"БҰРЫН-СОҢДЫ КӨРМЕДІМ": ТАЛДЫҚОРҒАНДА МАҚПАЛ МЫСАНЫҢ КЕШІ ӨТТІ

Уақыты: 20.11.2019
Оқылды: 2695
Бөлім: ТҮПСАНА

Ел санасында "Елбасын елжіреткен қыз" есебінде қалып, көптің жүрегін көркем поэзиясымен жаулаған, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, ақын, "Жетісу" газетінің тілшісі Мақпал МЫСАНЫҢ "Ақ қанатты періштем" атты шығармашылық кеші өтті.

Талдықорғанның төріне жиналған әдебиет жанашырлары әдепкі басқосулардан мүлде бөлек, тың да тағылымды театрландырылған әдеби шараны тамашалады. Бұл кештің өзгешелігі сол, ақынның поэзиядағы ғұмыры үлкен бір қойылымның желісінде өрбіді. Театр әртістері мен эстрада жұлдыздары толықтай ақ түсті киім киіп, қанатты құстардың образын сомдады.

Кеш барысында LED-экраннан 3D форматында автордың табиғатпен сырласуы, өлең жазып отырған сәті көрсетілді. Қазақ әдебиетіндегі қара нарлардың асыл бейнесі де қара бояумен әрленіп берілді. Оларға өлең арнаған ақын қыздың сағынышы суреттелді. Содан-ақ режиссердің үлкен еңбегін анық аңғаруға болады. Мақпалдың мыңдаған оқырманның көңілін тербеген өлеңдері басы-аяғы бүтін композиция өзегінде өрілді. Шығармашылық кештің қорытындысы Ақан серінің "Мақпал" атты әнімен аяқталды.

Шара соңында Мақпал Мысаға Алматы облысы әкімінің ықылас гүлі табыс етілді. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, белгілі өнер майталманы Асқар Наймантаев бастаған руханият жанашырлары сөз сөйлеп, ақынға ақ лебізін арнады. Түлеп ұшқан ауылынан келген жерлестері де ақ тілектерін ақтарды. Басқа да қонақтар ақынға сыйлықтар табыстап, естелік суретке түсті.

Біз құшағы гүлге толған ақын қызға көрсетілген қошемет алдағы үлкен жетістіктердің бастамасы ғана болсын деген ізгі тілегімізді білдіріп, тарқастық.

Тың ізденіске толы поэтикалық кешке қатысты пікірін білдіріп, әлеуметтік желі арқылы өз әсерін жазып жатқан халық көп. Мәселен, өңірге танылған ақындардың бірі Азамат Нұрмұхан: "Мұндай декорацияны бұрын-соңды, еш ақынның кешінен көрмедім", - деп жазды. Ал ақын Бақыт Жағыпар: "Мақпалдың мақпал жыры әр жүректі тербетті", - деп өз әсерімен бөлісті. Серікзат Дүйсенғазы бастаған басқа да тілекшілер желі арқылы жүрекжарды лебізін жолдады.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Алматы облысы