ШЕГЕСІЗ МЕШІТ: ЖАСТАР КИЕЛІ ЖЕРЛЕРГЕ САЯХАТ ЖАСАДЫ

Уақыты: 27.09.2019
Оқылды: 1748
Бөлім: ТҮПСАНА

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында көптеген дана, дара, таудай ірі тұлғалардың ізі қалған орындарды дәріптеп, тарихқа тағзым ету – барлығымызға ортақ міндет. Осы мақсатта «Берекет – Жетісу» корпоративтік қоры және аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен киелі жерлерге экспедиция жасалды.

Экспедиция барысында жастар ең алдымен Ешкіөлмес тауының ғажайыптарын көзбен көруге аттанды. Көксу өзенінің оң жағасындағы шағын Ешкіөлмес тауының жотасы әсем табиғатымен көз тартады. Ешкіөлмес жотасы мен Көксу өзенінің оң жағасындағы шағын алқапта қола дәуірінің көптеген археологиялық ескерткіштері сақталған.

Ешкіөлмес тауының оңтүстік бөктерінде қола дәуірі заманында тауды мекен еткен адамдар салған петроглифтер бар. Бұл Қазақстандағы жартас суреттері ең көп кездесетін жерлердің бірі. Археологтардың сөзіне сенсек, Ешкіөлмес тауында 10 мыңнан астам сурет бар. Суреттердің арасында адамдар мен жануарлардың бейнесі көптеп кездеседі.  Таудағы ерекше суреттерді көзбен көріп, тарихтың қойнауына тереңірек үңілген жастар өздеріне рухани азық жинап қайтты.

Екінші күні жастар Жаркент қаласының киелі жерлеріне экспедицияға аттанды. Жаркент қаласында тарихи-архитектуралық ескерткіш ретінде танылған қытай үлгісіндегі мешіт бар. Архитекторы – қытайлық шебер Хон Пик. Негізгі құрылыс материалы – ағаш, 122 ағаш бөрене бір-біріне шегесіз байланыстырылған. Мешіттің ғимараты 1910 жылғы жойқын жер сілкінісінде аман қалған. Бұл мешіт Жаркентке алғаш келген адамның назарын бірден өзіне аударатын ерекше ғимарат. Салынғанына 130 жыл өтсе де, мешіт өзінің ерекше көркін сақтап қалған. Қазіргі таңда бұл ғимарат XIX ғасырдың тарихи ескерткіші ретінде туристер тамашалайтын мұражайға айналған.

Экспедиция барысында жастар мешітінің толығымен аралап, жол көрсетуші маманның ғажайып мұражай жайлы айтқан қызықты деректеріне тәнті болды. Деректерге сүйенсек, қытайлық сәулетші Хон Пик өз Отанында қытай үлгісіндегі мешітті тұрғызуды армандаған екен. Алайда жергілікті билік оның қалауына қатаң тиым салған. Сәулетші осыдан кейін өз арманын қазақ жерінде жүзеге асыруды көздейді. Ауқатты, бай-көпестер мешіт салуға қаражатты өз мойындарына алып, жан-жақты жүзге жуық тәжірибелі, шебер құрылысшыларды жинайды. Осылайша бас сәулетші Хон Пиктің нұсқаулығымен ерекше мешіт Жаркент қаласында бой көтереді. Тарихқа сүйенсек, Хон Пик өз еліне оралғанда қытай сәулет өнерінің құпиясын ашып, қазақ жерінде бірегей құрылыс нысанын тұрғызғандығы үшін өлім жазасына кесілген екен. Жалпы, талантты сәулетшінің өміріне қастандық жасағысы келгендер көп болған. Оның Жаркентті паналап келуінің бірден-бір себебі осы.

Бір мезетте мыңға жуық мұсылманды қабылдай алатын мешіттің қызметі ұзаққа созылмапты. Оған сол тұстағы кеңестік идеология себеп болған. Жастар қауымы ерекше құрылыс нысанын аралағаннан кейін музейге бет бұрды. Жаркент музейі көптеген қыш, темір ыдыстар мен көне әшекейлерге толы.

Келесі кезекте экспедицияшылар халық арасында өзінің ерекшелігімен танылған 700 жыл қатарынан белі бүгілмеген Әулиеағашқа жол тартты. Ерекше ағаш орналасқан аймақтың жан-жағы арнайы қоршаумен жабдықталған. Жергілікті тұрғындардың сөзіне назар аударсақ, бұл ағашқа адам баласы көкірек тұсын тигізіп, тілек тілесе, ниеті міндетті түрде қабыл болатын көрінеді. Әулиеағаштың жан-жағында тағы да қос-қостан өсіп тұрған тал-терек көп. Сол ағаштардан тамшы тамып, ол кішкене көлшікке айналады. Ағаштан тамған су мыңдаған дертке шипа береді. VII ғасырды артқа тастаған киелі ағаштың ерекшелігі осындай.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ

Ескелді ауданы