Намысы жоғары елдің туы жығылмайды

Уақыты: 26.12.2016
Оқылды: 2069
Бөлім: ТҮПСАНА

Сары шұнақ аяз құлқын сәріден өнбейтін жұмысқа жегілген қараң-құраң топтың қойын-қонышына кіріп, сүйекке ілінген қан-сөлсіз терілерін әбден домбықтырып жіберді. Көз байланғанша зіл батпан бөренелерді біріктіріп, асау Енисейдің үстімен сал айдайтын адамдардың жүздері солыңқы, киімдері жұпыны. Білек күші сарқылған сормаңдай тұтқындар ауыр-ауыр ағаш бағандарды су бетімен тасымалдайды. Одан қалса, алпыс градустық аязда кен қазып, мұз құрсанған қара топырақтан алтын іздейді. Қары талған, қажыған жандардың жанынан сыптай киінген әскерилер жанамалап өте беріп еді, отқа қыздырынып отырғандар отар қойдың ортасына аш қасқыр түскендей өре түрегелді. Шерменделер шенділерден шошынып қалыпты. Тағы   қайсымыздың шыбын жанымызды шырқыратып, темір шымшуырмен тісімізді жұлар екен деп жалтақ-жалтақ қарайды. Әскерилер ішінен Бауыржан Момышұлының қырағы көзі бейбақтардан бөлек, он адым жерде оңаша-ланып, теріс қарап тұрған түлкітымақты тұтқынға түседі. Құдай-ау, қиыр шеттегі Сібір қойнауында қайдағы қазақ?! Түлкітымақ қазаққа ғана тән баскиім ғой. «Ассалаумағалейкум!» – деді қаһарман ұл қан- дасының қасына келіп. Қажыған қазақ ернін жыбырлатып, сәлемдескен сыңай танытты. Сақал-мұрты өскен, тымақ түбінен ұйпа-тұйпа шашы қобырай төгілген тұтқын бауырын Бауыр- жан жазбай таныды. Мағжан Жұмабаевтың маржандай тізілген тістерінің бірі де жоқ. Батыр бала кезінен жаттап өскен ақынның өлеңдерін төгілте оқып берді. Жанары қайтадан ұшқын атқан әлгі қазақ: «Маған жолама! Менің жағдайым қиын. Бәлем жұғып кетеді. Егер шамаң келсе, мені елге жеткіз», – дейді сәулесі сөнген болмашы үмітпен қарап.

Бізге көңіл тербеген бұл кездесу туралы  қазақтың қаһарман ұлы, жаужүрек батыры – Бауыржан Момышұлының келіні, дәстүрді дәріптеуші ұлт анасы, журналист, жазушы, этнограф әрі қоғам қайраткері Зейнеп АХМЕТОВА кеңінен әңгімеледі. Қазақ батыры ол уақытта Сібірдегі № 59 бригада командирінің орынбасары қызметін атқарып жүріпті. Сұрапыл соғыс аяқталған мамыражай уақыт. Анығырақ айтсақ, 1948 жыл. Мағжанға атылғаны туралы анықтама шығып қойғанына табаны күректей он жыл өткен. Қазақтың қос ұлы құлазыған Магаданның қу медиенінде, ит жеккендердің қар құрсанған аязды даласында осылай қауышады.
– Ата Мағжанның өлеңдерін жатқа соғатын, – дейді келіні келелі әңгімесін ары қарай жалғап. – Мен Мағжан Жұмабаевтың есімін ең алғаш атамнан естідім. Ну ормандағы кездесуде екеуі қысқа ғана тіл қатысыпты. Мағжанның өтінішін Баукең жерге тастамай: «Мен он күннен кейін келіп, алып кетемін. Дайын тұрыңыз», – деп шегелеп айтып кетеді. Алайда әскери қызмет еркіндікке құрылмаған. Жұмыстан шыға алмай, ақынға берген уәдесін орындау бір айға созылады. Ай өткен соң оралса, түрме бастығы Мағжанның Енисейдің бетінде сал айдап жүріп суға кеткенін жеткізеді. Ата маған: «Өмірдегі ең үлкен өкінішім – Мағжанға көмектесе алмағаным. Ол өкінішті өзіммен бірге о дүниеге ала кететін шығармын», – деп айтатын. Өйткені, кеңестік кезеңде Мағжанның өлеңін оқытпақ түгіл, атын ататпайтын. Оңашада Алаш арыстары туралы шешіле сөйлеп, артынан ешкімге тіс жармауды қатаң ескертетіні тағы бар еді. Кейінгі жас буын тұрмақ, біздің буын білмейтін Алаш ардақтылары жайында атамнан көп мәлімет білдім. Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсыновтың, Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларын атап, қазақ халқы үшін атқарған қызметін дастарқан басында әңгімелеп береді. Біз ұйып тыңдаймыз. Өзіңіз ойлаңызшы, ол кез әлі үрейдің заманы. Кеңес империясының қылышы жалаңдап тұрған шақ.
Бауыржан Момышұлы Алаш арыстарының дәурені жүріп тұрған жылдары есейді. Әкесі Момыш та сауатты жан еді. Ұлына Мағжан, Әлихан, Жүсіпбектердің ұлағаттарын сіңірді. Мағжан өлеңдерін өмірінің соңына дейін жатқа айтып жүргені осы ізгі тәрбиенің әсері шығар, бәлкім. Зейнеп Ахметова батырдың Мағжанмен кезіккеніне дәйек болсын деді ме, бізге әлдебір жасыл дәптер туралы айтты. Қойындәптерінің ішіне Мағжанның «Батыр Баян» дастаны әдемі төте жазумен көшіріліпті.  1925 жылғы журналдардың бірінде жарық көрген жаңа туындының соңында батыр мен сұлу қыздың суреті салынған. Басты назар аударар тұсы – бір шумақ өлең жазылып тұрғаны және оған батырдың ары қарай жалғастырып тағы бірнеше мағыналы тармақ қосып қойғаны. «Шерлі ақын Алашым деп еңіреп өткен, Жырына елдің зарын арқау еткен. Қайыспай нелер қиын күн туса да, Ақыры шыбын жанын құрбан еткен», – деген өлең жолдарына Бауыржан: «Өмірінде 60 жасқа ақын жеткен, Көп жылдағы айдаумен қамауда өткен. Өлмеймін, менікі не, өлмеймін деп, Сал айдап Енисейде суға кеткен», – деп қарындашпен жалғап жазыпты.
– Атаның өмірде өкініші аз болған жоқ. Бірақ ең қатты өкініші Мағжанға көмектесе алмағаны екен. Бұл ойын отбасында талай айтып жүрді. Қанша жерден өзін кіршіксіз сезініп, бар кінәні қатал тәртіпті талап ететін әскери қызметке арта салғысы келгенімен, адамгершілік тұрғыда өзінің Мағжанға бір айға кешігіп жеткенін есіне алса қатты налитын. Бірде Баукең науқастанып қалды. Шамамен, 1960 жылдары ғой деймін. Мекемтас Мырзахметов аспирантурада оқитын. Жас ғалымға кейінгі ұрпаққа сақтау үшін кілең Алаш арыстарының неше түрлі журналдарға шыққан өлеңдерін, әңгімелерін, мақалаларын, көне Құран кітабын, шежіре жинақтарын табыстапты, – деді Зейнеп Ахметова қазақ батыры туралы толғанысын тарқатып.
Зейнеп Ахметованы иісі қазақ таниды. Ибалы келіннің жарқын үлгісі де, дәстүр мен салтты сақтаған, көненің көзін жинақтаған шежіреші ана да, халықтың ақылман әжесі де – ақ жаулық тартқан осы кісі. Жассың деп жүре тыңдаған жоқ. Үлкен-кішіге құрметі бірдей. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деген мәтелді жаңғыртып, Талдықорғаннан ат арылтып келген бізге төрін ұсынды. Қонақжай шаңырақтан құт дарыған берекені байқадық. Ел таныған ананың қарсы алдымызда елпілдей жүгіріп, ақ дастарқан жаюға ұмтылғаны талбесіктен дарыған тәрбие мен тектіліктің жемісі дерсің. Мұндай мінсіз келіндік қызмет, мұндай ізет пен құрмет қайдан, қалай дарығанын білгіміз келді. Менің ойымды оқып қойғандай нәзік жанды жазушы ата туралы әңгімесін ұлттық тәрбиемен сабақтастырып әкетті.
– Ата екі жағы бірдей қайралған өткір қанжар секілді еді. Былай тайсаң осып түседі, былай тайсаң кесіп түседі. Ал лыпып тұрған қылыштың жүзімен түзу жүру қиынның қиыны еді. Маған сол сынақ бұйырыпты. Қыз балаға әдепті келін болу үшін ең бірінші бесіктегі тәрбие керек. Егер қайын жұртта қылығың шығып, қиыс кетсең, бүкіл сөз тоғыз ай толғатқан анаңа келіп тиеді. Менің шешем көзі ашық, оқыған-тоқығаны көп, терең білімді кісі болды. Ол кісі де ата сияқты алашордашылардың қозғалысын әңгімелейтін, – дейді Бауыржан Момышұлының келіні.
Зейнептің есінде ерекше сақталғаны ақын Ахмет Байтұрсыновтың сазгерлігін паш ететін «Бір бала» әні туралы еді. «Шын мәнінде бұл әннің атауы «Бір бала» емес, «Бір ғана» болуы мүмкін. Ән жолдарында қос етек, бұраң бел деген сөздер бар. Ал оның бір балаға не қатысы бар? Мағынасы үйлеспей қалады. Ең өкініштісі, әннің авторы Ахмет екенін ешкім мойындамайды», – деп Зейнептің анасы марқұм айтып отырады екен. Зейнептің көркем мінезді келін атанып, атаның әр мінезіне көндіге білуі сол отбасынан дарыған ана тәрбиесімен тығыз байланысты екен ғой. Ұлттың анасы ұяда көрген өнегесін жат жұртқа кеткенде Бауыржан Момышұлының университетімен шыңдады. Оның айтуынша, ел таныған ізетті келін атануына бірінші анасының, екінші Бауыржан батырдың сіңірген еңбегі орасан. Зейнеп отбасындағы жалғыз қыз. Қаршадайынан ерке, бұла болып өсті. Анасы марқұм он құрсақ көтеріпті. Оның бесеуі шетінеп кетіп, Зейнеп төрт ұлдың ортасында бой жетеді. Төрт ағасы жалғыз қарындастарының төбесінен құс ұшырмайды.
– Еркелігімді қанша көтерсе де, шешем тәрбиеге келгенде мені қатал ұстады, – дейді қазақтың келіні көз ұшында бұлдыраған балалығын еске түсіріп. – «Жалғыз болсаң өзіңе жалғызсың, қылығың жалғыз емес. Ертеңгі күні маған сөз келтіресің», – дейтін анам. Алты жасқа толғанымда кесте тігуді үйретті. Ал сегіз жасымда нанды қағаздай жұқа етіп жаятынмын. Балалық шағымнан естелік әрі анамның мұрасы ретінде кесте тігу өнері бойымда қалып кетті. Әлі күнге дейін қолым қалт ете қалса, теледидардың алдында отырып кесте тігемін. Анам марқұм өмірден өткенше ұлттық салт-дәстүрдің, тәрбие мен өнегенің үкісін қисайтқан жоқ. Әлі есімде, үйден ұзатылып шығып кеткен құлағыма келіп: «Енеңнен бұрын тұр. Қолыңды жумай жатып таңертең от жақпа. От – үйдің иманы. Тамақ жасағанда басыңда орамал тартулы болсын. Жасаған тамағыңнан шаш шығып жүрмесін. Шаш шықса, істеген тамағың арам саналады. Даурығып сөйлеме. Етегіңді қымтап ұста», – деп қайта-қайта айтып отырды.
Батырдың келіні анасы айтқан өсиет құлағында әлі күнге дейін кеше айтқандай жаңғырып тұратынын тілге тиек етті. Әсіресе, осы сөздердің бүгінде кез келген ұзатылатын қызға түсіндіріле бермейтініне қынжылды. Нәтижесінде, қыздан қылық кетіп, шаңырақ шайқалып жатыр. Мұндайда қазақ: «Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?» немесе «Астың дәмін кіргізер тұздан айналайын, Елдің дәмін кіргізер қыздан айналайын», – деп тәрбиеге бастайтын тәмсіл келтірген. Зейнеп Ахметова қазіргі қоғамның қыз әдебіне көңіл бөлмей кеткенін жеткізді. Біле білсек, келін – бір әулеттің ұрпағын жалғайтын енесінің өкшебасары. Осыдан-ақ қызға үлкен жауапкершілік артылғанын білу қиын емес. Батырдың келіні қазақ қыздары туралы таңды-таңға ұрып сөйлеуге дайын. Тек оны тыңдап, санасына сіңіріп алатын текті қыз жолықсын деңіз. «Қызы тәрбиесіз елдің іргесінен ырыс кетеді. Тұнығы лайланады. Сөйтеді де ұрпақ жүнжіп, жүдейді. Біз қазір соған келе жатырмыз. Өкініштісі, қыз тәрбиесін босаңсытып жіберіп алдық. Қыз бетімен кетсе халық та өзінің қадір-қасиетінен айырылады», – деді қазақтың анасы ұзақ үнсіздіктен кейін. Басына ораған жаулығынан, маңайына әлі терең әжім түсе қоймаған көзінен мұңның табы білінді. Бір ауық әкесін еске түсірді. Кәдімгі қолы шипалы, дәрігер әкесі. Зиялы адам еді ол да. Басында бұлағы бар өзеннің ұзаққа ағатыны секілді Зейнеп те әкесі мен анасынан алған тәрбиесімен төзімділік таныта білді.
Батыр Зейнептің бойындағы баға жетпес төзімділікті жоғары бағалады. Тіпті, болмашы жерден шарт кетіп, мінез көрсетіп қалатын қаһарман соңынан міндетті түрде кешірім сұрайтын. Бұл ұлылық емей немене?! Бауыржан мен Зейнеп бірде Қазақстан Жазушылар одағына бас сұғады. Маймөңкелеуге, жағымпаздыққа жаны қас атасы мен келіні кітапқа байланысты жұмыстарын тамамдап, үйге қарай жаяу аяңдауды ұйғарады. Зейнеп қашанда хас батырдың артында еріп жүреді. Кенет Бауыржан кілт тоқтайды да көше бойындағы біркелкі қырқылған ағаштарға назар аударады.
– Мына ағаштарды көрдің бе? – деп сұрайды келінінен. Зейнеп ап-аласа әрі теп-тегіс қырқылған шыбықтардың әдемілігіне тамсанып: «Иә, ата, өте көрікті көрінеді», – дейді қуанып. Бірақ Бауыржан:
– Ақымақ! Сендер, жастар тек жылтырағанды ғана көруге әуессіңдер! Егер бұл ағаштардың әрқайсысын қайта-қайта қырқа бермей, өз еркіне өсірсе осы күнде алып бәйтерек болар еді. Саясында жүздеген адам жатып, демалар еді. Жемісін жер еді. Бірақ қазір теп-тегіс көрер көзге. Бір жапырағы бас көтеріп шошайып өсіп кетсе, дереу қырқып тастайды. Қарашы, түбі жуан. Бірақ өсе алмайды. Бұл билікке ұқсайды. Билікке адамдардың әртүрлі ойламай, бірегей болғаны дұрысырақ. Мынау әлдеқашан бәйтерекке айналып, басына құстар ұя салатын ұсақ ағаштар біздің бәріне бірдей бас шұлғитын халық іспеттес. Сонда басқару оңай, – дейді келініне шешіле сөйлеп.
Зейнеп Ахметова атасының тапқыр теңеуінен шошынып, өзінен-өзі жан-жағына үрке қарай берген. Бүгінде бұл естелік есіне түскен сайын ел тәуелсіздігіне тәубе етеді. Қызыл билік салтанат құрып тұрған дәуірде  келініне мысал айту ерлікпен пара-пар еді. «Ата расында өзгеше ойлайтын. Оның есімі ел аузында аңыз болып таралды. Соғыс жылдарында ерлігі әлемге дәріптелді. Бес рет қоршауды бұзып шығу деген оңай ма? Шовинизм белең алып тұрған шақта орыс генералдарының ортасында батальон, полк, дивизия басқарды. Мыңдаған сарбазды кескілескен шайқаста аз шығынмен аман алып қалып жүрді. Алайда қазақ елінің мәдени мұрасына қатты алаңдайтын. Тіл тағдырына атүсті қарай алмайтын. Билік басындағылар атаның бетіне күліп қарағанмен, былай шыға бере ұлтшыл деп айыптайтын. Күрделі жан еді», – дейді.
Келіні шығармашылыққа келгенде де келіндік танытыпты. Өзін үйдегі оттың иесі санайтын ол «Шуақты күндер» романын жазғанда да, бүгінгі таңда толықтырып жатқан «Бабалар аманаты» кітабында да бас кейіпкер етіп Бауыржан Момышұлын келтіреді. Бар болғаны батыр айтқан даналықтарды қағазға түсіріп отырғанын, әрбір сөзін құймақұлақ секілді санасына сіңіріп алатынын, соларды тізбектей келе, үлкен кітапқа айналғанын айтты. Өз тарапынан алып-қосқан еш нәрсесі жоқтығын жайып салды. Қазіргі заманда екінің бірі кеуде керіп, қосқан үлесін жариялауға құмар емес пе? Ал Зейнеп Ахметова да қарапайымдылық, кішіпейілділік қасиеттер қаймағы бұзылмаған қалпы сақталған.
Ұлт анасының әңгімесі атасы аманаттап кеткен салт-дәстүрге, тілге, дінге, руханияттағы әттегенайларға қарай ойысты. Өкініштісі, қазақты ұлттық тұрғыда танытуда тұсаукесер мен беташарды ғана білетін жастар өсіп келеді. Бұдан бөлек жүздеген жоралғының барын, жүздеген той түрінің кездесетінін кейінгі буын білмейді де. Жастардың мұндай мешеулігіне ислам дінінің кейбір тармақтары арқылы шабуылдың басталғанын қосып қойыңыз. Беташарды, сәлем салуды, қала берді домбырамен ән шырқауды Алла ісіне қайшы санайтын ағымдар пайда болды. Зейнеп Ахметованы ата дініміздегі ала-құлалық алаңдатады. Балақ кесіп, талақ айтқандарды, күйектей сақал қойып, жыл сайын әйел ауыстырған соқыр сенімдегі еркектер қауымын сынайды.
– Бір оттың басында бірнеше ағымға сенетіндер бар. Көз алдыңа елестетіп көрші. Отбасы шағын мемлекет қой. Өз басым бір үйдегі бес адамның төрт түрлі ағымға имандай сенетінін кездестіріп, жағамды ұстадым. Қорқынышты! Егер осындай бір-бірімен қырқысқан отбасындағы түрлі сенім өкілдері мемлекеттік дәрежеде көрініс таба бастаса не болдық? Қазақтың құрдымға кеткені сол емес пе?! – дейді инабатты келін ашынып. Ақылман ана қай жағынан алып қарасаң да ақылман қалпында қалады екен. Зейнеп Ахметованың сөзінде жан бар. Қарт адам не демейді деп жылы жауып қоя салуға ешкімнің дәті шыдамайды. «Қазақтар – еркін өскен халық. Біздің ел қай кезде де құдайсыз қалмаған. Ол үшін том-том кітап оқудың қажеті жоқ. «Құдайсыз қурай сынбайды», «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген халық даналықтарын жадыңда тұтсаң жеткілікті. Мұсылман болу үшін арабтың орамалын тағу міндет емес. Біздің жігіттер жап-жас қалпында күйектей қылып сақал қояды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Қазақта «қырыққа дейінгі қырма сақалдар» деген тіркес қалып кеткен. Жастар қияқтай қылып әдемі мұрт қойған», – дейді ол.
Көркем мінезді келін орамалға қатысты ойын да бүкпесіз әңгіме өзегіне айналдырды. Бүгінгі қазақ қыздары дәстүр мен діннің парқын ажырата алмайды. Қара орамалды жары мезгілсіз өмірден өткен қаралы әйел салатын. Ең бастысы, тұрмысқа шықпай тұрып, ақ некесі қиылмай жатып қазақ қыздары орамал тартпаған. Есесіне, кәмшат бөрік, құндыз бөрік, үкілі тақия киді. Моншақ тағынып, шашақты қасаба, жырға сынды бас киімдерді қолданды. Шаш күтті. «Шашын он күн тарап, бес күн өрді» деп өлеңге қосатыны сол еді. Бүгінгі кейбір жат ағым сол шашқа тағатын шолпы, шаштеңге, үзбеге дейін жерге көмгісі келеді.
Жазушы Алпамыс пен Ер Тарғынның, Қабанбай мен Әбілқайырдың жарлары туралы сөз қозғады. Тіпті, кешегі Кенесарының қарындасы Бопай, бертінгі Әлия мен Мәншүк, текті де қайсар қыздардың сарқыншағы Ләззат пен Сәбирадан мысалдар келтіріп, бүгінгі нәзік жандарды солардан үлгі алуға шақырды. «1996 жылы «Дін туралы» Заң шикі қабылданды деп есептеймін. Қазақстанда қандай секта бар деп емес, қандай секта жоқ деп айту керек. Айналдырған          10 миллион қазақтың ішінде 4 мың дін ұйымы бар. Не деген қорқынышты!» – дейді ақ жаулықты ана.
Этнограф-ғалым ұлттың бойынан әлі де жалтақтық арылмағанын өкінішпен жеткізді. Үш ғасырлық езгіден елдің еңсесі еңкіш тартып кеткен. Оны қайтадан қалпына келтіру ұзақ уақытты талап етеді. Жазушы халқын шөл далада қырық жыл бойы ертіп жүрген Мұса пайғамбарды мысалға келтірді. Ондағы мақсат Перғауынның құлдық психологиясын бастан кешірген елді жаңа буын алмасқанша, санасы еркіндікпен суарылғанша күту еді. Біздің елде де кеңестік кезеңнен қалған жалтақтық жаңа буынмен біржолата кетпек. Бірақ бұл жерде ұлттық салт-дәстүрді, тіл мен мәдениетті ұмыт қалдырмауға тиіспіз.
– Қазақ – намысшыл халық. Намысшылдығы соншалық, орыс тілін орыстан, ағылшын тілін ағылшыннан артық меңгеріп алдық. Бізге Еуропадағы кез келген ұлтқа еліктегішпіз. Бірақ қазаққа, өз ұлтымыздың құндылықтарына қарап бой түзеуге құлқымыз жоқ. Намыстың да түр-түрі бар. Бізге сасық намыс емес, ұлттық намыс, кәдімгі ердің бойында Отан үшін лаулап жанатын намыс оты қажет. Қазақстан ең алдымен қазаққа керек. Қандай қиын-қыстау заман туса да, өзгелер емес, өзіміздің қаракөз қазақтарға ауыртпалық түседі. Сондықтан, қазақ санасының бостандықты сезінетіндей таза болғанын қалаймын.
Зейнеп Ахметова – қазақ батырының қазынасын құлағына құйған шежірелі жан. Бүгінгі таңда жазып отырған «Бабалар аманаты» кітабында кеңестік кезеңде айтуға тыйым салынған дүниелерді кіріктіріп жатыр. «Кім-кімге келін болмай жатыр? – дейді ел анасы ерекшеленгісі келмей. – Менен көп тілші қандай марапатымның бары жайында сұрайды. Шын мәнінде менің атақ-даңқым жоқ. Бірақ ешкім ала алмаған, ешкімнің басына бұйырмаған бір ғана атағым бар. Ол – атаның келіні атты бірауыз сөз. Маған содан артық ешқандай марапаттың керегі жоқ. Сол атақты ақтай алсам жеткілікті. Баукеңді Алатау мен Арқадағы, Атырау мен Алтайдағы қазақ бірдей құрметтеді. Бәрі «Біздің Баукең» деп атады. Оның ұлы Бақытжан Момышұлы да қарапайымдылықты сүйген жазушы болды. Бұл әулетте ешкім біреудің есігін қағып, қызмет сұраған емес. Мерейтойымды жасап бер, марапат сыйла деп орынсыз қолқа салып көрмептік. Бұл атаның тәрбиесі еді. Мәселен, былтыр Қазақстанда атаның есімін еншілеген 64 мың 416 адам бар екені анықталды. Оның үш мыңы өзге ұлттың өкілдері. Міне, халықтың құрметі. Маған тиіп жатқаны – соның ұшқындары ғана».
Расында да, Момышұлы әулеті атаққұмар емес. Даңқы жер жарған қаһарман ұлдың өзі де «Кеңес Одағының Батыры» атағына құмартқан емес-ті. Билік оны басбұзар деп орынсыз кінә тақты. Ұлтшыл деп шетке қақты. Ал ұрпағы батырдың жолын қуалады. Келіні Зейнеп те атасы айтқан ақылды берік ұстанды. Бесікте көрген тәрбиесін жаңа босағаны аттағанда ары қарай жандандырып әкетті. Зейнептің жары Бақытжан нағашыларының қолында есейді. Әкесі 14 жыл табан аудармай әскери қызметте жүрді де, отбасынан алыстап қалды. Алайда әке жылуын жылына бір демалысқа келгенде сыйлап кетуші еді. Зейнеп ауылда өскен, Бақытжан Алматының асфальтінде ержеткен. Екі бөлек ортада тәрбиеленген жандар бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрып кетіпті. Әскери қызметте жүрген асқар тауын анда-санда көргендіктен бе, Бақытжан әкесіне суықтау болды. Зейнеп әке мен баланың арасын жалғастырып, нәзік байланыс орнатты. Екеуінің ортасын махаббатпен жалғады.
Ибалы келін атасымен таңды-таңға ұрып әңгімелесетін. Сонда Бауыржан келініне соғыс жылдарындағы ауыртпалықты емес, қазақтың өнегелі тарихынан сыр шертуді құп көрді. Соғыс салған жараның аузын тырнағысы келмеген шығар, бәлкім. Әйтеуір, ұлағатты сөз, көргенді әңгіме ғана айтып бақты. Кеңестік заманда құпияланып, жазықсыз оққа ұшқан қуғын-сүргін құрбандарын да бір-бірлеп таныстыратын еді. Саясат тыйым салған тұлғалардың сөзін Бауыржан отбасына біртіндеп сіңіре берді. Зейнепке батыр жиі-жиі: «Жақсы адамның жақсылығын айт, бірақ жағымпазданба, жаманның жамандығын бетіне бас, бірақ жала жаппа», – деп отырыпты.
Бүгінде Зейнеп Ахметованың үйінде майласқан қалың дәптерлер тау-тау болып үйіліп жатыр. Шаңырақтың келіні үй шаруасынан бөлек, әр жылдарда атаның аузынан шыққан сөзді қалт жібермей жазып жүріпті. Асүйден шықпайтын келін батыр айтқан шежірелерді майлы қолымен дәптерге түртіп, кейінгі жастарға жеткізуді мақсат тұтты. Төргі бөлмеде қасқайып Бауыржан Момышұлының әскери формадағы суреті тұр. Бейнебір әлі де көзі тірі, әлі де қатпар-қатпар тарихтан тарқатылатын әңгімесін жалғастыра жөнелетін секілді.
Біз Бауыржанның көргенді келінінен бүгінгі жастардың не себепті ажырасуға бейім тұратынын сұрадық. Ел анасы ұзақ ойланды. Тұңғиық ойға батқан бейнесінен бірауыз сөзбен түйіндей салуға болмайтынын білдік. Кенет қазақ келіні әдемі мысалмен сөз бастады. Шамасы, жастардың бұл теріс қылығы көркем мінезді нәзік жанды баяғыдан мазалап жүргендей. «Қазіргі жастардың кейбірі қурай секілді. Лап етіп жанады да, жалп етіп сөнеді. Құда-құдағилар апта қалғанда, тіпті, үйленуге санаулы сағат қалғанда танысып жатады. Бұрынғы қазақтың әдет-ғұрпы сақталғанмен, мазмұны жоқ, мағынасы көмескі. Сыртқы формасымен ғана той жасап жүрміз. Баяғыда күйеу мен келін бір-бірін бала кезінен білді. Екі жақ та бел, бесік құда болысып жататын. Жетпіс жылдық солақай саясат сол салтымызды өзімізге құбыжық етіп көрсетті. Қазіргі жастарда төзім жетіспей жататынын баса айтқым келеді. Ең назар аударар мәселе, жастар махаббат пен сезімді ажырата алмай қалған сияқты. Ұнату бар. Қызығу бар. Достасу бар. Махаббат бар. Жастар қызығуды махаббатпен шатастырады да, соңынан шаңырақтары шайқалып жатады. Қайталап айтамын, отбасының іргесін сетінетпес үшін ең бірінші әйелдің төзімділігі керек», – деді әр сөзін салмақтап сөйлеген ана.
Жазушы қоғамның әр құбылысына атүсті қарамайды. Замана ағымын бақылап отырады. Келеңсіздікке, қиянатқа күйінеді. Қуанышты жағдай болса, халықпен бірге шаттанады. Ер адамның қадірін арттыратын да, түсіретін де – әйел. Киіз үйді тіккенде де шаңырақты ер көтеріп тұрады. Бұл тектен-текке емес. «Бұрын ер баланың жолдасын алты қырды асырып барып таза жерге көмеді екен. Елін, жұртын қорғасын деген ізгі ниет бұл. Ал кіндігін табалдырықтың астына көмеді. Қыз баланың жолдасын да, кіндігін де ошақ қасына, оттың басына жасырған. Оттың басын баспа, отқа түкірме дейтіні сондықтан», – дейді Зейнеп Ахметова.
Этнограф-ғалым жастар ажырасып жатса, яки жаман жолға түссе, белгісіз кеселге ұрынса, оларды өсірген ата-ана тәрбиесінің бір жерінде ақау бар деп санайды. Мұндай келеңсіз көріністерге әлеуметтік теңсіздіктің белең алып бара жатқаны да себеп. Теңсіздікті тоқтатуды құп көреді ақ жаулықты ана. Әйтпесе, қоғамда әр түрлі әлеуметтік ортада өмір сүретін жандар көп. Оларға ауқаттылардың өмірі, ал дәулеттілерге жұпыны отбасылардың өмірі ұнамауы мүмкін.
– Құрсақшашу тойының не екенін ешкім білмейді. Құрсақшашу – келіннің бойына бала біткенде жерік болғанда әуес асын тауып беру үшін жасалатын той. Сонда ауылдағы адамдар әрқайсысы бір-бір тамақ алып келеді. Соның біреуін жейді. Табылса қуанады. Ал қазіргі құрсақшашу тамақтары қарлыққанша тілек айтып айқайлап, селкілдеп билейтін тойға айналып кетті. Дарақылыққа ұрынып жатырмыз, – деп күйінеді жазушы жуырда ғана бір осындай тойға барғанын мысалға келтіріп.
Ақ жаулықты ананың айтуынша, халық бейқамдыққа үйреніп барады. Бұл – ең жаман үрдіс. Кезіндегі журналистің келтірген мәліметіне сүйенсек, бүкіл телеарнада қолданылып жүрген «жаңалық» сөзі – қате. Жаңалық деген жаңа нәрсені айту еді. Бірақ қазіргі тілшілер жаңалыққа жаға ұстататын жаманаттарды тізетін болды. Құдайдың құтты күні солай. «Нәтижесінде, енжарлыққа үйрендік. Маған кейде телеарналарда тәжірибелі журналист қалмағандай сезіледі. Кілең әншілер жаулап алды. «Ұялмаған әнші болады», – деуші еді қазақ. Қазір сондай заман орнады. Сахнаға барсаң да сол әншілер, тойға барсаң да сол әншілер, теледидар қарасаң да сол әншілер. Әншілер телеарнаның біреуінде жүргізуші болып жатса, екіншісінде олардың жеке өмірін паш етіп жатады. Қандай қазы жейтіні, оны қалай сақтайтыны, қандай аяқкиім киетіні, қандай көлік мінетіні – бәрі айтылады. Құдай-ау, олар неге қазақтың қаншама ауылдарында нан мен шайға әзер жетіп отырған отбасы барын түсінбейді? Олардың көңіліне қаяу саламын деп ойламай ма? – Бауыржанның келіні ақпарат құралдарын жайлаған сауатсыздыққа күйініп кеткендей. Дәстүрге келгенде құлақтары керең болып қалатын шоу жасаушыларды сын тезіне салды. Бесік жырын тыңдамай өскен әншілер ғана осылай істейтінін әшкере етті. – Шетінен өздері әмбебап. Біресе, «аспанға қарап жұлдызды санайды», біресе, саз жазып, өлең шығарады, біресе, сүйеді, күйеді, өртенеді. Қысқасы, бізге ең алдымен ақпарат құралдарын ұлттық бағытқа ойыстыру керек».
Ақпарат құралдары демекші, ақ жаулықты шын мәнінде сауатты жаза алатын кәсіби журналистердің шетке қағылғанына қынжылады. Ал сол ақпарат құралдарынан беріліп келе жатқан қазақ киноларының задында ұлттық болмыс жоқ. Бұрын шайпау келін, ақымақ ене туралы естісе, бүкіл ауыл тыйып тастаушы еді. Бүгінде ондай әдептің бірі де қалмапты. Халық атасы мен келіні бір-бірін көтеріп сахнаға шықса рахаттанып күлетін дәрежеге жетті. Жазушының айтуынша, ең қорқыныштысы осы. Бір сөзбен айтқанда, көгілдір экрандағы ақпарат құралдары көрермен емес, тобыр тәрбиелеп отыр.
Зейнеп Ахметова жеткіншектер осы сорақылықты көремесе екен деп тілейді. Мұндайдан бала мейірімсіз болып өседі. Олардың жүрегін қайырымға, жанашырлыққа толтыру үшін өмір мен өлімнің не екенін ерте бастан ұқтыра беруге тиістіміз. Сонда ғана келешек бүгінгіден де нұрлы болмақ. Жазушы «Ықтырмаң жоқ болса желге өкпелеме» деген мәтелін мысалға алды. Мынадай жаһанданған дәуірде әр ұлт өзінің дәстүрін, салтын ықтырма жасауы керек. Ұлтына жаны ашыған жазушы жуырда телеарналарға бас сұғып, халық педагогикасы туралы бағдарлама ашуды сұрапты. Алайда ақшаға кәніккен басшылар ақы төлеу керектігін көлденең тартыпты. Мұндай сорақылықты бұрын-соңды естімеген ізгі жан бүкіл телеарналардан теріс айналған.

– Көршілес өзбекті, қырғызды әлемнің қай бұрышына барсақ та оп-оңай танып аламыз. Ал қазақты танымаймыз да. Осыған жүрегім ауырады. Бұл – ұлттық болмысынан ажырап барады деген сөз. Анам марқұм бала кезімде мынадай бір даналық айтып отыратын. Ара да, жылан да гүлдің шырынын жалайды екен. Алайда біреуі у жасайды. Біреуі бал өндіреді. Намысымыздан айырылмайық. Ата: «Намыс пен ұят бәрінен жоғары» – деп жиі айтатын. Намысы жоғары елдің туы ешқашан жығылмайды. Не десек те қазағыма қайырын берсін деп тілеймін, – деп аяқтады сөзін кемеңгер ана.

Қуаныш ТҰНҒАТАР