"АҚ ҚАУЫРСЫН": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖАС ҚАЛАМГЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 06.09.2019
Оқылды: 1999
Бөлім: ТҮПСАНА

Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында Қазақстан халқы тілдері күніне және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай салтанатты жиын өтті. Шараға қонақ ретінде облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов, ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ардагер журналист Әли Ысқабай, Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, белсенді жастар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Жиында облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген «Ақ қауырсын» кітабының тұсауы кесілді. Кітапта өткен жылы «Мәңгілік елдің мұраты» атты байқауда ең үздік деп танылған туындылар топтастырылған. Айта кетейік, «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесінің жас әдебиетшілер үшін берер мүмкіндігі орасан.

Биылғы байқауда поэзия жанры бойынша І орынды жас ақын, газетіміздің тілшісі «Жолдағы ауыл» «Тарих үйі» сынды тың туындыларымен бәйгеге түскен Мұхтар Күмісбек иеленсе, прозадағы үздік ретінде «Киелі топырақ» атты әңгімесімен қазылар алқасының оң бағасын алған Елдос Тоқтарбай марапатталды. Қос жеңімпазға облыс әкімінің «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесі табысталды. Сондай-ақ, өлеңде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан Әлия Іңкәрбек пен Ақниет Төленді тиісінше екінші және үшінші орыннан көрінді. Ал жазушылық қырымен көпті таңғалдырған Әсем Жұмақан проза аталымында екінші орынды қанжығалады. Үшінші орынды жас талант, әріптесіміз Мәулен Әнербай иеленді. Жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйлықтар мен дипломдар берілді.

Жетісу жеріне кіндік қаны тамған, дүниеден өткен ақын-жазушылардың есімін ұлықтап, шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен «Жетісудың жыр керуені» жобасы бойынша әлеуметтік желілерде дәл осындай хештегпен байқау ұйымдастырылған болатын. Нәтижесінде, «Ең жас қатысушы» номинациясымен 6 жасар Айша Бестібай, «Ең үздік қатысушы» номинациясымен Шынаргүл Оңашбай марапатталса, «Ең көп таралым» номинациясына желіде 2600 дауыс жинаған Алтынай Базарбайқызы ие болды. Ақын Әбен Дәуренбековтің «Тамшыбұлақ» өлеңін оқыған Данияр Сейсенбаев «Ең сапалы бейнебаян», көптің көңілін қоңыр дауысымен тәнті қылған Дәулет Бейісбаев «Ең жақсы мәнерлеп оқушы» номинациясымен марапатталды.

Шара барысында мемлекеттік тіл саясатын белсенді насихаттаушыларға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Тіл саясаты комитетінің, облыс әкімінің, облыстық тілдерді дамыту басқармасының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңдарының талаптарына сәйкес рәсімделуін, олардың сауатты жазылуын қамтамасыз еткен «Тіл тазалығы» акциясы жеңімпаздары да марапаттан тыс қалдырмады.

«Дарын» жастар сыйлығының, «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесінің иегері Елдос Тоқтарбай сөз алып, Тілдер мерекесімен, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған күнімен шын жүректен құттықтады.

– Тіл қоғам үшін, жазушы үшін ұлттың өзегі. Тілдің қолданысын кеңейту аясында жастардың шығармашылығын қолдайтын, оларға серпін беретін байқаудың ұйымдастырылғаны және одан жүлде алу – біз үшін қуаныш. Оның үстіне ұлы ақынның туған күнінде жүлде алғанымыз біздің жадымызда мәңгі сақталатын бір тарихи оқиға болмақ. Шараны ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Өзім Нұр-Сұлтан қаласында тұрғаныммен, зерттеуімнің көк өзегі - Жетісу жері. Осы қасиетті жерден шыққан тұлғаларды танытсақ, тірілтсек қана Рухани жаңғырудың тұғырына жетеміз деп білемін. Сондықтан, Жетісу тарихының сан қырлы қатпарын жазудың бұл басы ғана. Көбесі сөгілмеген тарих көп. Оны жазу біздің – мұрат, – деді жас қаламгер.

"Ақ қауырсын" әдеби жүлдесін иеленген ақын Мұхтар Күмісбек те, қаламгер Мәулен Әнербай да "Жетісу" газетінің журналистері. Ұжым атынан екі жасқа зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілейміз.

Салтанатты шара соңы әуезді әнге ұласып, қатысушылар мен қонақтар естелік суретке түсті.

Аймарал ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ