АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: АРБА ЖАРЫСЫНА ТӨРТ МЕМЛЕКЕТ ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 27.09.2019
Оқылды: 991
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында Алматы облысында алғаш рет «Жетісу арбасы» атты жарыс өтті.

Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Jetysu Media» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен жарыс Кеген ауданының Қарқара ауылдық округіне қарасты «Шарқұдық» деп аталатын туристік демалыс орнында болды. Осы арқылы елімізде жастарға арналған жаңа ұлттық спорттық, туристік және мәдени хобби өрнек тапты.

Қарқара өңірі арқылы өз тұсында Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткені мәлім. Бұл жол халықаралық маңызы бар Қарқара жәрмеңкесін басып өткен. Жарысқа қатысушылар Ұлы Жібек жолының керуені стиліндегі ұлтымыздың ежелгі көшпелі технологияларын пайдалана отырып, туған өлкеміздің тамаша табиғатына саяхат жасады. Сонымен қатар қазіргі жастардың интеллектуалды, көшбасшылық және командалық жақсы қасиеттерін көрсетті.

Екі аптаға созылған «Жетісу арбасы» жарысына Үндістан, Қытай, Өзбекстан және Қазақстан командалары қатысып, екі дөңгелекті арбамен жарыс жолына түсті. Сондай-ақ, жарысқа қатысушы командалар лагерьлерді өз қалауларынша орнатып, нағыз көшпенділердің тұрмысын бейнеледі. Екі апта уақытта 4 кезең бойынша ат арбаның қызықты жарыстары өткізілді. Олар із қуу арқылы, тау жолдары арқылы, жазық жолдар арқылы жарыс жолына түсті.

Жарыс жеңімпаздарын марапаттауда Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев тағы басқалар сөз алып, жылы ниеттерін білдірді. Барлық жарыс бойынша бас жүлдені Қазақстанның командасы иеленді. Оларға ауыспалы кубок тапсырылды. «Алтын керуен» кубогін Өзбекстан командасы еншіледі. Екінші орынды Қазақстан, үшінші орынды Үндістан командасы жеңіп алды. Жарыс жеңімпаздарына облыстық ішкі саясат басқармасының дипломдары табыс етілді.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы