"СЕН ТҮГІЛ, ПАТШАҒА ДА БАС ҰРМАЙМЫН": БІРЖАН САЛДЫҢ 185 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНДЫ

Уақыты: 13.09.2019
Оқылды: 2475
Бөлім: ТҮПСАНА

Тұмарлы тұлпарын тайпалтып, талай белесті артта қалдырған сал Біржан той өтер ауылдың үстінен түсіп, жанындағы серіктерімен алты қанат боз үйге сәскеде ошарылған. Оюлы барқыт көрпеге жамбастап жатып қадірлі қонақ ретінде сый көрген. Ертесінде күллі Көкшенің аспанын әсем ән тербеген. Жанындағы өнерпаз-дауылпаздар қарқара жаулықты анадан бастап селеу сақалды қарттарды да ишанға ұйыған жамағаттай өз әніне ынтық еткен. Дегенмен, асқақ дауыстың ең әсемі естілмегендей ел елегзи берген. Біржанды іздеген. Жұрағаттың небір өнер жорғасының сар желісіне, ғажайып әніне көңілі тоймағандай болып өзін аңсап жатқанын білген сал домбырасын қолға алған. Екі жаз кептіріп аршадан жасаған тиегі қонысында қалғанын сонда барып аңғарған Қожағұлдың асыл нәсілі ауылына ат шаптырып, сол мүкәмал дүниесін жеткізуді тапсырған.

Ауылдың шалғайлығын біліп, алыссынған бозбалалар енжарлық танытса, өнерсүйер әлеумет «бір тиекке бола тұлпарды ақ көбікке малындырудың қажеті қанша?» деген сыңай білдірген. Тумысынан бірбеткей әрі өнерге өзгелердей бейжай қарамайтын, домбырасының әрбір пернесіне дейін пейілмен зер салар салдың ол уәжге қолп ете түсер райын байқамаған көпшілік сазгердің қонысына ат шаптырып, аршалы тиекті амалсыз алдыртыпты.

Осы бір тарих болып, кейіннен аңызға телініп, ақыры әпсанаға айналған оқиғадан Біржан сал Қожағұлұлының асқақ келбетін, болмыс-бітімін, өнерге деген ұлы махаббатын тануға негіз бар. Шындығында киелі Көкше тауының оңтүстік пұшпағындағы қарағайы мен қайыңы, самырсыны аралас біткен, Бүркітті тауы, Жөкей көлі, Құттыкөл, Бұланты орманы болып созылып жатқан аңыз далада боз жусанмен кіндігін буып, бозала таңдай бозбала шағынан ұлы әншілік өнерін берік ұстанған Біржан салдың әр басқан ізі бүгінге аңыз-әңгіме болып жетуде. Ал, алты Алашқа атағы мәшһүр сол бабаның әрбір мұрасын бүгінде барша қазақ бойтұмарына балап, ақынды ардақтап жатса, ол да өткенге деген ұлы құрметтің белгісі деп топшылаймыз.

Сарыарқа атанған ұшы-қиырсыз жалпақ жатқан атыраптың төсінде сал-серілік ғұмыр кешкен Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 185 жыл толуына орай Ақмола облысындағы ұлы сазгердің атындағы ауданда дүркіреген той өтті. Бұрындары Еңбекшілдер деп аталған, бертінде ғана Біржан салдың атын иеленген өңірдің орталығы Степняк қаласында өткен тойдың әлқиссасы баба рухына тағзым жасаудан басталды. Аталмыш қаланың оңтүстік-батысында, кезінде ұлы керуені ұбап-шұбап сары далада дамылсыз жөңкігеніне байланысты «Абылай хан жолы» атанған даңғылдың шетінде орналасқан салдың құлпытасында Құран оқылып, алыс-жақыннан келген зиялы қауым бабаға деген құрметін көрсетті. Ескерткіш-құлпытаста ақындар мен ғалымдар ұзын сонар әңгіменің тиегін ағытып, барқыттың бөзінен ақындықтың сөзін асыл көрген дәуір дауылпазын аспандата ардақтап жатса, бірі әншінің дарынына шақ келер теңеу жоқтығын да айтып, ақеділ пейілдерін бүкпесіз жайған-ды.

Қазақта кім білмейді Біржан салды,
Ағызған қызыл тілден шекер балды,
– деп арқаның адуын ақыны Сәкен Сейфуллин жыр еткендей, күміскөмейден ән әуелеткен Ұлы Даланың дара перзентінің тойы ғылыми-практикалық конференциямен шымылдығын түрді. Әуелі зиялы қауым Сегізсері, Ақын серілердің табан ізі түскен құтты өңірдің тарихын баяндайтын бейнефильмді тамашалап, сазгердің шежіресін тарқататын бейнероликке көз жүгіртті.

Бүркітті асуынан талай өттім, 
Қалың ну орманыңда сайран еттім. 
Айнала Жөкей көлдің жағалауын,
Шіркін-ай, бір көруге арман еттім,
– деп жырлаған ақынның туған жерінің тау-тасы, өзен көлі керім-ақ. Табиғат әлдилеген болмыстан бұлқынып бұла жыр аспанға қанат қаққан дерсің. Содан болар, саф алтындай салмақты сөздер көмекейден ән болып атырапқа жөңкіген. Ал Бертістің Қожағұл, Қожамқұл, Айшуақ, Байшуақ, Жануақ атты бес баласының, түптеп келгенде Біржанның ғұмырнамалық хамсасы да сол сұлу табиғатты сүйсіне толғағандай бейнероликте жақсы баяндалған-ды.

«Біржан – қазақтың халықтық музыка мәдениетінің алыбы, сал-серілер, әнші-композиторлардың ұстазы!» атты ғылыми-практикалық конференцияның тізгінін ұстаған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев дала дүлдүлінің өмірі мен шығармашылығынан сыр тарқатты. Бұйра қайыңының бүрінен бал тамғандай кербез Көкше өңірінің алыптарының алғы қатарындағы салдың исі қазаққа ортақ перзент екенін, оның артында қалған жәдігерлері, әсем әндері қазақтың халық әнінің құдіретіндей болғанын, тіпті, «Жанбота», «Ләйлім шырақ» туындыларын білмейтін жанның кемде-кем екенін тебірене толғаған ол мерейтойдың беташары ретінде өтіп жатқан конференцияны аталмыш университет ұйымдастырып жатқанын да атаусыз қалдырмаған.

Өз кезегінде құттықтау сөз алған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов:

– Ақын - адамзатқа ортақ тұлға. Ол бір халықтың перзенті болса да оның ұлы шығармашылығымен адамзат сусынын қандырмақ. Сондықтан да жыраулар мен жыршылардың, кешегі абыздардың руынан гөрі рухына мән берген жөн. Ал Біржан сал бабамыз барша қазаққа ортақ дара тұлға. Оның ғажайып әндері жүрек қылын шертіп, сезімнің нәзік перделерін дөп басар сиқырлылығымен жанды еріксіз баурайды, – деп сал баба шығармаларының шоқтығы биік екенін жеткізді. Сонымен қатар, Ақмола облысы әкімінің ыстық сәлемін арқалап келгенін айтып, тойға деген тартуын ұсынды.

Қара домбырадан саз төгіп, сол сазбен жүректегі назын, заманаға деген зар-запыранын, шаттығы мен қуанышын, сүйініші мен күйінішін бірге шығарған салдың ғұмырының мәлім де беймәлім қырлары сөз етілген шарада бас баяндаманы Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов жасады. Ол: «ХІХ ғасырда қазақ поэзиясында жаңаша үрдіс, соны бағыт қалыптастырған Абай болса, музыкалық мәдениетімізге өзгеше ырғақ, жаңаша үн, әуен әкелуші Біржан болды. Біржан Арқада жер шоқтығы атанған, желі жұпар, жері бай, топырағы торқа, суы бал, күміс көлді Көкшенің күнгейінде, Сексенкөлдің бірі Жөкейдің жағасында 1834 жылы туды», – деп бекзат тұлғаның туғанынан бастап тіршілік еткен кезеңдерін, өз дәуірінде Сегізсеріден бата алған оғлан болғанын тілге тегершік етті. Сондай-ақ, бұл игі шара дүбірлі тойдың бір бөлшегі, жалғасы екенін жеткізіп, бұған дейін ұйымдастырылған ілкімді істерді санамалап өтті.

Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Адамға зияным жоқ жүрген жанмын.
Байлыққа, мансапқа да құмар емен,
Өзім сылқым, өзім сал, кімге зармын?
Жасым бар жиырмада, жасырмаймын,
Басымнан дұшпан сөзін асырмаймын.
Басымнан дұшпан сөзі асып кетсе,
Сен түгіл патшаға да бас ұрмаймын,
– деп тамырында тулаған тектілік қасиеттің қайнарын күлбілтелемей кесіп айтып, ашып көрсеткен ақынның ғұмыры мен шығармашылығы, аңызға телінген алуан түрлі оқиға сөз болған жиында белгілі айтыскер, ақын, жазушы, драматург Баянғали Әлімжанов баяндама жасап, ақын тұрғысында айтылып жүрген алыпқашпа әңгімелердің шындыққа жанаспайтынын атап өтті. Ол, сонымен қатар, тектілік пен бекзаттық, талант пен тағдыр тұрғысында ғажайып ойларын сабақтай келе Ақан серінің: «Біржан ән айтқанда аспандағы құсты атып түсірер құдіретке ие» деген өлшем-көлемі шексіз бағасын алған салдың саф өнердің сайыпқыраны, дүлдүлі екенін де тебірене термеледі. Расын да, ән өнерінің алыбына айналған тұлға тұрғысында айтылар кез келген пікірдің тінінде тектілік пен таланттың таудай екенін айшықтар ой жатады.

Бұл туралы Біржанның өмірін зерттеп жүрген Б.Әлімжановтың баяндамасынан бір аңғарсақ, осы тақырыпта қалам тартып жүрген Қарта Қаңтарбаев: «Жаздың бір тамылжыған кешінде арасы 4-5 шақырымнан отыратын Көшербай, Қоңды, Қатық, Қотыр, Сейтен, Байдалы, Өтей сынды ауылдардың адамдары мал суарып отырғандары сауынын доғарып, отын жарып жатқандары балтасын қоя салып, ауада қалықтаған бір әсем үнді ұйып тыңдап, таңырқағандар, бұл Біржанның дауысы ғой деп танып, қайда, қай жерде айтып отыр екен, әлде бізге келер ме екен?», – деп дәмеленген екен деп жаза келе, келесі күндері елден сұрастырса Біржан Жабағы ауылынан шығып үлкен қара жолға түскенде әнін бастағанын, сал шырқатқан тұстан жаңағы сұрастырғыш адамдарының тұрған жері, ара-қашықтығы 10-15 шақырым алшақ жатқанын қалам қасиетімен өрнектейді. Қаңтарбаевтың сол пікіріне сенер болсақ, салдың дауысы қозыкөш жерге еркін жеткен-мыс. Неткен дауыс десеңізші?! Неткен дарын еді өзі деп таңырқайсың, тамсана түсесің.

Өз заманында қоғамның түрлі келеңсіздіктерін жіпке тізіп, алдынан келгендерді айбарымен жасқап, жанына ергендерді жамандыққа тастамас тұлғаның ғұмыры мен ғұмыршырағданындай болған ұлы шығармалары, оның мәні мен мазмұны, тереңдігі мен теңдігі, өрлігі тұрғысында айтылар, зерттелер дүние көп. Конференция барысында сөз алған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Әбуев, ақын, жазушы, журналист Қорғанбек Аманжолов, белгілі күйші Жанғали Жүзбай сынды бірқатар зиялы қауым ақын, композитор Б.Қожағұлұлы жайлы пікірлерін ортаға салды.

Жер жаннаты Жетісудан туған өлкесі Біржан сал ауданына арнайы шақыртумен келген құрметті қонақ, «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейрам Жанәділов:

– Туған жердің суы бал, тасы мамық. Мен киелі Көкшенің кербез табиғатында әлдиленген аядай ғана Құдықағаш ауылында, сал Біржанның жерінде өмірге келіп, жаннат мекен Жетісуда қызмет атқарудамын. Қырық жылдық журналистикалық жолда ең алғаш рет арнайы шақыртумен өз өлкеме ат басын бұрдым. Есенқұл Жақыпбек деген ғажайып ақын «Біздің елдің жігіттері, жігіттердің төресі» деп жырлағандай, біз де осы елдің ақпарат айдынында желкен көтерген азаматымыз. Мынау кеудемдегі жұдырықтай жүрек ресми түрде осында келгеніме, баба тойына ортақтасып, рухына тағызым еткеніме атқақтап жарылайын деп тұр. Осының өзі түсінгенге зор мәртебе деп білемін, – дей келе облыс әкімі Амандық Баталовтың ыстық сәлемін алып келгендігін айтып, құттықтау хатын оқыды. Сара Тастанбекқызының портретін салтанатты түрде табыс етті.

Қазақ музыка өнерінің ұлы тұлғасы Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы әлемдік сахнада тыңдарманын тауып жүргенін барша жұрт жақсы біледі. Сол туындыға түрткі болған Біржан сал Қожағұлұлы мен Сара Тастанбекқызының Жетісу жеріндегі Ешкіөлмес деген аядай мекенде өткен атақты айтысы емес пе еді? Қыз бен жігіт айтысының айрықша дара үлгісі саналған сол сөз сайысын бүгінде жоққа шығарып, оның болмағандығы тұрғысында пікір білдіріп жүргендер баршылық. Ақын тойы аясында өрбіген конференцияның нүктесін қойған белгілі айтыскер, журналист, облыстық «Алатау» газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов сол айтыстың тарихта болғандығы тұрғысында, оның ұлы құндылығымыздың қатарында екендігі жөнінде терең талдау жасады. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1978 жылғы желтоқсан айындағы санында «Ақын Сараға соқтықпасақ қайтер!» тақырыбындағы мақаласында Ғабит Мүсірепов: «Өсер елді өсірмес қылықтар осындайдан бастап өрбиді. Бір ғасырға жақын жасасып, қанымызға да, жанымызға да сіңісіп болған атақты айтысты жоққа шығаруға кеткен еңбек – кесек бір тасты ойдан өрге қарай домалатумен тең» деп жазғанын, Тахауи Ахтановтың: «Соңғы кездерде осы айтыс туралы әрқилы пікірлер айтып, әртүрлі деректер келтіріп жүр. Бірақ, солардың көбі осы айтыстың поэтикалық жүйесін, стиль бірлігін тексермей, көбіне кәріқұлақ, ескілердің сөзіне сүйенеді. Ал, біздіңше, мықты деректі айтыстың өзінен, оның өлең табиғатынан іздеген жөн» деген пікірін, тіпті 1900 жылы Төребай ақынның: «Біржанмен сен екеуің айтысқаның,  көп елге мәлім болған бұдан бұрын», – деп Ақын Сарамен шаппа-шап айтыста айтқандығын Айтақын Мұхамедиұлы жіпке тізе келе осы бір ұлы мұраға қолсұғушылардың жосықсыз қылығына қынжылатындығын жеткізді.

Ақиқатында, бекзат өнердің ғажайып үлгісі саналып келген Біржан-Сара айтысына күмәнмен қараудың реті жоқ секілді көрінеді де тұрады. Өткен ғасырда бастау алған талас-тартысқа толы осынау жайтқа кезінде классик жазушы Сәбит Мұқанов та үн қосып, ақиқатты аршу үшін: «Айтыс тарихта болған.  Сараны Біржанның іздеп барғаны анық. Біржанның Нұржан дейтін ағасының баласы Ахметжанды мен қартайған шағында көрдім. Ахметжан «мен Біржанға атқосшы болып барған ем. Сараны көрдім. Айтысқаны рас» деп маған айтысты көзімен көргенін айтты», – деп жазды емес пе? Тіпті, заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің: «Анығында, «Біржан мен Сараның» айтысы болған. Бірақ, толық күйінде, алғашқы айтысқан жердегі түпнұсқасы толық сақталған жоқ» деуі тегіннен-тегін болмаса керек-ті деп пайымдайтынымыз анық.

Хош, сал бабаның 185 жылдық дүбірлеген тойы қыз бен жігіт айтысымен қыза түсті. «Біржанның інілері, Сараның сіңлілері» тақырыбындағы қыз бен жігіт айтысында алғашқы болып көкшетаулық Әлібек Серғазин мен қарағандылық Ботагөз Мұхиденова сөз барымтасына түсті. Сал-серілер салтанатпен ғұмыр кешкен өлкеден өнерге қосылған ақын болған соң айтысты мен бастадым деп аршындап келіп қарсыласына шүйліккен Әлібек, серілердей емес, серттен тайғышсың деп назын жеткізген Ботагөз ақын, яки алғашқы жұп халық қошеметіне бөленіп, даналар сүрлеуін қайта жаңғыртқандай болды. Өз кезегінде қарағандылық Мақсат Ақанов та бүгінгінің серісі атанғанын тағы бір дәлелдеп, Жетісудан келген Сараның сіңлісі Арзыгүл Қайымбекпен қыз бен жігіт өнерінің тамаша үлгісін көрсетті. Шаппа-шап айтыстың шашасын шаң қаппас жүйріктері көсіле сөйлеп, шешіле шындық айтып, тыңдарманның айызын қандырды. Ал, айтыс өнерінде өзіндік орны бар бүгінгі күннің ақтаңгері Дидар Қамиев пен Әсем Жұмағазина қоғамдағы келеңсіз жайттарды жіпке тізіп, арасында өткір әзіл айтысып, сал бабаның басқан ізн жаңғыртып, шығармашылығын насихаттағандай болды. Аламанға түскен алты ақын көпшіліктің көкейіндегі ойды дөп басып, той көрігін қыздырды. Әрқайсысы арнайы жүлдеге ие болып, қаржылай 250 мың теңгені қанжығаларына байлады. Атап айтар болсақ, Әлібек Серғазин Иманжүсіп атындағы, Ботагөз Мұхиденова Үкілі Ыбырай, Мақсат Ақанов Ақан сері, Арзыгүл Қайымбек Ақын Сара, Дидар Қамиев Біржан сал, Әсем Жұмағазин (Ережеп) Балуан Шолақ атындағы сыйлыққа ие болды.

Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң,
Кең жайлау құлазиды ел кеткен соң.
Бірге өскен кішкентайдан, қалқатайым,
Жүремін кіммен ойнап сен кеткен соң?
 – деп дауысын «он екі звот» соза  әуелеткен Біржан салдың дүбірлі тойында қазақтың небір жезтаңдай, күміскөмей әншілері шырқап салды. Олар сазгердің ғажайып әндерінен шашу шашып, баба заманында иықтас жүрген композиторлардың туындыларын да қоса насихаттады. Мерекелік концертте Қажыбай Жақин «Айбозым», Иманжүсіптің әндерін насихаттап жүрген Сәрсенбай Қасенов салдың «Адасқақ», Ерлан Рысқали «Ләйлім шырақ», «Жалғыз арша» және Ақан серінің «Маңмаңгерін» шырқаса, өзге де әнші-күйшілер дүлдүл ақынның музыка жауһарларын паш етті. Өз кезегінде Біржан сал аудандық «Көкек» ансамблі «Көкек» әнін орындаса, Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің камералық хоры ұлы мұралардың бірқатарын хормен орындап, көрерменнің көңілін көкжиекпен астастырғандай болды. Айта кетерлігі, дүбірлі тойға белсене қатысып, өнер көрсетіп, баяндама жасаған әнші-күйші, ғалым-жазушылар мерекелік медальмен марапатталып, аудан әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.

Дүбірлі тойдың ертесінде мерекелік салтанаттың ашылуында алғашқы болып аудан әкімі Ермек Нұғыманов құттықтау сөз алды. Ол саф өнер саңлағының сарқылмас мұрасына ие болған халықтың ұлы өнерге деген махаббаты зор екеніне дән риза екендігін жеткізді. Сонымен қатар сал Біржан тойының көрігі ұлттық ойынмен қыза түсетінін атап өтіп, алда өтер шараларға тоқталды. Өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттады.

Салтанатты жиыннан кейін Ш.Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық-драма театры қойылым қойды. Бабаның бет-бейнесін, болмысын көз алдыңа алып келіп, оның өнер үшін жасаған ерліктері баяндалған қойылым жұрт ықыласына бөленді.

Ат баптап, ит жетектеп, құс ұстаған халықтың қаны қызар тұсы – ұлттық ойынның өріс алуы. Баба тойында атан жілікті балуандар белдесіп, бозкілемнің маңын аспанға атты. Ал ұршықша иірілер епті де текті, тақымы тастай көкпаршылар көксеркені тақымдап, салым салып жатса, аламан жұрттың аруағын асырған аламан бәйге тойға келген әлеуметті тебіренткендей көрінді. Жалын желге тараған жүйріктердің жарысынан кейін өзге де ат спорты түрлері мен ұлттық ойындар орын алды.

Жыл басынан басталған дүбірлі тойдың екі күнге созылған жалғасы жоғары деңгейде өтті. Сал ғұмырынан сыр шертілді. Қыз бен жігіт айтысы насихатталып, ғажайып туындылары ел құлағында жаңғырды. Тұлпар баптап, құс жүгірткен, балуандығы да басым салдың әрбір өнерінен өріс алған жарыстар дүбірлеп өртті. Кербез Көкшенің төсінде өткен сол салтанаттың сәні мен мәні көрген көзді сүйсіндіріп, рухқа күш бергендей, сал дәурен күнге ынтық еткендей болды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Біржан сал ауданы,

Ақмола облысы