"Мұқағали" энциклопедиясы жарық көрді

Уақыты: 29.11.2016
Оқылды: 2720
Бөлім: ТҮПСАНА

Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы – халқымыздың рухани қазынасы. Асыл жырлары жылдар жылжыған сайын биіктеп барады. ХХІ ғасыр ұрпақтары да ақын өлеңдерін өзінің сырласындай, мұңдасындай көретіні сондықтан. Жуырда ақынға қатысты тағы бір құнды дүние жарық көрді. «Абайдан» бастау алатын тұлғалық энциклопедия қатарын енді «Мұқағали» толықтырды. Бұл көзайым хабар әдебиетсүйер қауымды елең еткізді.

Осы аптада Қазақстан Жазушылар одағында «Мұқағали» энциклопедиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Игі шараға ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері және мұқағалишыл оқырман қатысты.
Тұсакесер рәсімінде сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын  Нұрлан Оразалин энциклопедия шығарудағы атқарылған істің мәнісін жан-жақты әңгімелеп берді.
Аспантаулар өлкесінен поэзия әлемін бетке алған жалынды жасқа ақ батасын беріп, болашағын оңға қарай болжап, қолтығынан демеген ақын Әбділда Тәжібаев еді. Мұқағалидың үшінші жинағы «Қарлығашым, келдің бе?» кітабына Әбіш Кекілбаевтың «Ішінде бір де бір жаман өлеңі жоқ» деп баға беруі оның қуаты мен талантына риясыз сенгендік болатын. 
Ал Фариза Оңғарсынованың Мұқағалиды құрметтеуі талантты талант танидының жарқын мысалы. Сонымен қатар, ақын тағдырына қатысты жайлар аз емес. Ендеше «бір өлеңі бір елдің мұрасындай болған» ұлы тұлғаның болмыс-бітімін көрсететін энциклопедияның жарыққа шығуы игі шара екені даусыз.
– Бұл істі еліміздің рухани өміріндегі үлкен оқиғаға балаймын. Мұқағалитануға бетбұрған ізденушілерге аталған энциклопедияның берері мол. Өздеріңіз білесіздер, ақын ұрпақтары тізгінін ұстаған халықаралық Мақатаев қоғамдық қоры көптеген мазмұнды шаралардың ұйытқысы болып келеді. Энциклопедияның шығуына олардың зор ықпал жасағанын да атап айтқанымыз жөн. Сонымен қатар, 100-ші нөмірін оқырманға ұсынған «Мұқағали» журналының қызметіне де ризамыз. Қазір ол республиканың маңдайалды басылымдарының қатарына қосылды. Энциклопедияға тигізген пайдасы да айтарлықтай, – деді Нұрлан Оразалин.
«ҚазАқпарат» баспа-корпорациясының президенті Қонысбек Ботбай бастаған топ энциклопедияны шығаруға атсалысты. Кезінде 20 жылдан аса «Қазақ энциклопедиясы» баспасында жетекші маман болған журналист-жазушы Таңатқан Рсаевтың сіңірген еңбегі де аз емес. Ол «Абай» энциклопедиясын шығаруға атсалысқан жылдардағы мол тәжірибесін «Мұқағали» энциклопедиясына тиімді пайдаланды.
– «Абай» – тұлғалық энциклопедияның басы. Сондықтан оған барша зиялы қауым белсене және қуана қатысты. Мәселен, Зәки Ахметов, Мекемтас Мырзахметов секілді көрнекті ғалымдардың өзі редакция қызметкерлерімен бірге мақала жазып отырғандары әлі есімде. Осыдан бастап тұлғалық энциклопедиялар сериясы пайда болды. Оған да бойымыз үйренді. Энциклопедия шығарудың өзіндік мектебін қалыптастырдық. Соған сай келетін өлшемдердің сақталуына осы жолы да жіті көңіл бөлдік, – деді Таңатқан Рсаев.
Әрине, бір адамға арналған көлемді энциклопедия шығару оңай емес.
Әсіресе, тағдыры сан қилы Мұқағали Мақатаевтың шығармашылық өмірі тіптен күрделі. Тартыс пен қайшылыққа толы ақын жолында не кездеспеді дейсіз?! Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Бексұлтан Нұржекеев Мұқағали мұраларын жинақтаған және зерттеген кездерінде өзі куә болған маңызды жайларға аз-кем тоқталды. Соларды бүгінгі жаңа кітаптан көргісі келетінін аңғартты. Тұсаукесерде Шәмші Беркімбаева, Ғайныкен Айдарханқызы, Оразақын Асқар, Иран-Ғайып секілді есімі елге белгілі адамдар да кесек-кесек ой айтты. Жиналғандар жаңа кітапты қызыға парақтады. Энциклопедияның алғысөзінде оның жалпы мазмұнына шолу жасалған. «Мұқағали Мақатаев шығармаларын жан-жақты талдап, түсініктеме беру мақсатымен баспадан шығарылып отырған бұл кітапта ақынның 1000-нан астам өлеңдері мен 16 дастаны, хикаяттары мен әңгімелері, «Қош, махаббат» атты пъесасы және әдеби-сын мақалалары туралы сөз болады.  Энциклопедияны әзірлеушілер жекелеген зерттеулер мен күнделікті баспасөзде жарияланған материалдарға сүйеніп, оларды бір жүйеге түсіруге күш салды», – делінген шолуда. Жобаға Бақытгүл Айдарова, Қонысбек Ботбай, Таңатқан Рсаев авторлық жасаған. Редакторлары – Қуанышбай Құрманғали, Әділхан    Күлімбетов. Фотосуретшілері – Асылхан Әбдірайымұлы, Болат Есіркепов. Суретшісі – Тоққожа Қожағұл. Кітаптың көлемі – 90 шартты баспа табақ. Таралымы – 2000 дана.
Зиялы қауымның қолдауына ие болған «Мұқағали» тұлғалық энциклопедиясы байтақ еліміздің түкпір-түкпіріне жол тартты. Ол әрбір кітапхананың сөресінде тұратын болады. Ендігі бағасы уақыт пен оқырмандардың еншісінде.

Болат Мәжит
Алматы.