КӨШПЕНДІЛЕРДІҢ ӘСКЕРИ ӨНЕРІ

Уақыты: 06.08.2019
Оқылды: 2475
Бөлім: ТҮПСАНА

Облыстық туризм басқармасының ұйымдастыруымен Үшқоңыр тауының бөктеріндегі «Nomad» этноауылында «Көшпенділер әскери өнерінің апталығы» фестивалі өтті. Шараның әр күнінде көрермен назарына Қазақстан аумағында әскери өнердің қалыптасуының түрлі кезеңдерін қамтитын тақырыптық бағдарламалар ұсынылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясындағы фестивальдің салтанатты ашылуында тарихи кезеңдерді сомдаған аттылы жауынгерлер ортада шерумен жүріп өтті. Қонақтар алғашқы күннен ұлы далада атой салған жауынгер халықтың әскери өмір салтымен жан-жақты танысып, ертеде сақ, үйсін, қаңлы, түріктер деген атаумен әлемге мәшһүр көшпенділердің мәдени мұрасына барынша қанықты. Әскери өнер тартымды қойылым арқылы көрсетілді. Атпен шабуылдау әдістері, әртүрлі тарихи кезеңдердегі бес қару түрлері мен оны шеберлікпен меңгеріп, ат үстінде қолдануды көпшілік қызыға тамашалады. Батырлардың жекпе-жегі, шауып келе жатқан аттың үстінде түрлі акробатикалық қимылдар, бүркітші, садақшы, көкпаршылардың өнері, аударыспаққа түскен білекті жігіттер мен ат құлағында ойнаған шабандоздардың ептілігі тәнті етті. 
Түрік қағанаты кезеңіндегі әскери жорықтық лагерьлерінің қалай ұйымдастырылғаны да жұртшылық назарына көз тартар көріністермен кеңінен ұсынылды. Сол кездегі және ерте көшпенділер уақытындағы қару-жарақ, сауыт-сайман түрлері көрсетіліп, ортағасырлық түркі қаруы бойынша балаларға және ересектерге шеберлік сыныптары өткізілді. Әскери киім үлгілері мен жауынгерлер соғыста қолданған  айбалта, алдаспан, қылыш, найза, садақ сияқты қарулар таныстырылды. Ат үстінде қылыштасу, найзаласу, садақ тарту сияқты ұрыс тәсілдерімен қатар  қазақтың дәстүрлі ұлттық тағамдарының дайындалу ерекшеліктері де туристерді қатты қызықтырды.
Апталық бағдарламасында белгіленген әрбір іс-шара тақырыптық атаулармен, саяхатқа шығумен, жанды музыкалық қойылымдармен және бүкіл көрермен үшін қызықты шеберлік сыныптарымен үйлесім тапты. Қонақтар қолөнершілердің көшпелі шеберханаларын аралап, ондағы түрлі тұрмыстық және зергерлік бұйымдарды тамсана тамашалап, жоғары талғаммен орындалған кәдесыйларды естелікке алу мүмкіндігіне ие болды. Үшқоңыр жайлауында дәстүрлі ән-жыр қалықтап, мың бұралған бишілердің өнері тамашаланды.
Этнотур Шарын мемлекеттік табиғи саябағы арқылы Шонжы ауылына бет алды. Айта кетерелігі, Шарын шатқалы – Алматы қаласынан екі жүз шақырым жерде орналасқан. Ол – америкалық Гранд-Каньонның шағын көшірмесі.  Бұл табиғи құбылыс палеоген дәуірінде отыз миллион жыл бұрын жер қыртысының сынуы нәтижесінде пайда болған. Каньонды тамашалағаннан кейін турне қатысушылары Шонжы ауылына да жетті. Ұйымдастырушылар австралиялық блогер Дэниель Бэсэдиннің «home stay» (түнге тоқтау) ұсынысын қабыл алып, ұйғырлық Төлегеновтар шаңырағында басқосты. Гулистан Төлегенова ұйғыр тағамдарынан шеберлік сыныбын өткізіп, қатысушылар кешкі астарын өздері дайындауға мүмкіндік алды. Яғни, әркім өзінің ыңғайына, талғамына қарай лағман әзірледі. 
Сондай-ақ, гастрономиялық тур өкілдері «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи саябағына да атбасын бұрды. Тянь-Шань тауының інжу-маржанына апарар жолда турне қатысушылары қонақжай отбасының шаңырағына өзінің соңғы «дәмді» аялдамасын жасады. Ерлі-зайыпты Асхат пен Жанар туристерге қызмет көрсету саласында жүргендеріне екі жылдан асты. Арнайы біздің топ үшін шығыс асханасынан ас мәзірі дайындалды. Оқыту барысында ұйғыр палауын, татар чак-чагы мен қазағымның жентін дайындауды үйретті.
Одан әрі топ Көлсай көліне де келіп жетті. Таумен қоршалған, ағаштармен көмкерілген көл әсемдігі көрген жанның жанарында сақталып қалары сөзсіз. Көлдер тектоникалық жағдайлармен Қайыңды және Көлсай өзендері аумағында пайда болған. Аталған Көлсай өзені аумағында Жоғары, Ортаңғы және Төменгі Көлсай деп аталатын 3 көл бар. Көлсайға барған кезде бірден көз жауын алатын Төменгі Көлсай теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте орналасқан. Оған жол төселіп, жеңіл машинамен жетуге мүмкіндік жасалған. 
«Көлсайдың жолы жасалса» дегенді ес кіргелі естіп келе жатқан шығармыз. Енді бүгін қарасақ… Тіршілік жүріп жатыр. Көлсайға барар жол ағымдағы жылы толықтай аяқталады. Онымен қоса салынатын инфрақұрылымдар да кезең-кезеңімен іске аса жатар. Әйтеуір, көл қараусыз, қорық іздеусіз емес.  
… «Қызыл жебеде» шалға тиген бақытсыз Нүкетай әке-шешесімен, ел-жұртымен қоштасып үлгере алмай суыт аттанып, көңілсіз ұзатылатын. Жазушы сонда жас сұлуды қатал әке-шешемен емес Көлсаймен қоштастыратын: «Қош, көріктім Көлсай, – дейді Нүкетай. – Енді сендей көл көре алмаспын». Бар наласын бірауыз сөзге сыйдырып, тұншыға жылап кетіп бара жатқан ару келеді көз алдыңа. Сол сияқты Көлсаймен қоштасарда біздің де көңілді беймәлім бір мұң билейтіні несі екен?..

Серік САТЫБАЛДИЕВ