Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"БАСЫҢДА ТҰРМАС ЖАЗ ДӘЙІМ": СӘДІҚОЖАНЫҢ САНАУЛЫ ӘНДЕРІ

Уақыты: 26.09.2019
Оқылды: 364

Сәдіқожа туралы мағлұмат тым көп емес. Оның бірнеше себебі бар. Өйткені, өмірден жас кетті. Соңында мұрагері болмады. Екіншіден, қазақтың басына түскен саяси науқанды қаршадайынан ол да кешірді, ес жиып еркін көсіле алмады. Әкесінен ерте айырылғандықтан ел есінде қаларлық оқиғалар ортасында бола алмады. Соңынан іздеп, сұрайтын адамдар дер кезінде шықпады және көзкөргендер бар кезде дерек жиналмады. Оған Кеңес өкіметінің келеңсіз кесір саясаты кедергі болды. Десек те, оның өмірдерегі тым аз болғанымен әндері аздың орнын толтырардай сүбелі.

Сәдіқожа тарихи атауы Қарадала деп аталатын, Құдайдың құдіретімен жер астынан шыққан ыстық суымен бұл күнде көпке мәлім қасиетті даланың төрі – Кетпен тауының етегінде 1917 жылы дүниеге келген.

Әкесі Мошан 35 жасында өмірден озған. Жасынан әнші атанған әрі суырыпсалма ақындығымен де, жыр-дастандарды жырлаған жыршылығымен де халық жадында қалған, аз ғұмыр сүрсе де, соңына өшпес мұра қалдырған талант иесі, Жетісу өңірі әншілік мектебінің алтын уығының бірі – Сәдіқожа әндері халықтық дәстүрмен тамырлас болғандықтан, ел жадына тез ұялап, жатталып қалды.

Ол қазақ ән өнерінің алтын қорына қосылған «Сары бидай», «Ахау, қалаулы-ай», «Ей, ахау», «Ахау, айым», «Сағынсаң, қалқа, өзің кел» секілді қайталанбас әндерді өмірге әкелді. Сәдіқожа 1931 жылы ұжымдастыру саясатының ықпалынан еріксіз Қытайға ауған туған-туыстарымен бірге жат жерге қоныс аударып, сол жақта 1946 жылы сүзек ауруынан қайтыс болды. Сүйегі Құлжа қаласының солтүстігіндегі тау сілеміндегі Білікші деген жерде жатыр.

Қазақ халқының дәстүрлі әншілік өнерінің тамыры тереңде. Осы терең тамырдан нәр алып, ұлттық дәстүрлі музыка өнерінің уызына жарыған әнші-композитордың бірі – Сәдіқожа Мошанұлының өмір дерегінен бұрын әндері елге кең тарады. Кең тарауының басты себебінің бірі – әндерінің мәтіні халықтың өзі сан ғасыр сүзгіден өткізіп, екінің бірі тез қабылдайтындай қарапайым қалыпқа құйып қалыптастырған қара өлең үлгісінде шығарылған. Еіншіден, осы қарапайым мәтінге сай өлең әуендері мен ән әуездері де халықтық мәнерге құрылған. Үшіншіден, егер мәтіні бұрыннан бар қара өлең шумақтарын сөзбе-сөз қайталаса, оны халық «Сәдіқожаныкі» демес еді. Ән мәтінінде Сәдіқожаның жекебасының аңсар-арманы, мінез-құлқы, ішкі тілегі менмұндалайды. Осы менмұндалаған мазмұн халық арасындағы жастардың да көкейіндегі арман-тілегімен дөп келіп, бірдей үндесе кеткен. Төртіншіден, Сәдіқожа әндерінің әуезі қара өлең әуендерінің қайталамасы емес, бұл ән әуездерінде сазгердің өзіндік төл қолтаңбасы, жеке авторлық «мені» әннің әр иірімінен айқын көрінеді. Тегінде Сәдіқожа әндері қазақ дәстүрлі халық музыкасының табиғатына басқаша көзбен қайта қарауға мұрындық болады. Дәл осы Сәдіқожа секілді халық композиторларының әндерін сараптау арқылы біз бүгінде «халық әні» деп жүрген әндердің құрылымынан жеке авторлық мәнер мен машықты ажыратуға мүмкіндік алар едік. Сонымен бірге, жеке сазгер-әншілердің халықтық стильге өзіндік қолтаңбасын қоса алатындығына да көңіл бөлуге бет бұрар едік. Түбін қопара келгенде, бұрыннан айтып жүргеніміздей, халық әуендері мен ән мәтіндерінің әу бастағы иесі жеке тұлға болғандығы осы Сәдіқожа шығармашылығы арқылы тағы бір дәлелденер еді. Әрине, Сәдіқожа ән шығарып айтқанда, «мен осы халықтық мәнерге бір өрнек қосайыншы» деп алдына мақсат қоймаған. Ол елге өз үнін жеткізуді ғана көздеді. Яғни, елдің өз мәнер машығын түрлендіре, жаңғырта, жасарта жетілдіре келе өзгелерге ұқсамайтын сәдіқожалық мәнерді тайға таңба басқандай қалдырып кетті. Оның халық әніне деген сүйіспеншілігі мен Мұқағалидың қара өлеңге деген адалдығы сабақтас. Егер Мұқағали «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарса», Сәдіқожа да күпі киген қазақтың халық әнін шекпен жауып өзіне қайтарған біртуар әнші-сазгер. Сәдіқожа әндеріндегі төлиелік қолтаңбаны халықтық мәнерден қалай ажыратып аламыз? Ол мүмкін бе? Әрине, мүмкін. Алдымен әндерінің мәтіндік-әуездік құрылымына назар аударалық. Мысалға ең мәшһүр «Сары бидай» әнін алайық.

«Біздің ауыл Кетпеннің етегінде». Сәдіқожаның ауылы Ұйғыр ауданына қарасты, жоғарыда айтқанымыздай Қарадаланың төрі Кетпен деген жерде. Сонда туып, сонда өскен. Ал енді басқа адам яғни, басқа ауылда туып-өскен жан өлеңінің басында «Біздің ауыл Кетпеннің етегінде» деп айта алмас еді. Демек, бұл әннің даралық сипатының бірінші белгісі. Осы жолда халықтық сөз саптау салты бірден көзге ұрады. Салыстырыңыз: «Біздің ауыл сұрасаң Белтұрғанда», «Біздің ауыл Шалкөде жайлауында», «Біздің ауыл Текшенің төрінде отыр», тағы басқалары. Осы жолдардың бәрінде дерлік қайталанатын «біздің ауыл» тіркесі – халықтық мұраға тән тұрақты формула.

«Ерте шықсам, ауылыңа жетемін бе?» Сәдіқожа сүйгенінің алыстағы ауылына жетер-жетпесіне күмәнді. Мұндай күмән елдің бәрінің басында болуы мүмкін емес. Ән мәтінінің даралық сипатын айқындай түсетін тағы бір дәлел – осы екінші жолдың бірінші жақтан, яки тек Сәдіқожа атынан айтылып тұрғандығы. Яғни «мен ерте шықсам, сенің) ауылыңа жетемін бе?» деген мазмұнды жеткізіп тұр.

Сары бидай. Рас, ән құрылымында қайтарма сырт көзге бәлендей қызмет атқарып тұрмаған, әйтеуір айтыла салған қосалқы сөздер жиынтығы болып көрінеді. Бірақ, мұнда ән шығарып айтушыға қатысты ең қажетті себеп бар. Ол себеп әннің даралық сипатын айқындайтын дәлел деуге де болады. «Сары бидай» деген қай мағынада айтылған сөз? Бұл кәдімгі мезгілі жетіп піскен сары бидай ма әлде сүйген қызының есімі ме, болмаса оның лақап аты ма? «Сары бидай» ұғымы тұрақты тіркес ретінде қазақ тілінде Сәдіқожаға дейін сақталмаған. Мысалы, «сары қыз», «сары алтын», «сары қымыз», «сары қамыс», «сары ауыз», «сары дала», «сары алқап», «сары қарын», «сары көл», т.б. тіркестер кездескенімен «сары бидай» тек Сәдіқожаға ғана тән болып тұр. Оның үстіне Сәдіқожаға дейін «сары бидай» деген тіркес қызға қатысты айтылмаған. «Бір бидай» деген ән бар. Ол да қызға арналып айтылады.

Көңілім сүйген таңдаулым, бір бидайым,
Шырқап әнге саламын келсе ыңғайым.
Мен өлеңге салғанда тыңдарлықтай,
Ықыласпен, бір бидай, бар ма жайың?

Демек, қызды бидайға теңеу халық санасында бұрыннан бар Мысалы, «Қыз емес, қыздың аты қызыл бидай». Ал «сары бидай» деп айту жаңалық. Бұл айтым Сәдіқожаның авторлық-шығармашылық төл тіркесі. Енді әннің шығу тарихына аз-кем тоқтала кетейік. «Ұл – он үшінде отау иесі» деген ғұрыппен Сәдіқожаға текті жерден қыз әперемін деп әкесі Мошан Аламан руының аты мәлім адамы Тұрғожаның қызы Әбзелханға құда түседі. Бірақ құдалық екі жастың шаңырақ көтеруіне жалғаспай қалады. Кеңес өкіметінің жаңа заңдары ескінің бәрін тәрк етуімен қоймай, кәмпеске, ұжымдастыру, отырықтандыру деген саясаттарды жүзеге асырамыз деп айрандай ұйып отырған елдің арасын бүлдіреді. Осы бүліншілік ел мен елді ажыратады. Бірі үдере көшіп қырғыз асады, бірі – қытай ауады. Сөйтіп, Сәдіқожа мен Әбзелхан секілді талай жас қосыла алмай арманда қалады.

Сәдіқожа бар-жоғы 14 жасында кеңестік қуғын-сүргін қысымына шыдамаған елмен бірге қытай жеріне кетеді. Осылайша Әбзелханға үйлене алмай, қайда екенін білместен бар арманы ішінде қалады. Ауған ел етек-жеңін жиып, ес алған шақта ауыл ішінде айтысып жүріп Сәдіқожаның атағы шығады. Ондай айтыстың бірі – Алжан руының Әлімбай деген азаматының Бекзада деген қызын ұзату тойында болады. Сәдіқожа айтысады. Қыз бозбала түн ауғанша айтысып тоқтай алмайды. Өйткені, айтысушылар Сәдіқожа мен Бекзада болады. Екі жақ намысқа басып думанды ерегеске ұластыра бастайды. Істің соңы насырға шауып кетпесін деп Сәдіқожа айтысуын доғарып, қыздың аужарын айтады:

Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң,
Көк жайлау құлазиды-ау ел кеткен соң-ау,
Жолыққанша аман бол, амал қанша?
Бірге өскен кішкенеден құрбым едің-ау,
Ойнаймын енді кіммен сен кеткен соң-ау, 
Жолыққанша аман бол, амал қанша?

Кекілін кескен кер атым-ай,
Жастайдан өскен Бекзатым-ай!
Жанымда бірге жүрген жайдарлым-ай,
Жаутаңдаған көзіңнен айналдым-ай.

Тыңдап отырған үлкен-кіші түгел жылайды. Жылап тұрып Бекзада былай депті:

Түйе келер аңырап «ботам-ау» деп,
Қабырғаңа жүк артса батады-ау деп.
Мен жылаймын күні ертең барған жерде,
Оң жағында біреудің жатам-ау деп
Жалған-ай, көңілдің шіркін қалғаны-ай!
Дүниеде қыз мұңлық, мен де мұңлық,
Болып мұңлық анадан неге тудық? 
Болып мұңлық анадан туғамыз жоқ,
Ата-баба бұрынғы жолын қудық, 
Жалған-ай, көңілдің шіркін қалғаны-ай!

Болашақ күйеу жігіттің сыбайластары мен өз жақтастары арасында қызылшеке төбелеске жол бермеудің амалымен Сәдіқожа тысқа шығып кетеді. Ауылына қайтып келе жатқанда жол бойы бидай алқабының тұсына келгенде аттан түсіп бидайдың бір сабағын жұлып алады да:

– Мынау түндегі Бекзада қыздай пісіп, жетіліпті. Кімнің қазанында қуырылар екен?! – дейді. Сонда қасындағы бір серігі:

– Кім орып алса, соның қамбасына түсіп, қазанында қуырылады да, – депті. Сарғайып піскен бидайды ұстаған күйі Сәдіқожа: – Менің сары бидайым қайда жүр екен? деп бұрын соң естімеген бір әуезбен «Сары бидай, сағындым, қалқам, ауылыңды-ай!» деп шарықтата шырқай жөнеліпті. Көп ұзамай бұл ән бүкіл ауылға жайылады.

«Сары бидай, Сағындым, қалқам, аулыңды-ай». Бұл қайтарма не үшін керек? Басқаша айтқанда, қайтарма қандай қажеттіліктен туындайды? Біздіңше, әннің негізгі діңгегі, бейнелеп айтсақ, алтын қазығы осы қайтармада.

Ән әуезінде дәл осы қайтармадағы мелодия айтылмай қалса, ән өзіне ғана тән басты ерекшелігінен айырылып қалады. Тіпті, айтылмай қалуы ақылға симайды да. Өйткені, екінші және төртінші жолдың соңғы бунағының соңғы буыны көтеріңкі дауыспен айтылады да ары қарай тағы да жалғастыру екпінімен сабақтасады. Осы екпінді әрі қарай сабақтастырмай, сол күйінше қалдыру ән құрылымына қайшы. Бұл – халықтық ән дәстүріндегі мағынасыз жеке дыбыстардан, болмаса бір, екі кейде үш сөзден тұратын қайтармаларды белгілі бір ойды білдіретін біртұтас сөйлеммен алмастыру – жеке дара авторлық қолтаңба екендігін дәлелдейтін тағы бір айғақ.

«Ақ тамақтан емінтіп бір иіскетсең-ау», «Ақ тамақ» тіркесі қазақ тілінде қалыптасқан эпитет. Қыз сұлулығына қатысты айтылады.(«аршын төс, алма мойын», «күлім көз, оймақ ауыз», «ақ тамақтың астынан күн көрінер», «алма мойын, ақ тамақ», «бұраң бел», «дөңгелек көз», «бота көз, құлын мүсін», «қара нәркес екі көз», тағы басқа) «Тіліңнің ұшын қойып, түбін жалат» деп әндететін қазақта ақтамақтан иіскету, емірене иіскеу ұғымы да бұрыннан бар. Ал енді сол ақтамақтан емінте иіскету – Сәдіқожаның жаңалығы. Бұл да «Сары бидай» әнінің жеке авторлық төл тумалығын айқындайтын бір мысал.

«Айналақтап қасыңнан кетемін бе». Бұл жолда да автордың жеке өзіндік сөз қолданысы көрінеді. Қазақ тілінде көбінесе «айналсоқтап» деген сөз алысқа ұзай алмай, төңіректеп, бір келіп, бір кетіп жүруді білдіреді. Мұнда да сол мағына қылаң береді. Бірақ мұндағы Сәдіқожа айтымында алыстан айнолсақтауға қарағанда нысанның дәл қасында айнала жүріп алу түсінігі бар. Сонымен бірге қазақ ұғымында адамды беталбаты айналмайды. Ең жақсы көрген адамын, жақсы көрген затын айналады. Айналудың астарында соның бойындағы бар нәрсені айнала жүріп өзіне қабылдап алу мағынасы да, сонымен бірге қорғау ұғымы да және өзгеге қимау түсінігі де бар. Әннің қайырмасындағы:

Есіктің алды тал, қайың,
Басыңда тұрмас жаз дәйім,
Қалқатай еске түскенде,
– деген сөз тіркестері қазақ ұғымында әу бастан бар. Дәл осылай айтылмаса да астарындағы ой әртүрлі құрылымда, басқаша пішінде айтыла береді. Ал енді, «Сағынып сонда Сары бидай әнге салғаным» деген айтылым тек жеке адамның яғни, Сәдіқожаның ғана аузынан шығады. Өйткені сүйген қызын «Сары бидай» деп атаған да өзі, «Сары бидай» деп ән шығарған да өзі, сол «Сары бидайды» сағынған да өзі. Сол сағыныштан «Сары бидай» деген әнін шырқаған да өзі.

«Қойды басым арылмай бұлттан бір күн». Қазақтың қалыптасқан қара өлеңдік құрамында өлең жолы дәл осылай құрыла бермейді. Қара өлеңде сөздер, сөздердің тіркесімі, айтылымы тілге жеңіл, айтуға оңай, естуге, қабылдауға, түсінуге, ұғуға да оңтайлы келеді. Бұл жол халықтың қара өлеңінде «бұлттан бір күн арылмай қойды басым» немесе «арылмай қойды басым бұлттан бір күн» яки «басым қойды арылмай бір күн бұлттан» дегендей, құрылар еді. «Қойды басым» деген бунақ жеке тұрғанда «басым ауырғанын қойды», деген секілді мағына берер еді. Егер осы іспеттес мағынада құрылса, онда шамамен «қойды басым емнен соң ауырғанын» сияқты түзілер еді. Ал Сәдіқожа әніндегі «Қойды басым арылмай бұлттан бір күн» секілді тосын тіркес сөз жоқ, жеке шығармашылық нәтижесі.

«Ақ маралдай керіліп шықсаң шіркін». Біз бұл жолдағы «ақ марал» деген тіркеске ғана тоқталайық. «ақ бота», «ақбоз ат», «ақ тұйғын», «ақ сәуле», «ақ жүз», «ақ маңдай», («ақ бөпе», «ақ қайың») секілді ақ түске байланысты теңеу, эпитеттер халық әндерінде, халық композиторларының шығармаларында жиі кездеседі. Маралға қатысты да бар. Мына жолда кер марал деп айтылса да жарасымды. Бірақ мұнда кез келген марал емес. Өйткені, кез келген марал керіліп жүре алады. Шанда ғана кезігетін ақ маралға теңеп тұр. Бұл да авторлық ізденістен туған тіркес.

Сәдіқожа Мошанұлының «Жетісу әуендері» жинағында төрт әні, қалған ел ішінде табылған тағы үш әнін хаттау нәтижесінде әншінің шығармашылығына тән жеке қолтаңбасы туралы түсінік қалыптастыруға болады. Өз туындыларында негізінен қара өлең үлгісін өзек етеді. Сәдіқожа әндерінде қара өлеңнің алуан жанрлық топтарын кездестіруге болады. Олар көшпенді тұрмыс-тіршіліктің ахуалын баяндайтын «қамшы өлең», дастарқан басында жырланатын «шай өлең», ғашықтық-махаббат тақырыбы және одан адамның алатын тағылымы философиялық терең тұжырым, әннің тыңдаушысы мен әнді айтудың өзіндік сырларын баяндайтын «өлең туралы өлең» арқылы көрсетіледі. Яғни бұл әндері өмірдің сан алуан қырларын қамтиды. Халық әндерінде қалыптасқан бұл жанрлық сүленің бояуын кетірмей, Сәдіқожа қара өлеңге жаңа серпін берді.

Сәдіқожа шығармашылығы өңірдің халық әндерімен біте қайнасқан. Онда Жетісу әндеріне тән интонациялық леп, әуендік өрнек арқылы айқын сезіліп тұрады.

Сәдіқожаның ел жүрегінен орын алып, бүгінге жеткен тағы бір әні «Ахау, айым». Әнді алғаш жеткізуші – әйгілі әнші Дәнеш Рақышев. Ғалым Құныпия Алпысбаевтың айтуы бойынша түсірілген ноталық нұсқасы тұңғыш рет «Жетісу әуендері» антологиясына енген. Эфирде 1970-жылдардан бері орындалып келеді. Ән бұрын Жәнібек Кәрменов құрастырған «Қазақ әндерінің антологиясына» (1990 ж.) халық әні ретінде жаңсақ енген болатын. Дәнеш жазбасы бойынша әннің авторы Сәдіқожа Мошанұлы екені анықталған. Бұл ән Сәдіқожаның ақындық өнерімен сабақтасып жатқан туындылардың бірі деп санауға болады. Себебі, ән қара өлең үлгісінде шығарылған. Мұнда «қара өлеңнің адам шерін тарқата алатын құдіреті байқалып, сөздің нарқын түсініп, көмейден ағызып, бар дауыспен шырқаған әнші ғана тыңдаушы жүрегін баурайды», – деген халық арасында қалыптасқан түсініктер тарқатылады. Әйтсе де, әннің негізгі кейіпкері – сұлулық туралы болғандықтан, лирикалық әнді шырқаған әнші де қуанышты сезімге бөленген.

«Ахау, қалаулы-ай». Бұл әнді де жеткізген Дәнеш Рақышев. Алғаш Жәнібек Кәрменов құрастырған «Қазақ әндерінің антологиясында» жарияланған. Кейін ноталық нұсқасымен «Жетісу әуендері» антологиясына енген. Біз сол академиялық жинақтан алып талдап көрмекпіз. Бұл әнмен Сәдіқожа ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы сал-серілердің ғашықтық махаббат лирикасы бағытындағы өшпес туындыларына өзіндік үлес қосты.

Қалаулысына деген ыстық сезім майда мажорлы пентатоникалық дыбыс қатары кербез өрілген өткінші және көмекші дыбыстардан құралған иірімді де құбылмалы ырғақтық әрі әуендік өрнек және тұрақсыз өлшем арқылы шебер көрсетілген. Жетісудың қара өлеңдерінде кездескен тәсілдерше әннің лексикалы қайырмасындағы әуен қайталанса да, оның мәтіні шумақ сайын өзгертіліп айтылады. Әннің даму көлемі секстадан аспағанмен, мың құбылған әшекейлі өрнектер әннің негізгі шумағынан қайырмада да жалғасын тауып, сезім толқынымен баурап әкетеді. Қалыңдықтың сыңсу, қоштасу сарындарынан бастау алған пентатоникалық ладтық дыбыс қатары жайлы ғалым С.Елеманова: «Бұл саз Отанға, туған-туысқандарға деген ыстық сезімді жеткізеді, – деп өз ойын білдірген. Ал кәсіби әндерде бұл тәсілді ғашықтық сезімді білдіру мақсатында Арқа әншілері Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері сынды саңлақтар өз шығармашылығында ұтымды қолданды. Аталған тәсіл Сәдіқожаға да қалаулысына деген терең сезім мен сағынышты бар болмыс-бітімімен жектізуге мүмкіндік берді. Бұл әнде де қара өлең ерекшеліктері айқын көрінеді.

"Ей, ахау". Әнді жеткізген – Қуанияз Бұқыжанұлы. 1969 жылы Қуанияздан үйренген Құныпия Алпысбаев жетпісінші жылдары бірнеше рет эфирден орындады. Ән түрлі сахналарда айтылып келеді. Мәтіні алғаш «Қазақ әндерінің антологиясына» енді. Құныпия Алпысбаевтың орындауында түсірілген нотасы тұңғыш рет «Жетісу әуендері» академиялық жинағына енген.

Біз жоғарыда мысалға келтірген «Сары бидай» әнін де алғаш жеткізуші – Қуанияз Бұқыжанұлы. Одан үйреніп, алғаш 1969 жылы эфирден орындаған Құныпия Алпысбаев. 1980 жылы желтоқсан айында Алматыда өткен Әміре Қашаубаев атындағы республикалық I конкурста осы әнді орындаған әнші Жақсылық Мырқаев дипломант атанды. Кейін әнші Тоқтасын Әбілезовтың орындауында күйтабаққа жазылды. Ән мәтіні алғаш рет «Қазақ әндерінің антологиясына» енген болатын. Құныпия Алпысбаевтың орындауында түсірілген ноталық нұсқасы тұңғыш рет «Жетісу әуендері» академиялық жинағына енген.

«Сағынсаң, қалқа, өзің кел» Сәдіқожаның шығарған бұл әні қара өлеңнің «шай өлең» тобына жатады. Қонақ асы кезінде құрбылардың арасында амандық сұрасу, қалжың-күлкісі аралас отырыстарда айтылады. Жетісуда тараған халықтық қара өлеңдердің аймақтық ерекшелігі оның бірінен соң бірі жалғасқан қайырмаларда болса, өлкенің бұл ерекшелігін Сәдіқожа әнінде де жалғасын тапқан.

«Еркем-ай» – мазмұны жағынан қара өлеңнің бұл түрі «қамшы өлең» деп аталады. Себебі, әннің мағынасы көшпенді қазақтың күнделікті өміріне арналған. Сонымен бірге, әннің негізгі кейіпкері жігіттің өз еркесіне сағынышын білдіруі. Бұл ән Сәдіқожаның басқа әндерімен салыстырғанда құрылымы жағынан әлдеқайда қарапайым болғанымен кестелі сөз бен үйлескен әдемі ырғақ тыңдаушының алпыс екі тамырын идіріп, жан дүниесіне еркін еніп кететін шығарма.

Жалпы, Сәдіқожа Мошанұлының артында қалған санаулы ғана ән-қазынасы ғасырлар керуенімен бірге ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретін асыл мұра болып қала бермек.

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті,

филология ғылымдарының кандидаты, өнертанушы

Рамазан СТАМҒАЗИЕВ,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры,

ҚР Еңбек сіңірген әртісі, музыкатанушы