СҮЙІНШІ: ҚАЗАҚСТАНДА ТАҒЫ БІР ТАС ДӘУІРІНІҢ ТҰРАҒЫ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 11.11.2019
Оқылды: 4862
Бөлім: ТҮПСАНА

Жетісу жері тарихи-мәдени мұраларға өте бай. Тоқымдай ғана жердің өзінен кейде ежелгі дәуір мен этнографиялық уақытқа тән мәдениеттер мен өркениеттер дамуының ізін кездестіріп жатамыз. Қазір көптеген ескерткіштің сыры ашылып, олардың біразына терең зерттеу жүргізілуде. Алайда көп ескерткіштің арасында Жетісу өңіріндегі ежелгі тас дәуірінің (палеолит) ескерткіштері зерттелмей қалып отыр. XXI ғасырдың басына дейін бұл өлкедегі палеолит ескерткіштері туралы мәлімет шықпады десек болады. Өйткені, бұл кезең адамзат тарихындағы алғашқы және ең қысқа әрі қазіргі өркениеттің бастауында тұрған дәуір еді.

Палеолит дәуіріндегі ежелгі адамдардың тұрағы Орта Азияда, Сібірде, Алтайда, Қытайда, Ауғанстанда және тағы басқа елдер аумағында ертеден ашылып, зерттеліп келеді. Сондықтан да Жетісуда ғана тас дәуірінің адамдары тұрмағандай, бірден қола дәуіріне өтіп кеткендей әсер қалдырғаны жасырын емес. Оның үстіне Орталық Азияның қақ жүрегінде орналасқан Жетісу күллі Азиядағы ең ірі мәдениет пен өркениет орталықтарымен шектесіп жатыр. Ылғи қоныстан-қоныс ауыстырып, көшпенді ғұмыр кешкен ежелгі адамдардың ақбас Алатаудың жазиралы жазығына қоныс теппеуі, құнарлы топырақты игермеуі мүмкін емес еді. Соған дәлел ретінде 2004 жылы Майбұлақ, 2006 жылы Рахат палеолит тұрақтары ашылып, Жетісу аймағына халықаралық ғылыми қауымдастықтың назары ауа бастады. Соған орай Қазақстан, Ресей, Германия, Қытай мен Жапония археологтары топ құрып, қызу іске кірісіп кетті. Алғашқы радиокөмірқышқылды мерзімдеу нәтижесі Жетісу жеріне адамзат баласы бұдан 40 000 жыл бұрын қоныстанғанын дәлелдеп берді. Сондықтан, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылының маңындағы, Алматы қаласынан батыста қарай 44 шақырым қашықтықта орналасқан Майбұлақ тұрағын Жетісу палеолит ескерткіштерінің анағұрлым жақсы зерттелген нысаны деуге болады. Дәл қазір екінші нысан саналатын Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласы маңындағы Рахат тұрағында археологиялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өрікті ауылына жақын жердегі осы аттас өзеннің оң жағалауындағы ескерткіш тау етегінде, шатқалдың шығаберіс аузында орналасқан.

Бұл өзі ғайыптан қонған бақ құсындай тосыннан табылған ескерткіш еді. Жоғарыда аты аталған сайдан құрылысқа топырақ алып жатқан адамдар ежелгі тұрғындардан қалған белгіні топырақ астында көмулі жатқан күйінде табады. Ескерткіш анықталған сәттен бастап бірнеше рет ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілсе де, ежелгі тұрғындардың қай уақытта өмір сүргені туралы нақты бір болжам болмаған еді. Тарихи-мәдени мұра нысаны жылдар өткен сайын мүжіліп, құри бергені аздай, жергілікті тұрғындар сол жерден құрылыс қажеттілігіне топырақ алған сайын карьер орны табиғи әсерден бүліне берді. Осыны ескерген «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Ресей Ғылым академиясының Археология институты 2018 жылы ескерткішке зерттеу жұмысын жүргізуді бастады. Нәтижесінде, тереңдігі 13 метрлік ордан 8 бірдей мәдени қабат анықталып, ежелгі адамдардың өмір сүрген аумағының ізі белгілі болды. Әрбір қабаттан ошақ орнының ізі – күл табы, от орны, ошақтың бөлігі, жекелеген тас бұйымдар шығып отырды.

Мәдени қабаттар толық зерттелгенде табылған 121 тас бұйымның арасында еңбек құралы аз емес. Олардың ішіндегі ең қызықтысы – тас жарықшақтарынан өңделген еңбек құралының түрі болды. Осыны зерттей келе ғалымдар «Аталмыш тұрақ ежелгі адамдар тастан неше түрлі еңбек құралдарын дайындайтын орын болған»  деген пайымға келді. Өйткені, шикізат ретінде тау жыныстары мен минералдар кеңінен пайдаланылған. Жасалған еңбек құралдарының көбі жергілікті, яғни Рахат өзенінен алынған материалдан дайындалған. Ал, кремнийден жасалған бұйымдардың басқа жақтан жеткізілгені анық.

Биыл ескерткіш орнына жүргізілген толыққанды қазба жұмыстары кезінде 47 шаршы метр жер тазаланып, ежелгі адамдар өмір сүрген үш бірдей жоғарғы қабат аршылды. Әрбір қатпарда тағы да көптеген от табы сіңген орындар, күйе орны, бірінің диаметрі 1,5 метрге жететін үш бірдей терең қазылған ошақ орны табылды. Бірнеше жерде жануарлардың отқа күйген сүйектері мен алғашқы қауымдық құрылыс адамдары әшекей ретінде қолданған, бойында қызыл жосаның бояуы кездесетін бір бүтін, екі сынық ұлу қабыршағы шықты. Ежелгі адамдар жосаны діни және эстетикалық мақсатқа пайдаланған. Ескерткіш орнынан табылған 1700 тас бұйымның арасында қырғыш, кескіш, шағын пластиналар, сонымен қатар, аса сирек кездесетін үшбұрышты шағын пластиналар бар.

Бұл бұйымдар аса күрделі қару-жарақтың, ататын құралдың жүзі ретінде қолданылған сияқты. Қазақстан палеолитінде мұндай бұйымдар алғаш тіркеліп отыр. Осыған ұқсас заттар Израильден, Ираннан, Өзбекстаннан табылғанын ескерсек, 20 000 жылға созылған тас дәуірінің аумағы Алдыңғы және Орталық Азияның көлемді аумағына тұтастай жайылғанын байқаймыз. Біз зерттеген тұрақты ежелгі адамдар ұзақ уақыт бойы мекендеген тәрізді.

Ескерткішке археологиялық жұмыстарды жүргізген ғылыми жетекші Дмитрий Ожерельевтің ойынша Рахат тұрағының ғылыми зерттеулер нысаны ретіндегі болашағы зор. Ескерткіш ежелгі тас дәуіріне тән ғажап күйде сақталған, әлі қол тимеген (in situ) түрлі нысандарды бауырына басып жатыр. Археологиялық ескерткіште Еуропа мен Азияның басқа да аймақтарына тән кейінгі палеолиттің ерте кезеңдеріне тән даму байқалады.

Ал «Есік» қорық-музейі директорының орынбасары, аталмыш экспедицияға қатысушы Ермек Жасыбаевтың айтуынша, Рахат тұрағын зерттеу Қазақстан ғылымы үшін ерен олжа салар іс. Себебі, осы арқылы біз Орталық Азияны мекендеген халықтардың тас ғасырында өзара қандай қарым-қатынас жасағанын анықтай аламыз. Алғашқы жылы табылған тас құралдар мен ұлудан жасалған әшекейлер осыған дейін Орта Азия мен Алтайдан табылған бұйымдарға өте ұқсас.

Рахат тұрағының өзіндік ерекшелігі жердің қалың қабатында ежелгі Homo sapiens (саналы адамның) шаруашылығы туралы көптеген мәліметтің сақталғандығында болып отыр. Бұл мәліметтер Іле Алатауының етегі, Іле өзенінің төменгі ағысы мен Балқаш маңын мекендеген тұрғындардың аң мен құсты қалай аулағанынан хабар береді. Осылайша Рахат тұрағы кейінгі палеолит адамдарының ізі қалған оңтүстік-шығыс Қазақстан аумағында өмір сүрген екінші ескерткіш екені анықталған орын болып қана қоймай, халықаралық деңгейдегі сан қырлы ғылыми-зерттеулер басталған нысан саналады.

Досым ЗІКІРИЯ,

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы