ДАЛАНЫҢ ДАРА КӨСЕМІ

Уақыты: 28.09.2019
Оқылды: 1865
Бөлім: ТҮПСАНА

Балқаш аудандық Мәдениет үйінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларынан туындайтын «Туған жер», «Рухани қазына», «Ұлы Даланың ұлы тұлғалары» кіші жобалары аясында тағылымды шара өтті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылығымен, облыстық С. Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасының жоспарына сәйкес әрі би, әрі шешен,  қол бастаған батыр Балпық бабамыздың 325 жылдық мерейтойына орай «Даланың дара көсемі» атты облыстық ғылыми конференцияда батыр бабаның ерлігі сөз болды.

Аудандық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен өткен мәдени шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова, облыстық С. Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева, өлкетанушы-журналист Қараша Қараман, зерттеуші қаламгер Жұмахан Қожамқұл, «Желтоқсан ардагері» ақын Ізтілеу Тойшыбаев, облыстық С. Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасының кітапханалардың дамуы және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Шолпан Сүлейменова, Көксу ауданының Құрметті азаматы, «Байтақ елдің Балпығы» кітабының құрастырушысы Сайлаубай Бәзілұлы арнайы келіп қатысты. Аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Ғалым Тоқпейісов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық ардагерлер ұйымының мүшелері мен мәдениет саласының қызметкерлері іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. 
Конференцияға қатысушылар алдымен аудан басшысының қатысуымен Д. Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, іс-шараны ұлы тұлға рухына тағзым етуден бастады. 
Мұнан соң жиналған көпшілік аудандық Мәдениет үйіне ат басын бұрды. Онда аудандық кітапхана кітапханашылары дайындаған «Даналық данышпаны – Балпық бабам» атты кітап көрмесімен танысты. 
Шара барысында  аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев аудан көлемінде атқарылып жатқан мәдени шаралар жайына кеңінен тоқталып, ел бірлігі мен тұтастығы үшін күресіп, ұлт намысын таптатпаған бабамыздың даналыққа толы өмірі мен тапқырлығын, ерлігін, інжу-маржан шешендік сөздерін, ұлы істерін келешекке насихаттау мақсатында ұйымдастырылып жатқан шараға аудан әкімдігі атынан алғыс білдірді. Келесі сөз кезегін алған конференция қонақтары «Бабамыз Балпықтың ұрпаққа үні», «Даланың данышпаны – Балпық бабам», «Бабалар аманаты – ұрпақ борышы», «Тарихта ізі қалған Балпық би», «Байтақ елдің Балпығы», «Даланың дара ділмары» ғылыми баяндамаларын жасаса, аудандық өлкетану музейінің өлкетанушысы, ауданның Құрметті азаматы Зәуреш Демеуқұлова «Даналық дариясы – Балпық би» тақырыбында ғылыми зерттеу жұмысына қысқаша тоқталып өтті.
Конференцияны қорытындылай келгенде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова аудандық кітапхананың директоры Нүрия Қапсалановаға Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда белсенділік көрсетіп, қазақ тарихын насихаттап, облыстық конференцияның өткізілуіне атсалысқаны үшін аталмыш басқарманың Алғыс хатын табыстады. 
«Кімнің батыр екенін жау келгенде білерсің, кімнің шешен екенін дау келгенде білерсің» деген қанатты сөздер Балпық би атамыздан қалып, осы күнге жетіп отыр. Түсінген адамға осы бір сөздің астарында қаншама ой жатыр десеңізші. Он екі ата Жалайырдың ішіндегі біртуар тұлға Балпық атамыз сонау қиын-қыстау заманда үзеңгілес досы Ескелді би және Қабан жыраумен бірге халқын жаудан да, даудан да қорғаған. Бабамыздың данышпандығы мен көрегендігі өз алдына, ол кісінің әулиелігі жайындағы әңгімелер ел арасына көптеп таралған.
Облыс деңгейінде ұйымдастырылған аталмыш конференцияның мақсаты – Балпық би бабамыздың ерен ерліктерін ел арасында кеңінен насихаттау. Бұл шара республика көлемінде өз жалғасын табады деген сенімдеміз.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ 
Балқаш ауданы