. Сауын айтуға сары ноғай баласы Жаймакекіл Жас-Айдар шораны арнайы аттандырады.

Жырды тыңдап отырған Шоқан Көкетай асына шақырушы шабарманның алдымен Ұлытаудағы Ер Қосайға сауын айтқаны, одан кейін Кішітаудағы ақтар-таздың баласы Ер Үрбіге, содан соң Ер Көкшеге, одан әрі найман мен арғын руларына хабар жеткізгені, әрмен қарай Ер Едігеге, Жетісудағы Ер Бағысқа, одан шыққасын Ер Төстікке қарай жол тартқаны, Әндіжанда алтын  шатырын аспандата тіккен Ер Манасқа, Самарқан, Бұхар жағын мекендейтін ақ сәлделі Айқожаға дейін барғанына көңіл аударды.

Географиялық жағынан алғанда, бұл Саян тауларынан  Каспий алқымына дейінгі аралықты қаусырып жатқан байтақ кеңістік. Демек, ол – сонау замандарда осы алып аймақта түп-тегі жақын туыс жұрттардың мекендегенін байқататын бір дәйектен де хабар бергендей болады. Есіне Бичурин кітабында келтірілетін, Хондемир мен Әбілғазыға сүйеніп жазылған, Каспий теңізінен Корей шығанағына дейін мекендеген жұрттардың түпкі бабасының – Түрк деп аталғандығы жөніндегі көне әпсана  түсті. Түрік ханнан – Қара хан, одан Оғыз хан, оның немересі Ел ханның Ергенеқонда қайтадан әулет өргізген тұқымдары Қиян мен Нүкіз туралы аңыз желілерінің пайда болуы бекер емес-ау, деген ойға жүгінді. Қария сөздерде сол екеуінің ұрпақтарының Түріктен таралды делінетін басқа да жұрттармен бірге қатар ғұмыр кешіп, қауымдаса ел құрғаны туралы сарындар ұшырасады.

Демек, соның бір сілемі Манас жырына да түсуі әбден мүмкін ғой. (Шоқан заманында көне түрік қағанаттарының шынайы тарихы бәдізделген Орхон-Енисей бітік тастарының құпиясы әлі ашыла қоймаған болатын. Ал шын мәнінде Көкетай ханның асына бір кездері Көктүрк мемлекеті қанат жайған кеңістікте содан бері ғұмыр кешіп келе жатқан туыс елдердің игі жақсылары мен батыр-бағландары шақырылған еді. Әрі Көкетай асына сауын айтуға қатысты бұл географиялық жағдай, өзге тарихи дәуірлерден гөрі, түрк қағанаттары кезін көбірек еске түсіреді. Қазақтың ұлы академигі Әлкей Марғұлан атап көрсеткендей, тегінде «Манас» жырының ең түпкі аялғысы, сол замандардан басталған болуы керек).

Назар жомоқшы енді Көкетайдың жойқын асы кезіндегі оқиғаларды жырлауға көшті. Ат бәйгесі, сайыс, аударыспақ, балуан күрес, жез бұйдалы інгеннің биі (жалаңаш әйелдің билеп келіп, бұйданы тісімен шешіп алу ойыны), Ер Қосайдың күреске түсуі, кәуірлердің ас пен бәйге шырқын бұзғысы келгені, оған Ер Манастың қарсылық көрсеткені ерекше шабытпен шумақталды.

Кәуірдің ханы батыр Жолай ас кезінде өзіне қарсы шыққан Манасқа қатты өштесіп, онымен соғысуға қол жинау үшін еліне қайтады. Манас жер ортасы Бозтөбеге келіп, алдағы шайқасқа дайындалады. Сол жерде қару-жарағын түгендеп, әбден қамданып алғаннан кейін, кәуірлердің еліне қарай беттейді. Сегізінші күн дегенде майдандасар жерге жетіп, жаудың қолын ойсырата  жеңіп,  Жолайдың басын алады.

Манас бұдан кейін де талай жорықтарға қатысты. Қара шоқты кәуірдің қауымды жұртын бір алды, қызыл шоқты қытайдың қақпалы жұртын бір алды... Алым жеді Қашқардан, зекет жеді Қоқаннан... Алайда соғыста алған жарақаттың зардабынан Манастың өзі де елу екі жасында бақилыққа аттанды. Адал жары Қаныкей ерінен айырылып, қолаң шашын талдап жұлып, ақша бетін қан-жоса тырнап, зарлап жесір қалды. «Алтын жүзді айбалтаң, ебін тауып кім саптайды, артыңда қалған еліңді, топалаң қылмай кім бастайды», – деп жоқтау айтты.

Назар жомоқшы Манастың да Көкетай хан сияқты жерленгенін айта келіп, жырдың соңғы шумақтарын қайыруға кіріскен еді.

Шоқан манасшының күні бойы жырлағанының бәрін жазып алу мүмкін еместігін байқап отыр. Жомоқшы Манасты түгел тыңдауға үш түн де жетпейтінін ескерткен. Батырдың баласы Семетейге арналған жырға да соншама уақыт керек екен. Сондықтан да ол бүгін айтылған жырдың  өзіне ұнаған көркем тұсы – «Көкетай ханның ертегісі» деген бөлімін ғана жазып алуды жөн деп тапты. «Бүгінге осы да жарайды, ертең бізге Көкетайдың өлімі мен асы туралы қайта жырлап бер, жазып алуымыз керек», – деді Назарға.

***

Ертеңіне манасшы бірден Көкетайдың ертегісінен бастады. Шоқанмен бірге экспедиция құрамында жүрген, араб қарпімен жазуға жап-жақсы сауаты бар қазақ жігіті жыр жолдарын қалың ақ қағазды дәптер бетіне тез-тез түсіре бастады. Ал өзі әр сөзді қалт жібермей, жазып алушы үлгеру үшін манасшыны ауық-ауық кідіртіп отырды. Назар да қайта-қайта үзіп айтқызуға үйренбегендіктен, кешегідей ағыл-тегіл екпіндетіп төге алмады. Сонда да жадында әбден сақталып қалған шумақтарды бір сыдырғы жырлап шықты.

Жомоқшы «Манастың бір сапар әңгімесі осымен тәмамдалды» деп, «Көкетайдың асы» бөлімін қайырғаннан кейін, Шоқан жазып алушы жігіттің қолындағы дәптерді алды да, қағазға түскен жырды оқи бастады. Әр жеріне белгілер соғып қояды. Бәрін түгескен соң, оған қарап: «Кейбір қырғыз сөздерін қазақшаға ұқсатып жібергенің болмаса, жақсы түсіріпсің, – деді. – Ол ештеңе емес, қазір қайтадан айтқызып жөндеп аламыз».

Содан кейін қымыз ішіп тыныстап алған манасшыға «Көкетай ханның ертегісін» қайта жырлатты. Енді Шоқанның құлағы жыршыда болғанымен, көзі дәптер бетінде. Қолы қолына жұқпай, сөздердің үстінен түзету енгізіп жатыр. Қазақ жігіті «құладын» деп жазған жерді қырғыз фонемасына лайықтап «құлаалы», «текеге бұты шалысқан» дегенді – «екеге бұты шалысқан», «жолына» сөзін – «йолына», «тұрмай ма» сөзін – «тұрбай ма» деген сияқты бірқатар түзетулер енгізді. Қалып қойған жерлерін түсірді. Жазылмай қалған «айға баққан ақ сарай, ақ сарайлап қойды дейді», «астындағы мәнекер еш өнерін көрмедім», «оны ондай қорқытты, Ыстықкөлдей толқытты», «асымды билеп берсін деді, мүшесін артық жесін деді» секілді тағы біраз жолдарды өз қолымен  қосып жазды.

Жыр айтылып болғаннан кейін манасшыдан кейбір түсініксіз болған қырғыз сөздерінің қазақша мағынасын анықтап сұрап, қастарына жазып қойды. Қырғызша «кемеге» сөзі – жерошақ, «қолтурмаш» – ашамай, «жыртыншы қара берді дейді» – жыртысты көп берді дейді, «жақтыға жай бермес» – жағы барды сөйлетпес, «қыйыдү» – адам тілдес, «айбан» – хаюан деген ұғымдармен сәйкес екенін аударып көрсетті. Кей сөздердің орысша түсініктерін беріп отырды. Бэрэр – скакун, өңі саз – суровый, көзотаға – коралловый шарик, қоңба бел қабамын – угроза, бұта атым (оқ атым) – расстояние полета стрелы, он сан – десять тысяч, мәмбе – привязь, айланғыс туған – непоказывающий сонму деген сияқты аудармаларын сол жолдың үстіне не астына қоса жазды.

Жырды дәптерге түсіру жұмысы аяқталып, манасшыны шығарып салған соң, Шоқан күнделігін қолына алып, өзі кейіннен «бұл қағаз бетіне бірінші рет түсірілген қырғыз сөзі болуы керек» деп атап өткен ерекше ғылыми жаңалық туралы мынадай сөздер жазған еді: «Дастанның тілі ауызекі сөзден гөрі түсінікті. Жырдың кейіпкері Манас – ноғайлы батыры. Онда Шу, Ташкент, Іле өңірлерінде үш халық: ноғай, қазақ және қырғыз тоқайласады. Қырғыздарға ноғайлылардың аңыздары да белгілі: олар Едігені біледі және ол туралы жырлағандары қазақтарға келіңкірейді. Олар да «Кешегі он сан ноғай бүлгенде, Орманбет би өлгенде, орданың қара жағасы, аспанға ұшып кеткенде» деп айтады.  Кіндіказиялық түз жұрттары аңыздарының бәрінде ноғайлылар құрметті орынға ие. «Ташкенттік» ноғайлылар Манаста еске алынады. Жәнібек, Асан қайғы бұл жерде де белгілі. «Алатайдай бүлдірді» деген оқиғаны қырғыздар да айтады».

Шоқан жазып алған «Көкетай ханның ертегісі» деп аталатын осы қолжазбаның кейінгі тағдыры көп уақыт ғылыми ортаға беймәлім болып келді. Петерборда жұмыс істеген кезінде жазған «Жоңғария очерктерінде» Манас дастанының бір бөлігін қырғыз жыршысының аузынан көшіріп алғанын, оны орысшаға аударумен айналысып жүргенін атап көрсеткенімен, сол жартылай тәржімаланған аударманың өзі зерттеушілердің қолына Шоқанның қайтыс болғанына көп жыл өткен соң ғана түскен. Оны қазақ ғалымының жақын досы К.Гутковский жинаған қағаздар  арасынан профессор Н.Веселовский тауып алған. Көрнекті шығыстанушы тәржімамен танысқан соң Шоқанның қырғыз сөзінің қуаты мен көркемдігін  әлсіретпей, орыс тіліне қалай тамаша аударғанына тәнті болады. Ал дастанның қырғызша қолжазбасы, ол жөнінде татар ғалымы Х.Файызханның Шоқанға жазған хатында және Г.Потаниннің естелігінде айтылғанымен, ғалымның біраз еңбектері сияқты сол бойы қолға түспей келген-ді. Тек 1960 жылдардың соңында ғана академик Ә. Марғұлан оны Ресейдегі Азия халықтары институты Шығыстанушылар мұрағатының елеусіз жатқан қорынан  тапқан.

Кейіннен Әлекеңдей ұлы ғұлама осы нұсқа туралы «Шоқан және Манас» атты тамаша еңбек жазды. Өз зерттеуінде академик дастанды жырлаған адамның, Шоқан есімін айтпай кеткен манасшының кім екенін де анықтады. Сол дәуірде өмір сүрген манасшылардың мұраларын сараптау, жыр жолдарын басқа нұсқалармен салыстыру нәтижесінде Шоқанмен кездескен ол  жыршының  әйгілі манасшы Назар Болатұлы екенін дәлелдеді.

«Көкетай ханның ертегісі» – бір замандардағы түрік жұрттарының  тұрмысын көркем эпикалы ыңғайда шалқыта суреттейтін «Манас» жырының аса бағалы бір тарауы. Онда бағзы дәуірлерде түрік тайпалары мекендеген географиялық аумақ, тарихи жағдай, исламға дейінгі жерлеу жоралары (қылышпенен қырдыру, қымызбенен жудыру, шарайнамен шаптату, бұлғарымен қаптату – яғни, мәйіттің етін сүйегінен айыру, мүрдені бұлғарымен қаптату, сөрелеп қою, ұйық жұртқа көму), басқа да ежелгі әдет-ғұрыптар жайында қадау-қадау мысалдар көп-ақ. Жырда Көкетайдың асын түпкі ханның жеріне барып берудің өзі де көне жұрттардың Алатау мен Енесай арасын ерсілі-қарсылы көш жолы еткен ерлік замандарын еске түсіреді.

Ғылым әлеміне тұңғыш рет Шоқан Уәлиханов жазып алып, оны халық даналығының туындысы, барша халық ертегілерінің, хикаялары мен аңыздарының, география, дін және салт-сана, әдет-ғұрып жөніндегі түсініктерінің энциклопедиялық жинағы – дала Илиадасы деп бағалап, ұлан-ғайыр бәйгеге қосып жіберген «Манас» қазір әлемге әйгіленген эпосқа айналды. Оны зерттеу ісінде Шоқаннан кейін де қазақ ғалымдарының  қосқан үлесі аса мол. «Манас» туралы алғашқы монографиялық еңбекті заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов жазды. Әлкей Марғұланның кең танымға құрылып, 1971 жылы жарық көрген «Шоқан және Манас» зерттеуі манастану іліміне қосылған ең айтулы үлестердің бірі ретінде саналады. Еліміздің белгілі ақындары аударған «Манас» жырының  көп томдықтары да оқырманға жақсы таныс.

***

Қарқарадан Қырғызстан жеріне өткеннен кейін екі таудың арасын қойнаулай салынған тас жолмен Ыстыкөлге қарай беттегенде, сәл уақыттан кейін сол жақтан ерекше түрде бой көтерген тас төбешік көзге түсер еді. Ол – талай ғасырлар бойы осы жермен өткен саяхатшылардың назарына ілігумен келе жатқан Сантас үйіндісі. Әрқайсысы бір адамның көтеруіне лайық ірі малта тастардан қаланған үйінді едәуір көлемді алып жатыр. Тас төбенің үстіне шыққанда, оның жанынан тағы да бір шағын тас үйіндісінің орны көрінеді.

Шоқан осы Сантас (қырғызша – Санташ) асуы маңында аялдаған кездерінде «Манас» жырын жазып алған.

«Манас» эпосының кейінгі дәуір қоспаларынсыз шүйгін қалпында сақталған  ең байырғы көркем нұсқаларының бірін әлемде тұңғыш рет қағазға түсірген Шоқан еңбегінің ғылыми құндылығы айрықша өлшеусіз. Қырғыз ғалымдары да оны бүгінгі күні ерекше бағалайды. Соның бір белгісі – 1996 жылы осы Сантас маңында, Ш. Уәлихановтың «Манасты» жазып алуының 140 жылдығына орай «Санташ – 140» атты бірінші халықаралық ғылыми конференцияның өткені еді. Онда қазақтың ұлы ғалымының қырғыз халқының тарихы, мәдениеті, әдебиеті, географиясын, әсіресе, «Манасын» зерттеудегі ұлан-ғайыр еңбегі кең ауқымдағы салиқалы әңгіме арнасына айналған-ды. Келелі жиынның қорытындысы Шоқанның «Көкетайдың ертегісін» жазып алған жеріне ескерткіш белгі орнату рәсіміне ұласты. Қырғыз ағайындар үйдей тастың бетіне «Бұл ескерткіш қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 1856 жылы «Манас» жырын жазып алу құрметіне қойылды» деген сөздерді ойып жазды. Көлемі одан сәл кішілеу екінші тасқа Шоқанның өз қолымен салған Алатау көрінісі түсірілді. Сол жолы мұндай конференцияны сұлу табиғаты келіскен осы Сантас төрінде реті келсе, бес жыл сайын өткізіп тұру ұйғарылған-ды.

Қазақ-қырғыз зиялыларының Шоқанның асыл тәні мәңгілік дамыл тапқан Алматы облысы жерінде бас қосып, «Ұлы Даланың мирасы – «Манас» атты халықаралық жиын өткізуі де сол дәстүрдің  қайта түлеп жаңғырған көрінісіндей әсер береді.

Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ,

жазушы, зерттеуші

Суреттер ғаламтордан алынды