Берекелі Мәуліт

Уақыты: 27.12.2016
Оқылды: 1996
Бөлім: ТҮПСАНА

Барша ғаламға рақым етіп жіберілген пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с) арнап, Мәуліт оқу елімізде ертеден келе жатқан дәстүр. Турасын айтқанда пайғамбардың (с.ғ.с)  туған күнін атап өтіп, сансыз салауаттар айту адам баласының сауабын ұлғайтып, күнәдан сақтайды. Осыған орай Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкілдігі Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Үммет үні» атты рухани кеш өткізді.

Алдымен Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) арнап діни әндер айтылған соң орталық мешіттің мәзімі Әрінбек Анарбек қасиетті Құран Кәрім оқыды. Жаратқан Алла Тағаланың сөзі көпшіліктің көңілін тербеп, жанарларды жасқа толтырды. Бұдан соң ортаға шыққан жүргізуші – орталық «Иман» мешітінің наиб-имамы Ардақ Оразбайұлы көпшілікке Мәуліттің қадір-қасиетін түсіндіріп өтті. Адам баласын тура жолға түсіріп, адалдық, әділдік, жақсылық сынды қасиеттерді өріс­тетуге күш салған пайғамбар Мұхаммедті (с.ғ.с) Жаратқан өзі сақтап, қараңғылық басқан дәуірге жарық нұр етіп жібергендігі ақиқат. Осы жолда талай қуғын, түртпек көрсе де Мекке қаласының тұрғындарын, өз ағайындарын Исламға шақырған Хақ елшісінің сабыры, шыдамдылығы өзгелерге үлгі. Содан бері ХІV ғасыр өтсе де бүгінгі күнге бұзылмай жеткен Ислам дінінің ұстындарын, шарттарын, шариғатын қарапайым халыққа түсіндіруден талмай келе жатқан жандардың алдыңғы легінде мешіт имамдары тұрғаны белгілі. Осыған орай ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына байланысты Ақсу ауданының бас имамы Анарбай Тасболатұлына Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Алғыс хаты мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкілдігінің «Жыл имамы» аталымын Талдықорған өңірінің бас имамы Серікхан Ахмадиев табыстады. Сонымен қатар, «Көпбалалы имам» аталымын Ескелді ауданының бас имамы Болат Жұмағалиевке облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов беріп, жүрекжарды тілегін арнады. Сондай-ақ, «Ең білімді имам» аталымы Мысырдағы әл-Азхар университетін үздік бітіріп келген Шынарбек Өркенге берілсе, «Ең жас имам» аталымы Түркияның Хасеки академиясын бітіріп, Талдықорған орталық «Иман» мешітінде еңбек етіп жатқан Ернұр Болатбекұлына табыстады. Одан бөлек, «Зекет» қорының облыс­тағы өкілі Серік Сарымолдаев Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Алғыс хатымен марапатталды. Сөйтіп, халықтың білімін, дін туралы түсінігін арттыруға, зекет-садақа жайлы дүниетанымын кеңейтуге үлес қосқан жандардың еңбегі еленіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Баршасына Алла разы болсын деген тілек айтамыз.
Мәдениет сарайына жиналған көпшілік бұдан соң пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с) арналған Мәуліт кешінің ұлағатты да ғибратты, өнегелі де үлгілі көріністерін тамашалап, жергілікті мешіт имамдары көрсеткен көрініс­тердің шынайылығынан қатты әсер алды. Әсіресе, Пайғамбардың (с.ғ.с) жалғыз ұлы Ибрахимнің қайтыс болар сәтіндегі диалог көпшіліктің көзіне жас алдырды. Сонымен қатар, Көксу аудандық «Самға» жастар театрының актерлары қойған қойылымдар да көрермен көңілін толқытты. Жастар театрының жетекшісі Фатих Ақынұлының ізденісі өнер ордасын әлі де көптеген жетістіктерге жеткізері анық. «Үммет үні» атты мәуліт кешін бастан-аяқ жүргізген Ардақ Оразбайұлының еңбегін ескерусіз қалдыруға болмас. Өзі айтып жүрген уағыз-насихаттарды бұрынғыдан да әсерлі жеткізгені соншалық, тыңдаушылар жаңа көргендей, жаңа естігендей күйде болды. Рухани кешті 8-10 жас аралығындағы қыз­дардың оқыған өлеңі мен әнші-композитор Данияр Құрамысұлы орындаған ән әдіптеп, көркемдей түсті.

М. ӘСЕТҰЛЫ.