ТАЛДЫҚОРҒАНҒА ШЕТЕЛ ЖАЗУШЫЛАРЫ КЕЛДІ

Уақыты: 23.09.2019
Оқылды: 949
Бөлім: ТҮПСАНА

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде тұңғыш рет Азия елдері жазушыларының форумы өткені белгілі. Осы шара аясында әлемнің бірталай елінен келген қаламгерлер бас қосып, бүгінгі Азия әдебиетінің жетістігі мен табысы, алдағы міндеттері жайлы ой өрбітіп, пікір алмасты. Аталған форум аяқталғаннан кейін шетелдік делегаттар облыстарға шығып, оқырмандармен кездесу өткізіп, жұрттың ризашылығына бөленді. Осы орайда Түркияның «Илисам» қорының президенті Мехмет Нури Пармақсыз және Әзірбайжан ақыны, журналист, Әзірбайжан Жазушылар Одағының өкілі Хаял Рза аймағымызда болып, С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасында оқырмандармен кездесті.

Кітапханадағы кездесу Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай «Ілияс Жансүгіров – түркі халықтарының тұлғасы» атты тақырыптағы түрік, Әзірбайжан ақындарының қатысуындағы «дөңгелек үстелмен» айшықталды. Шара аясында ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы бейнефильм көрсетіліп, ілиястанушылардың баяндамасы оқылды.

Жиында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің доценті, ілиястанушы Шара Қияхметова ақын мұраларының зерттелуіне тоқталса, Б.Есімбекова мектеп бағдарламасына дайындалған Ілияс сағаттарын оқу нұсқасын ұсынды. Ілиястанушы, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас ақынның жұрт біле бермейтін қырлары туралы әңгіме өрбітіп, қарындасы Мақпал Андаспен бірігіп жазып, жуырда ғана баспадан шыққан «Қазақ журналистикасының жампозы» атты кітапты таныстырды. Сонымен бірге, түрік, Әзірбайжан елінен келген қонақтарға бірнеше данасын сыйға ұсынды. Осылайша, қаламгердің туындысы алыстағы Түркия мен Әзірбайжан еліне сапар шекті. Қонақтар елдеріне жеткен соң бұл еңбекті сол жердегі оқырмандарға таныстырып, түрік, әзірбайжан бауырларымыздың рухани мұрасына айналдыру үшін үлкен еңбек жасайтынын тілге тиек етті.

Түрік ақыны Нұри Пармақсыз өз елдеріндегі ақын-жазушыларға жасалып жатқан игілікті істерді айтып, өлеңдерінен үзінді оқыды. Алдағы уақытта Түркияда латын әрпімен шыққан 10 мың дана кітапты қазақстандық оқырмандарға сыйға ұсынатынын жеткізді. Оның бір бөлігі облыстық кітапхананың қоржынына түсетін болады. Әзірбайжан ақыны Хаял Рза облыстық кітапханаға 3 мың дана кітап сыйға тартып, кітапхана директоры Ғалия Тоқабаеваны Әзірбайжан мемлекетінің құрылғанына 100 жыл толуына орай шығарылған төсбелгімен марапаттады.

Шара соңында үш елдің өкілдері бірлесе жұмыс істеу жайын ақылдасты. Кітапхана оқырмандары К.Басхаева мен А.Жақсыбекова Ілияс өлеңдерін оқып, Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің студенттері қазақ күйлерін орындап, қонақтарды бір серпілтті.

Шолпан СҮЛЕЙМЕНОВА,

С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының қызметкері