"НАҒЫЗ РОМАНТИКА - ТЕКЕЛІДЕ": ӨНЕР ҰЖЫМЫ МОНОҚАЛАДА КОНЦЕРТ ҚОЙДЫ

Уақыты: 23.11.2019
Оқылды: 1430
Бөлім: ТҮПСАНА

Текелінің Мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Жастар жылы аясында Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның «Күзгі романтика» атты кеші өтті.

Концертке жиналғандар Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бақытгүл Әбенова бастаған топтың орындауында күз мезгілі туралы әсем ән мен тамаша бидің куәсі болды. Сахна мезгілге орай әдемі безендірілген.

Кеш шымылдығын «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі Н.Тайырдың «Жаңбыр» қойылымымен түрді. Одан кейін сахнада «Күрең күз», «Құстар қайтып барады», «Есіңде ме?», «Сағынышым», «Екі жұлдыз», «Осень», «Донна осень» сынды әндер орындалып, «Алтынайдың» бишілері «Бродвей», «Әдемі» сынды әуен мен әнге құрылған қойылымдарды көрсетті.

Жиналғандар ықыласына ерекше бөленген нөмірлердің бірі – В.Шаинскийдің «Осенний джаз» композициясын саксофонмен орындаған Қайрат Халықов болды.

Романтикалық концерт «Биле, жастық, билесең, биле сен, бір жасайық. Кел, достар, құрдастар. Сырласайық, замандас сырластар» деп келетін, сөзін Шөмішбай Сариев, әуенін Сейдолла Бәйтереков жазған әнмен өз мәресіне жетті.

Соңында моноқаланың әкімі Бақтияр Өнербаев сахнаға шығып, филармония өнерпаздарына жергілікті қылқалам шеберінің қолынан шыққан Текелінің тауы мен тасы, Қаратал өзені бейнеленген суретті сыйға тартты. Сондай-ақ, өз сөзінде қала әкімі: «Кештің атауын сәтті беріпсіздер. Ұмытпаңыздар, нағыз романтика – Текеліде. Табиғаты, бәрі-бәрі тұнып тұрған романтика! Ұсынысымызды қабыл алып, тамаша кеш ұйымдастырғандарыңызға рахмет!» – деді.

Шара соңында қала басшысы алдағы уақытта романс фестивалі ұйымдастырылатындығын айтып, бәрін сол кешке біркісідей қатысуға шақырды.   

Серік ҚАНТАЕВ

Текелі қаласы

Алматы облысы