ӘЛМЕРЕК - 360: КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСУШЫЛАР АБЫЗДЫҢ АТЫНА АУДАН СҰРАДЫ

Уақыты: 27.11.2019
Оқылды: 3305
Бөлім: ТҮПСАНА

Алматыдағы «Ғылым ордасы» ғимаратының мәжіліс залында «Рухани жаңғыру және Ұлы дала тұлғалары: тарихи сабақтастық» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Аталған шара Әлмерек Жаншықұлының 360 жылдығына арналды. Конференцияны Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Алматы облысының әкімдігі және "Әлмерек баба" қоғамдық қоры ұйымдастырды. Оған белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жазушылар және қала жұртшылығының өкілдері қатысты.

Әлмерек Жаншықұлы өз кезінде ел басқару ісіне қатысқан ұлт қайраткері. Абыз бабаның ерлік істері аңыз болып тарихта қалды. Өнегесі мен тәлімі ауыздан ауызға көшіп, ел есінде сақталып бүгінге күнге жетті. Артындағы қалың елі, әулеті мен ұрпақтары абыздың аруағына құрмет көрсетіп, басына үлкен кесене орнатты. Қазір бұл жерден адам қарасы арылмайды. Бабамыздың ерлігі елдің мұрасына айналды. Ұрпаққа ұран болып жаңғырып тұр.

Конференцияны Тарих және этнология институты директорының орынбасары Әуезхан Шашаев жүргізіп отырды. Ең алдымен сөз алғандар қатарында ҚР Ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, қоғам қайраткері Нұрғали Мамыров, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалин, прокуратура саласының ардагері, генерал-майор Мұхтар Жөргенбаев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев және басқалары болды. Олар өз ойларын ортаға салып, Әлмерек бабаның тарихтағы орнын тағы бір нақтылады. Соған қатысты деректер мен дәйектерді алға тартты. Бабаның абыздық ерекшеліктері, қайраткерлігі және қолбасшылық қырларының өнегесі бүгінгі ұрпақтар үшін де қажет.

Конференцияда арнайы баяндама жасаған тарихшы ғалымдар мәселенің мәнісіне тереңнен тоқталды. Әлмерек бабаға қатысты шежірелердің бәрі қазақтың ортақ тарихын байыта түсетінін сөз етті.

– Билік иелерінің ішінде абыз атанғандарға қоғамның идеологиялық саласына басшылық ету міндеттері жүктелген, – деді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді ықылым замандарға шолу жасай отырып.

Әлмерек бидің абыздығы жоқтан пайда болмаған. Бұл – атадан балаға ауысқан қайраткерліктің ұлы жолы. Соның арқасында дала өркениеті ойдағыдай дамыды. Абыздар ерен еңбектері арқылы ұлттың ұйысуына, Алаштың ортақ ел болуына үлестерін қосты.

Сондықтан да Мәмбет Құлжабайұлы архивтермен бірге ауызша тарихқа да дұрыстап ден қою керектігіне назар аударды. Егер ауызша тарихты ғылыми қалыпқа салып, сүзгіден ойдағыдай өткізсе, оның арасынан кәдемізге жарайтын талай асыл дүниелерді екшеп алуға болады. Қазақтың шежіресі де ауызша тарихтың бір тарауы. Мәселен, Әлмеректен – Жәнібек, Жәнібектен – Байсейіт, Байсейіттен – Пұсырман, Пұсырманнан – Тазабек әулеті өсіп-өнген еді.

Өзімізге жақын, күні кешегі Тазабек Пұсырманұлына тоқталсақ, ол кісі өз заманының озық тұлғаларының бірі болған. 1846 жылы генерал Вышневский ұйымдастырған Лепсі кездесуіне ұлы жүз билеушілерінің бірі ретінде қатысыпты. Сол сияқты, Шоқан Уәлиханов Қашқар сапарына аттанып бара жатқанда Тазабектің ақ ордасына арнайы тоқтап, дастарқанынан дәм татқан. Осының өзінен-ақ Әлмерек баба ұрпақтарының қандай дәрежеде болғанын анық аңғарамыз.

Кезінде мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев Әлмерек би жатқан қорымды, ондағы абыздың мүрдесін анық білетінін айтып, зерттеушілерге жөн көрсеткен. Ал жазушы Төлен Қаупынбаев абыз бабамыздан қалған мыс ошақты тауып алып, оны музей жәдігерлеріне қосқан. Әлмерек бабаның Райымбек батырға берген батасын ел-жұрты жадына сақтаған. Мұның бәрі ұлттық тарихымыздың бұлтартпас шындықтары.

Тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков әріптесінің сөздерін одан әрі толықтырды. 1697-1727 жылдары Жоңғар мемлекетін басқарған Цебан-Рабданның қазақ жерін біржолата жаулап алуды мақсат еткені бәрімізге белгілі. Тарихшының айтуынша, Албандар мекендеген Жетісу аймағы бірқатар уақыт қалмақтардың қол астында қалып қояды. Алайда бұл – жоңғарлар қазақтарды біржолата жеңді деген сөз емес. Өйткені, Әлмерек бабамыздың ұйымдастыруымен басқыншыларға қарсы күрес бір сәт те тоқтамаған. Барлық іс-әрекет партизандық соғысқа ауысқан.

– Албандар «Ақтабан шұбырынды» жылдары басқа тайпалар секілді батысқа қоныс аударған жоқ. Олар атамекеннің орманы мен тауларын қорған етіп, қарсыласу шайқасын жүргізді. Әлмерек бабаның елді азат ету үшін қолбасшылық танытқаны міне осы 1723-1745 жылдар еді, – деді Талас Омарбеков.

Конференциядағы жаңалықтың бірі – «Тоғанай Т» баспасынан «Әлмерек баба және оның ұрпақтары» атты танымдық кітаптың жарыққа шығуы болды. Онда жоғарыда айтылған тарихшы ғалымдардан бөлек, Бексұлтан Нұржекеев, Бүркіт Аяған, Зиябек Қабылдинов, Нәбижан Мұхаметқанұлы, Тұрғанжан Төлебаев, Талдыбек Нұрпейіс, Тоқтар Әлібек, Жанболат Аупбаев, Ораз Қауғабай, Сағатбек Медеубекұлы секілді ғалымдар мен қаламгерлердің зерттеу шығармалары топтастырылған. Авторлардың ұзын саны 37 адамды құрайды. Шығарушылар алқасы кітап материалдарын жіті сараптаудан өткізіпті. Бәрі көпшіліктің көңілінен шықты.

Әлмерек баба туралы конференцияда айтылған пікірлер бір түйінге тоғысты. Бабамыздың абыздық, қолбасшылық жолын зерттеу әрі қарай да жалғаса береді. Ең бастысы, бабаның табаны тиген, ерен ерліктеріне куә болған қасиетті Қарадала қайтадан жаңғырса дейміз. Осы өңірдегі аудан Әлмерек ауданы болып өзгерсе деген ұсынысты конференцияға қатысушылар бірауыздан қолдады.

Болат МӘЖИТ

Алматы қаласы