Қарасайлықтар қуанышы

Уақыты: 12.12.2016
Оқылды: 1696
Бөлім: ТҮПСАНА

Төл өнердің өрісін кеңейтіп, руханият пен әлеуметтік жағдайдың қарыштап дамып келе жатқандығын таныту мақсатында көптеген игі шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде, жастарды ұлттық құндылықты қастерлеуге, отансүйгіштікке баулуға, татулық пен бірлікті ту етуге үндейтін аудан, қала мәдениет күндері дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді. Биыл облысымыздың әр түкпірінде өткен аталмыш шараның қорытындысы шығарылып, Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында «Тәуелсіздік – тұғырым» атты гала-концерт өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған аталмыш кеш қала жастарының заманауи биімен басталды. Нақтырақ айтсақ, «Тәуелсіздігіміз – тұрақты тұғырымыз, ғасырлық ғұмырымыз» ән-би композициясы орындалды. Онда, қазақ халқының әсем әні әуелеп, күйі күмбірлеп, этнос өкілдерінің ұлттық биі көрерменді тәнті етті.
Одан кейін аталмыш игі шараның алғашқы сөзі облыс әкімі Амандық Баталовқа берілді. 
– Армысыздар, қымбатты жетісулықтар. Азаттықтың ақ таңы рауандағанына ширек ғасыр толды. Осы мерейтойға орай «Егемендігім – елдігім, Тәуелсіздігім – теңдігім» тақырыбында ХІ рет өткен аудан, қала мәдениет күндерінің қорытынды кешіне қош келдіңіздер! Біз өзіміздің бай мәдениетіміз бен тауанды тарихымызды түгендеп, ғасырлар қойнауындағы дара тұлғаларымызды аршып алуды мақсат етіп, сол жолда бірқатар жұмыс атқарып келеміз. Бұған 25 жыл ішінде Қазақстанды әлемге танытып, дамыған елдердің қатарына енгізіп, руханиятымызды жан-жақты биік белестерге шығарған Елбасымыздың еңбегі ерен, – деген Амандық Ғаббасұлы облысымыздың түкпір-түкпірінде болған мәдениет күнінің жоғары деңгейде аталып өткенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, өңіріміздің экономикалық, рухани жағдайына тоқталып, біршама нысанның ел игілігіне беріліп, сол арқылы Талдықорған қаласының тотыдай түрленіп келе жатқандығын атап өтті. Бұл тәуелсіз елдің болашағы үшін жасалып жатқан игі жұмыстар екенін көрерменге жеткізді.
Сондай-ақ, мәдениет күндерінің қорытындысы бойынша 16 аудан мен 3 қаланың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшыларын марапаттады. Атап айтсақ, Алакөл, Сарқан, Ақсу, Қаратал, Ескелді, Көксу, Кербұлақ, Панфилов, Ұйғыр, Райымбек, Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Балқаш және Жамбыл аудандары мен Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалалары облыс әкімінің Алғыс хаты және 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтың иегері атанды. Ал кешегі жыраулар мен ақындардың мекені болған Қарасай ауданы өзінің бай мұрасының, руханият үшін қосып жатқан өлшеусіз үлесінің арқасында және мәдениет күндерін ерекше атап өткені үшін үздік деп танылып, «Лада Ларгус» автокөлігімен марапатталды.  
Салтанатты рәсімнен кейін жетісулықтарға әр ауданнан келген өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұсынылды. Онда қазақ өнерінің өрісті екенін көрсететін туындылар орындалып, «Ғасырлар үні», «Бабалар рухы» сынды ән-би композициясы көрерменге жол тартты. Ширек ғасырда жеткен жетістіктерімізді жырға қосқан ақындардың «Арнауы» жеке дауыстағы дәстүрлі әншілердің орындауында айтылып, жүрек тебірентті. Сонымен қатар, игі шараға арнайы келген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаева мен «Алашұлы» тобы ән әуелетіп, көпшіліктің көңілін көкжиекпен астастырғандай болды. Осындай жайдарлы кештің соңында облыс әкімінің ықылас гүлі табыс етілді. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ