ҰЛТТЫҚ КОД: КІТАП. МУЗЕЙ. ТЕАТР

Уақыты: 12.10.2019
Оқылды: 1743
Бөлім: ТҮПСАНА

Мәдениет – адам жанының айнасы. «Адам боп туу – анадан, адам боп қалу – өзіңнен», – депті қазағы үшін қадірі биік Қадыр ақын. Ал енді адам болып қалудың мызғымас темірқазығы кез келген пенденің жан дүниесінің тазалығы екені ақиқат. Мәдениеті төмен адам қанша ақылды болып көрінгісі келгенімен оның бойынан Шерағам, Шерхан Мұртаза айтқан «бір кем дүниенің» байқалып қалатыны да шындық. Қай саланың маманы болсын, сол еңбектің биігіне шығарып, абыройын көтеретін қасиет – оның мәдениетінің жоғарылығында. «Мәдениетсіз» деген тілге жеңіл айтыла салатын сөздің астарына үңілсеңіз түбінде «тексіз» деген ұғым жататындай. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады», – дейді тағы бір тәмсілде. Түйе – түйе болғанымен құмалағы түйе болмайтынын ескерсек, ата-бабасы текті екен деп ұрпағы да текті бола салмайды. Ол үшін сол текті бабадан қалған ар, ұят, намыс, иман, иба сияқты қасиеттерді таразылай білетін сана керек. Аталарымыздың «бала бер, бала берсең – сана бер, сана бермесең ала бер»  деген сөзі де бекер айтылмаған. Ар-имансыз ұрпақтан, намыссыз ұлдан, ұят-ибасыз қыздан не қайыр?! Жоғарыда аталған қасиеттерді бойына сіңіре білген адамның ішкі мәдениеті өзіңді айнадан көргендей жарқырап-ақ тұрмай ма?! Ендеше адам баласының жансарайы мен дидары нұрланып тұруы үшін ең әуелі – білім керек. Ал білімнің асыл қазынасы – кітап екенін кім жоққа шығара алады?! Дәл осы қазынаның ордасы кітапхана десек, адамға ауа қалай қажет болса, бұл шаңыраққа да қолдау сондай қажет! Сонымен бірге, сіз бір сәт ғасырлар қойнауына еніп, бабалар өмірінен сыр шерткен тарихи жәдігерлерді қолмен ұстап көргіңіз келсе, музейлерге ат басын бұрып тұрыңыз. Ұлттың ұлы құндылықтары сақталған бұл орданы да қолдау мемлекет саясатының басты тетіктерінің бірі. Ал осы кітапта қатталған дүние мен музейде сақталған мұраны сахна төріне шығарып, сан ғасырдың қойнауына апарып келетін, сол үшін де ұдайы қолдауды қажет ететін өнердің қара шаңырағы ол – театр! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ президенттік тізгінді қолға алғаннан кейін Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында мәдениеттің үштағаны – кітапхана, музей, театрға қолдау көрсетуді Үкіметке тапсыруы жай айтыла салған сөз емес. Біз де өз кезегімізде Жолдау жолдарынан бір үзінді алып, руханияттың үш шаңырағын қолдаудың маңызына тоқталуды жөн көрдік!

ЕРІНБЕЙ ОҚЫП КӨРУГЕ

Кітаптың күллі білім атаулының асыл қазынасы екенін айтпаған ойшылдар мен ақын-жазушылар кемде-кем. Абай данадан қалған дәл осы екі қатар жолдың өзі біз сөз етіп отырған қазынаның қасиеті қаншалықты жоғары екенін аңғартады. «БАРЛЫҚ БІЛІМ – КІТАПТА, ЕРІНБЕЙ ОҚЫП КӨРУГЕ», – дейді Ұлы Даланың дара ойшылы. Дегенмен, әңгіменің төркіні «қандай кітапта?!» деген сауалды төтесінен қояды. Орынды сұрақ. Данышпан Абай атам айтып отырған кітаптың қатарына қазіргі таңдағы ұрпағына аманат ретінде өзінің отбасына арналған бір адамның ғұмырбаяны мен сол әулеттің шежіресі топтастырылған, екінің бірі сүйсініп оқып кете алмайтын, сөреде сырты жылтырап тұрған жинақтар қосылмайды, әрине. Олар тіпті, кітапхананың қорына да тіркелмейді және бұл бөлек әңгіменің тақырыбы. 

Өзендер өрнектеген өлкеде С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханадан бастап Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалалары мен өңірдің барлық аудандары мен елді мекендерінде жалпы саны 280 кітапхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Жақын арада Райымбек ауданынан тағы да екі кітапхана ашылмақшы.


Әлқисса, Мемлекет басшысының Жолдаудан арнайы жол беріп, Үкіметке астын сызып тұрып тапсырған тармағындағы кітапханашыларды қолдау – сала қызметкерлерінің қоғамдағы орнын салмақтап-ақ берді. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңдағы сараптамада аз пайызы ғана болмаса, бұқара халық жаппай кітап оқиды дегенге сену, өзіміз бала кезде естіген «ерте, ерте, ертеде» деп басталатын ертегілер еліне еніп кеткенмен бірдей екені ащы да болса ақиқат. Оған деген кедергіні қоғам ең алдымен электронды-техниканың өте жылдам дамып келе жатқандығымен байланыстырады. Ал кешегі аға буынның кітаппен өскені дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Екінші мыңжылдықтың соңы руханиятымызда «Әдебиеттің алтын ғасыры» деген атпен қалғандықтан, алдыңғы толқын саналатын, бұл күнде елуді еңсеріп, одан ары бірнеше онжылдықтан өтіп, егде тартқан жандардың бос уақытында сүйсіне өткізетін шаруасы осы кітап оқу болатын. Біздің буынды «Могиканның соңғы тұяғы» деп әсірелемесем де, сол кездегі кітапты жастана оқитын жандардың өкшесін басқан кейіпкерлерміз. Яғни, кітап та біздің бала кезімізде-ақ сырласымызға айналған қазына еді. Ол күндер оралар ма? Бұл – қазіргі таңда кітап мүлдем оқылмайды деген сөз емес. Дегенмен, сол дәуірдің үлкені де, кішісі де жаңа шыққан кітапты бір қолдан екінші қолға өткізіп, мұқабасын тоздырып барып, парақтарын қайта түптеп оқуды бастан кешіргені рас. Бір топырақта туып, өлеңдегі іні-досына, сырласына айналған, әдебиет әлеміне «Қойшылар» деген поэмасымен Мұқағалидан бұрын аты шыққан Еркін ақынның бір шумақ өлеңі осы сөзімнің тұздығы болсын.
Ішінде алыс отардың,
Мен жазған сенде жыр тұрсын.
Мұқабаң малшы шопанның,
Қойнында жүріп жыртылсын
, – деген Еркін ақынның «Өлеңіме» деген өлеңінде сол қоғамның шындығы жатыр. Жалпы, кез келген қаламгердің шығармашылығындағы бақыттың шыңы – оның кітабының әр үйдің кітап сөресінде әп-әдемі, жып-жылтыр күйінде сықиып тұруы емес, қойшының қойынында, диқанның қонышында, жолаушының қалтасында жүріп оқылып, тозуымен өлшенсе керек. Өзім де қойшының баласымын. Каникулда қойлы ауылға барғанда күндіз әкемнің бір жағына шығысып, анама қолғабыс болып, кешке малды қоралап, анамның дәмді тамағы мен қаймағы қалың шайын ішіп алғаннан кейін, «поштабайдың» айына бір рет қоржынын толтырып әкеліп, таратып кететін газет-жорналдарын майшамға жақын отырып, оқи бастаймын. Тыңдаушым әкем мен анам. Аға-әпкелерім өздері оқып алатындықтан менің бұл пысықтығыма аса мұқтаж емес еді. Қос бәйтерегіме әуелде алғашқы беттердегі жаңалықтарды зырылдатып оқып беремін. Сосын «Балдырған» жорналындағы балалар базарлығын да әне-міне дегенше парақтап тастаймын. Ал «Жалын», «Жұлдыз» жорналы қойдың соңында қойнымызда бірге жүретін сырласымыз еді. Еркін ақынның:

«Мұқабаң малшы шопанның,
Қойнында жүріп жыртылсын»
, – деп армандауының сыры осында болса керек. Жазғы демалыстағы осы әдет мектепке келгенде бізді еріксізден кітапханаға жетектеп баратын. Кітапханашының бәрі апай болатын және ең оңай жұмыс солардікі сияқтанатын еді. Керек кітабыңды тауып беріп, оны тіркеп қана отырғанның қандай ауыртпалығы болсын деп ойлайтынбыз. Есейе келе түсіндік қой, кітап қорын жасап, оны рет-ретімен сөреге қойып, құнды жәдігерлерді екінің бірі ұстап кетпейтіндей қадірлеп, түрлі кездесулер өткізіп, кітап оқуға ынтықтыру мен ақын-жазушылардың туындыларын насихаттап, олардың шығармашылығына деген оқырманның қызығушылығын арттыру оңай шаруа емес екен ғой. Бұл бұқараның жаппай кітап оқитын дәуіріндегі әңгіме. Ал қазіргі таңда кітапқа деген құмарлықтан гөрі өзіне жіпсіз байлап қойған смартфонға деген тәуелділік басым. Сондықтан шығар, көп жастың «керек кітапты содан оқып аламыз» деп уәж айтатыны. Бірақ, кітаптың иісін сезініп, сұқ саусақты тілдің ұшына бір тигізіп алып, парақтап отырып оқығанға не жетсін?!

«Адам кітап оқуды тоқтатқан күні ойлауды да тоқтатады», – депті бір данышпан. Ендеше кітап оқудың қандай қасиет екенін, оқымаудың қандай қасіретке апаратынын өзіңіз-ақ ойлай беріңіз. Ойы тоқтаған адамның, тойғанын қанағат тұтып жүре беретін хайуаннан несі артық. Хайуанды «ертеңім қалай болар екен, болашағым бұлыңғырланып барады, бұл тығырықтан қайтсем шығамын» деген адамзаттық сұрақ мазаламайды. Оның нәпсі қалауы қарыны тоқ болса, басқа мәселе басын қатырмайды. Ал адамның ой ұшқырлығы мен ақыл-парасаты оқу арқылы дамып, кемелденіп отырады. Оқу арқылы ғылымның сырын ашады. Ойсыз адам – мұңсыз. Әйтуір, жейтін тамағы болғанына шүкірлік қылып, таңды атырып, кешті батырып жүргенді өмірге санап кешкен күннің не қадірі болсын. Абай атамның «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық – аздырар адам баласын» дегенінен көңілге көп нәрсе түюге болады. Адамның рухын аздырып, санасын тоздыратын кесапаттан аман алып шығатын қасиетті мұра ол – КІТАП. Ал кітаптың асыл ордасы – КІТАПХАНА. Ендеше Мемлекет басшысының кітапханашыларға қолдау керек деп қадап айтқан сөзінің жаны бар. Мемлекет әлеуметтік жағын қолдар, ал біз ше, арда көңіл оқырман? Біздің қолдауымыз болсын – кітапхананың табалдырығын тоздырмасақ та, бір сәт сол қасиетті шаңыраққа кіріп, кітаптың құдіретін сезініп тұрайық.

КӨНЕ ДӘУІР КҮМБІРІ

Музей – ғасырлар қойнауындағы құнды жәдігерлермен қауыштыратын қасиетті шаңырақ. Баһадүр бабаларымыз білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған Ұлы Даланың қай түкпіріне барсаңыз да, сан ғасырдан сыр шертіп, қатпар-қатпар тарихымыздың ақтаңдақ беттеріндегі құнды мұраларды алдыңа жайып салатын мұражайлар кездеседі. Солардың бірі, бүгінде аспан асты жауһарына айналған Есік қаласындағы «Алтын Адам» музейі. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Есік қорғанынан табылған зираттағы мүрдені зерттеген ғалымдар еңбегінің нәтижесінде ол сақ тайпасының жас көсемі екені белгілі болды. Дәл осы тарихи қазынаға қол жеткізуімізде қазақ археология ғылымының негізін қалаушы Кемел Ақышевтің жеке қолтаңбасы бар десек, асыра айтқандық болмас. Бұл оқиға ақ патшаның дәуірінен басталып, кеңестік кезеңде де жүйелі жалғасын тапқан, қазақ халқын жай ғана тұқырту емес, бодандыққа айналдырып, мүлдем құрту идеологиясы әлі де басыла қоймаған кезде бұлт астынан шыққан күндей санамызға сәуле құйып, рухымызға сілкініс жасаған еді. Дәл сол солақай саясаттың салдарынан бары жоғалып, рухы тоналып бара жатқан қазақ ұлтының тарихының тамыры соноу ғасырлардың қойнауында, тым тереңде жатқанын көрсетті. Себебі, бұл кезең тағы да сол Қадыр ақынның:

Менің бабам қақтаған қыр аптабы,
Көшіп-қонып, ұрпағы тұрақтады.
Біздің тарих бұл да бір қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы,
– деп ашына жырлағанындай күй кешіп тұрған шағымыз еді. Ал осы өлең жазылған жылдармен тұспа-тұс табылған «Алтын Адам» мүрдесі Ұлы Даланың төсіне көне дәуірдің күмбірін жеткізгендей болды. Мұқағали ақынның:

Шежіремді ұрлапты...
Зулапты күн.
Ғасырлардан бір ызың тыңдап тұрмын,
Алтын Адам шынымен қазақ болса,
Білген екен құнының қымбаттығын!
– деуі де бұл мұражайдың ұлт үшін де, келер ұрпақ үшін де құнды екенін меңзеп тұр. 

Облыс орталығындағы М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейімен қосқанда 24 музей, 2 галерея, 1 тарихи-мәдени орталық халыққа қызмет көрсетуде. Аталған музейдің 9-ы тұлғалық, 4-еуі мемориалды, 9-ы тарихи-өлкетану, 1-еуі қолөнер, 1-еуі сәулет-көркемөнер бағытында жұмыс істейді.


Жалпы Ұлы Тұран топырағы саналған қазақ даласы кімнің көзіне құрт болып түспеді. «Түлкінің қызылдығы өзіне сор» дегендей, қойнауы құт, суы бал, ауасы шипа, орманы қорған, таулары асқақ, көлдері сұлу, құмдары құнды дала небір қиын заман, қилы кезеңді бастан өткерді. Айналамызда анталаған өзге елдің даламызды малдың етін мүшелегендей бөлшектеп алғаны да ақиқат. Соның салдарынан тұңғыш астанамыз болған Орынбордан бастап біраз жеріміз көршілеріміздің құтты мекеніне айналып кетті. Орынбор демекші, біз сөз етіп отырған қазақ топырағындағы музей де ең алғаш осы қалада 1831 жылы ашылған. Оны көзіқарақты оқырман, тарихын түгендеп жүрген әр қазақ жақсы білсе керек. Шаң басқан архивті парақтап жіберсеңіз «Неплюев әскери училищесі жанынан жергілікті халықтың тарихы мен этнографиясын сипаттайтын мұралар негізінде губерниялық мұражай ашылды», – деген жолдарды оқисыз. Яғни, құжатта тіркеліп, біздің далада заңды музей ашылғалы да 200 жылға жақындап қалыпты. Ал біз сөз етіп отырған Ұлы Даланың ұлы мұрасын сақтаған аспан астындағы мұражайларымыз сан ғасырды артқа тастап, өз керуенін жалғастырып келе жатқаны әмбеге аян.

Тәуелсіздігін алып, шекарасын шегендеп, алты құрлыққа аты шығып жатқан қазіргі қазақ ұлысында құдайға шүкір, сан қырлы музейлер бар. Әр музей өз ерекшелігімен құнды. Біз мысалға келтіріп отырған «Алтын Адам» сияқты музейлер археологтармен тікелей жұмыс істеп, есте жоқ ескі дәуірді жадымызда қайта жаңғыртып, осы даланың иесі болғалы бергі заманмен қауыштырады. Қазіргі таңда қазақ жерінің шығысынан да, батысынан да табылып жатқан «Алтын Адамға» зер салсаңыз, оның жасалуы мен сақталуы, ондағы зергерлік әшекейлер мен жерлеу рәсіміндегі ұқсастықтар Тұран даласының иесі ежелгі түркі жұрты, бүгінгі қазақ ұлысы екенін айшықтап береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қолдау керек деп қадап тапсырған музей жайлы әңгімемізді бір ғана «Алтын Адам» төңірегінде өрбітуіміз мәдениетіміздің бір ошағы болған мұражайлар аясын тарылтпаса керек. Керісінше, бір ғана музейдің өзін шағын мақалада тауысып біте алмайтынымыздың өзі бұл саланың ауқымы кең, айтары мол, сарқылмас қазына екенін көрсетпей ме? Әйтпесе, бүгінгі таңда Атырау мен Алтайдың, Алатау мен Арқаның арасын түгендемегеннің өзінде, жер ұйығы аталған Жетісудың өзінде қаншама музей бар?! Талдықорған төріндегі Мұхаметжан Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейінен бастап, өзендер өрнектеген өлкенің барлық өңірінде мәдениетіміз бен руханиятымыздың киелі ордасына айналған мұражай жетерлік. Кейбір аудан орталығы мен елді мекендегі шағын музейлерді айтпағанның өзінде Сарқан ауданындағы «Черкасск», Кегендегі Ораз Жандосов атындағы, Еңбекшіқазақ ауданындағы қолөнер шеберлігінің шыңын көрсететін Дәркембай Шоқпарұлы атындағы, Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» музейі мен «Батыр бабалар» мемориалды кешені, Жамбыл ауданындағы «Жамбыл мен Сүйінбай», Лепсідегі Мұқан Төлебаев атындағы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылындағы Мұқағали Мақатевтың әдеби музейі тамыры терең тарихымыздан, кешегіміз бен бүгінімізден сыр шертіп, ұмыт болып бара жатқан құнды жәдігерлерімізбен қайта табыстыратын рухани орда екені даусыз. Осылардың өзі «қазақ мемлекеті болмаған» деген солақай саясатты желеу етіп жүрген кейбір сыңаржақ көршілеріміздің санасына сынадай қағылса керек. Ендеше, ұлт болашағы болатын ұрпақ алдында кез келген музей қызметкерінің мойнында салмағы батпандай жауапкершілік тұр. Осы жауапкершілікті арқалап жүрген жандардың ұлт алдында ұялмайтындай еңбек етуі үшін де қолдау керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы бір жолда мыңжылдық тарихымыздың алтын арқауы болған музей қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсартуға мемлекет тарапынан қолдау кезек күттірмейтін міндет екендігі айтылады. Жалпы музей қызметкерлерінің жұмысы қаншалықты жанкештілікті талап ететінін білгіңіз келсе, музейге барып, бір сәт қыр-сырымен танысып көріңіз.

Музей туралы ойымды сыршыл ақын Сырбай Мәуленовтың мына бір жыр шумағымен аяқтайын:

Байыппенен бір-бірлеп,
Көрсең музей залдарын.
Сөйлегендей күмбірлеп,
Өткенің мен алдағың.

ОЙЫННЫҢ ЕМЕС, ОЙДЫҢ ОТАУЫ

«Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – театр», – депті зерделі сөздің зергері Ғабит Мүсірепов. Театр деп аталатын өнердің сан қырының ордасына айналған қара шаңыраққа бұдан артық қандай баға беруге болады?! Жаралы жанның жанардан аққан жасын тыятын да, соқыр кеудеге сыйқырлы сезім құятын да, тегіңді танып, тарихыңды түгендетіп, қоғамдағы небір келеңсіздік пен кереметтерді алдыңа жайып салатын, сол арқылы адамды тәрбиелей алатын, руханиятымыздың бәсі биік бір шаңырағы шынымен де – театр екені даусыз. Қан қызыл түстес шымылдық жайлап ашылғанда, іштегі күбір-сыбыр бір сәтке басылғанда арғы жағынан басқа бір өмір басталып, тарихқа айналып кеткен ғасырларға жетелеп әкететінін театрға барып жүрген кез келген көрермен біледі. Жоғарыда біз сөз еткен кітапхана мен музейге қажет қолдау театрды да айналып өтпеуі керек. Осы бір құндылықтардың асыл қазынасындай болған үш шаңырақтың қадірін білу үшін әр адамның санасында сәуле болғаны жөн-ақ. Сананы тұрмыс билеген мына қоғамда кітап оқудың азайып, музейге бару сиреп, театрға өз еркімен келудің мұңға айналғаны ақиқат. Біздің буынның ауылдан арман қуып, дәу қалаға бет бұрған кезі еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы аумалы-төкпелі уақытқа дөп келді. Бір қоғамнан екінші қоғамға өту руханиятымызға ғана емес, әлеуметтік жағдайымызға да салқынын тигізді. «Өкімет өлтірмейді»  деген саясатпен күн көрген халық шынымен де тығырыққа тірелгендей, тіпті, одан шығар жол табылмай құрдымға құлайтындай күй кешкені рас. Біз сол кезде студент болдық.

Жалындаған жастықтың буы сол бір елең-алаң уақыттың шырмауына ілініп кетуге жол бермеді. Бала кезден кітапта оқыған кейіпкерлерімізді енді театрдан көруге мүмкіндік таптық. Күн сайын болмаса да, айына үш-төрт рет спектакль көруге баратынбыз. Дербес ел болып, жаңа дәуір басталғанымен аға буынның бойындағы кеңестік кезеңдегі театрға деген сүйіспеншілік әлі де басыла қоймаған кез. Содан ба, көрермен арасында алдыңғы толқын ағалар көптеу болатын. Үзілісте, тіпті басқа күндері де руханият әлемінде бас қосып қалған кейбір отырыстарда біздің көзімізге көптеу көрінген көрерменнің олардың пайымында жоққа айналып бара жатқанын естігенде таңғалатынбыз. «Бұдан артық қандай көрермен керек?» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, жоғарыдағы айтқанымдай сол кезеңдегі «әдебиеттің алтын ғасырында» бірден-бірге өтіп, миллиондаған оқырманымен дәуірі жүріп тұрған кітап әлеміндегідей театрға да сұраныс сұрапыл болған екен. Залда ине шаншар орынның жоқтығы былай тұрсын, әуелі театрдың сыртқы есігі тарс жабылып, жүздеген көрермен далада қалып, келесі қойылымға дейін бір нәрсесін жоғалтқандай күй кешуі сол кездегі руханиятқа сұраныстың қандай деңгейде болғанын көрсетсе керек. Бұл – кеңестік кезеңді көксеп отырғаным емес, сондағы идеологияның адам санасын жаулап алған қуатын айтам да. Ол уақытта театр мен музейге бару және кітап оқу өзін мәдениетті санайтын кез келген адамның әдетіне айналған. Оның өзіндік себебі де бар. Бүгінгідей сананы торлаған ғаламтор жоқ. Үйіміздегі теледидар мен қабырғада ілініп тұратын бес сомдық радионың өзі белгілі уақытта ғана көрсетіледі, сөйлейді. Қоғамдағы барлық жаңалықты (ол кезде он бес мемлекеттің бір одақтың астында алып империя болып тұрғанын есептеңіз) осы аз ғана уақыт ішінде түгелдей біліп, хабардар болып отыратынбыз. Кітап оқу мен таетрға, музейге бару мәдениетінің қалыптасуына осының өзі ықпал еткен шығар. Бүгінгі жағамызға жармасқан жаһандану дәуірінде кез келген ақпаратты талғамсыз қабылдап, сананы улап жатырмыз. Небір сұрқия көріністерді көзімізбен көріп, көңілімізге сіңіріп, өмірімізде іске асырудамыз. Үйде де, түзде де әлеуметтік желіге желімдей жабысып қалғанбыз. Соның ішінде адам жанына шуақ құйып, ізгілікке із салар дүиеден гөрі қатыгездікке үйретіп, қанішерлікке жетелейтін, түймедейді түйедей етіп көрсетіп, бірін-бірі түтіп жеуге дейін баратын, қолынан келсе атып жіберуге арланбайтын (өз қазағымды айтып отырмын), ғаламтордың ар жағында отырып, ғайбаттағанда айбаттанып, айызы қанғандай сезінетін жағдайға жеттік. Осының бәрі рухани сүзгінің жоқтығынан-ау. Кітап оқып жан дүниемізді байытсақ, музейге барып тарихымызды танысақ, театрға келіп танымымызды өзгертсек, алтыбақан алауыздықтан арылар ма едік? 

Жетісу жерінде 
Б. Римова атындағы бір облыстық драма театры және Ақсу, Көксу, Іле, Қарасай, Панфилов, Кеген аудандарында алты халықтық атағы бар театр жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы Жолдауда арнайы көңіл бөлген мәдениеттің үштағанының бірі – театрды қолдау олардың айлығын көтерумен ғана шектелмеуі тиіс. Театр неге оқушылар мен студенттерге ғана керек? Неге театр әкімшілігі билетті жалынғандай ғып өткізіп, көрермен келе ме, келмей ме деп жалтақтап отыруы керек. Неге билік тым болмаса айына бір театрға басшы болып емес, өз қалтасынан қаражат шығарып, арнайы билет алып, қарапайым көрермен ретінде залда отырмайды? Жасыратыны жоқ, ел тізгінін ұстаған жандардың осындай рухани ошақтарда арнайы шара немесе түрлі кездесу кезінде ғана емес, бір сәт галстугын шешіп, өзін еркін сезінетін киімін киіп, жары мен бала-шағасын ертіп,  қалтарыс-бұлтарысы мың сан қабат өмірінің бір сәтін арнаса ғой деген арманым да бар. Тарихи қойылымдарды көріп, өзі шалқақтап басып жүрген табанының астындағы қасиетті қара жерге бабасының қаны сіңгенін сезінсе, мойнында қандай аманат жатқанын түсінер ме еді?! Бүгінгі қоғамда жеңұшынан жалғасқан жемқорлықты айыптайтын қойылымды көріп, «шаруамды бітіріп бергеніңізге рахмет» деп алғыспен берген параның астарында «алмаса істі бітірмейтін оңбағандар», деген қарғыс бар екенін түйсініп, Абай атам айтқандай Құдайдан қорқып, пендеден ұялар ма еді? Әкені сыйлау мен ананы құрметтеуге шақыратын әлеуметтік драмадан саяси өмір тасқа айналдырып бара жатқан жүрегі жібіп, жұмыс-жұмыс деп жоғалтып жүрген алтын уақытының бір бөлігін ұл-қыздарының тәрбиесіне арнайтын ба еді? Арасында комедиялық қойылымға келіп, күніне мың құбылған қоғам ұмыттырып бара жатқан шынайы күлкісімен қауышып, жаны жадырап шығар ма еді?! Нысананы билікке бұрып «еді, еді» деген сан сұраққа толы ойымның түйінінде айтпағым: «Тон – жағасыз, ел – ағасыз болмайды». Мұндағы «ел ағасы» дегеніміз, сөзге елдің тізгінін ұстап, көшін бастап жүрген кез келген адам. Тонның көркі оның жағасында болса, елдің көркі сол жұртты бастаған ағасында.

Ал бұқараның көшін бастаған кез келген ел ағасының міндеті – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының елдің кемел болуы жолында ең қажетті назар аударған мәдениеттің үштағаны КІТАПХАНА, МУЗЕЙ, ТЕАТР саласына барынша қолдау көрсету. Ондағы қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына көңіл бөлу. Соның нәтижесінде ел Президенті айтқандай олардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, еркін елдің еңсесі биік азаматы екенін сезіну.

Ошақтың бұты үшеу болғанымен қазанын қайнататын оты біреу. Ендеше, қазаны – халық қазынасы, оны алаулатып тұратын оты – руханият әлемі болған мәдениет ошағының үш тағаны КІТАПХАНА, МУЗЕЙ, ТЕАТР әлемі қашан да оқырманының ойынан, көрерменінің көңілінен кетпейтін деңгейге көтерілсе деген пейілмен сөзімізді түйіндедік.

Жұматай ӘМІРЕЕВ