"ҚОЛӨНЕРГЕ ҚЫЗЫҒАМЫН": ШӘКІРТТЕРІ ШЕТЕЛГЕ ШЫҒЫП ЖҮР

Уақыты: 12.11.2019
Оқылды: 2326
Бөлім: ТҮПСАНА

Оқушыларға білім мен тәрбие берумен қатар қолөнерге баулудың маңызы зор. Осы орайда Қарасай ауданы, Б.Қосынов атындағы орта мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі Анар Битимбаеваның жас ұрпаққа беріп жатқан тәлімі мол.

Жастайынан сурет салуға деген ынтызарлығымен көзге түсіп, кез келген жанның қолынан келе бермейтін сұлу өнерге арна салған Анар Кемелқажықызы алғашында Талдықорғанда суретші-көркемдеуші мамандығын меңгерсе, одан кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін технология пәні мұғалімі мамандығы бойынша тамамдайды.

Бастапқы кезде басқа салада жүргенімен 2009 жылдан ұстаздық жолға бет бұрып, Қарасай ауданының Ұлан орта мектебінде еңбек жолын бастайды. Қазіргі таңда Б.Қосынов атындағы орта мектепте қызмет етуде.

Түрлі түсті жүндерден картиналар, фетрден, бисерден әртүрлі бұйымдар жасайтын Анар Кемелқажықызының өнеріне қызығып, тәлім алып жүрген шәкірттері көп. Сондай оқушыларының бірі – Әсем Барлыбаева 2010 жылы Грекияда өткен қолөнер фестивалінде  бірінші орынды қанжығалап қайтса, тағы бір шәкірті Жұлдызай Темірбек былтыр «Нұрлы жастар» байқауына қатысып, екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұдан басқа да байқауларда жүлделі орындар иеленіп жүрген шәкірттері жетерлік.

Ұстаздың өзі де талай бәйгеде бақ сынап, өз өнерін өзгелерге паш етіп келеді. Жуырда ғана облыс көлемінде өткен «Ұлы Дала өнері» атты қолөнер шеберлерінің көрмесінде әсем туындыларымен көзге түскен ұстаздың қолынан шыққан бұйымдарға қарап, тамсанбаған жан жоқ шығар, сірә?! Ұстаз онда көптеген қолөнер туындыларымен қатар «Рухани жаңғыру» атты ізденісті еңбегін көпшілік назарына ұсынды. Шәкірті Темірбек Жұлдызайдың да қолөнер бұйымдары қойылды.

– Ұстазымнан өзім қызығатын көптеген затты үйреніп жатырмын. Түрлі түсті жүннен қуыршақ, картиналар, киіз басып, баскиім, байпақ, кеудешелер жасаймыз. Қолөнерге өзім қатты қызығамын. Болашақта ұстазым сынды көркем еңбек сабағынан дәріс берсем деп армандаймын, – деді бізбен әңгімесінде Жұлдызай.

Қазіргі таңда ұстаз құрғақ және сулы техника негізінде жүннен түрлі заттар жасап, оқушыларға үйретуде. Біз де ұстаз еңбегіне толайым табыс тіледік.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Қарасай ауданы