"САҒЫНЫП ҚАЛЫППЫЗ": АЛМАТЫ АСПАНЫН ӘН МЕН ЖЫР ТЕРБЕДІ

Уақыты: 04.12.2019
Оқылды: 1638
Бөлім: ТҮПСАНА

Алматы қаласындағы облыстың мәдени шаралары екінші күні де сәтімен жалғасты. Қалалық әкімдіктің мәжіліс залында Алматы қаласы мәдениет басқармасы мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы арасында меморандумға қол қою рәсімі өтті.

–  Өркениет көшіне ілескен халық өзінің төл өнерін, әдебиеті мен мәдениетін ерекше әспеттейді. Ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына дарытады. Бұл міндеттер – ортақ парызымыз. Сондықтан, тізе қосып, күш біріктіру екі жаққа да тиімді. Мәдени байланыстардың маңыздылығы осында. Тәуелсіздік идеологиясын нығайтуға қызмет ететін мұндай игі істер әрі қарай да жалғаса береді, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев.

Өз кезегінде сөз алған Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ернар Құрмашев «Рухани жаңғырудың» ұлттық мәдениетті нығайтуға зор ықпалы бар екенін атап көрсетті. Меморандумда қос тараптың атқаратын міндеттері жан-жақты баяндалды.

Бұдан кейін Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында «Жетісудың жас қаламгерлері» атты әдеби кеш өтті. Игі шараны белгілі ақын Жангелді Немеребай жүргізді. Алматылық оқырмандар жас таланттардың жалынды жырларымен сусындады.

Жетісу жері табиғи байлығымен ғана емес, рухани қазынасымен де танымал. Мәселен, жыр алыбы Жамбылдың даңқы әлемді шарлады. Ілияс Жансүгіров «қазақ поэзиясының Құлагері» атанды. Бердібек Соқпақбаев – балалар әдебиетінің классигі. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері уақытпен бірге алға қарай көшіп барады. Оспанхан Әубәкіров – сатираның саңлағы. Бұл тізімді Жұматай Жақыпбаев, Әділбек Абайділданов, Құдаш Мұқашев, Қанипа Бұғыбаева, Тұрсынзада Есімжанов, Сәкен Иманасов, Әбен Дәуренбеков, Есенқұл Жақыпбековтермен толықтыруға болады.

Бүгінгі толқынның қарқыны көңіл қуантады. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әміре Әрін, Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Нүсіпбай Әбдірахым, Ахмет Кендірбекұлы, Гүлбақыт Қасен, Сағыныш Намазшамова, Есболат Айдабосын, Жұматай Әміреевтер өздерінше бір шоғыр. «Жүз жаңа есімнің» жеңімпазы Мақпал Мыса жыр бәйгесінің алдында келеді. Жас толқынның аяқ алыстары көпшілікті сүйіндіреді. Олардың қатарынан – Алмас Нүсіп, Бақтияр Айталы, Салтанат Құмарханұлы, Мағрипа Сандуғаш, Азамат Нұрмұхан, Айгерім Тұрлығожа, Думан Бақытгелді, Мұхтар Кұмісбек, Мәулен Әнербай, Қозыбай Құрман секілді жастар болашағынан үлкен үміт күттіреді.

– Облыс әкімі Амандық Баталов аймақтағы әдебиеттің дамуына жіті көңіл бөлуде. Жазушылар одағымен бірлесе отырып, көптеген игі шараларды жүзеге асырды. Соның арқасында 20 жас ақынның тұңғыш жыр жинақтары жарық көрді. Осы мақсатқа облыс бюджетінен 60 миллион теңге ақша бөлінді. Бұл іс тұрақты қайталанатын дәстүрге айналды, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев. Ол жасөспірімдер кітапханасына жуырда ғана шыққан Ілияс Жансүгіровтің 20 томдығын сыйға тартты.

- Жас ақындарды кітапханаға бекер шақырмадық. Бұл – киелі орын. Осы жерден студент кезде алған билетім жәдігер ретінде үйімде әлі сақтаулы. Көзіме ыстық көрінеді. Кітапппен достасқан адам ешқашан ұтылмайды. Өйткені, ол – рухани қазына, – деді Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Данияр Әлиев.

Жас қаламгерлерге ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы аталық ақылын айтып, ақ батасын берді.

Талдықорғандықтар балаларды да ұмытпапты. Қала бүлдіршіндеріне арналған базарлығы айтарлықтай екен. Алматыдағы қуыршақ театрында Дулат Исабековтің «Құстар фестивалі» қойылымы сахналанды. Спектакль кішкентай көрермендердің көңілдерінен шығып, олар мәз-мейрам болды. Осының өзі облыстағы театр әртістерінің шеберліктерін көрсетті.

* * *

Түс ауа мәдениет күндеріне қатысушы қонақтар ұлы ақынның ескерткіші тұрған Абай алаңына келді. Алматы облысы және Алматы қаласы әкімдері бастаған ресми делегация Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым етті.

Қала жұрты әрі қарай Республика сарайына беттеді. Ғимараттың  фойесі адамдарға толы. «Тұнған өлке – тұнған тарих» деген атпен ұйымдастырылған көрме көпшілікке ұсынылды. Мұнда жетісулық ақын-жазушылардың кітаптары, суретшілердің, қолөнер шеберлерінің туындылары мен бұйымдары және жергілікті музейлердің жәдігерлері қойылған. Сондай-ақ, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығынан әкелінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пайдаланған жеке заттарды да көруге болады.

Республика сарайындағы қорытынды концерттің шымылдығы ашылды. Сахна төріне шыққан облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ пен қала әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ мәдени күндердің мазмұнды өткеніне тоқталды.

– Құрметті жетісулық ағайын! Сіздер екі күн бойы қала жұртшылығына өнерлеріңізді паш етіп жатырсыздар. Шынымен-ақ, киелі Жетісудың әндері мен билерін сағынып қалыппыз. Қала мен облыс барлық салада өзара тығыз байланыста. Қазір "Алматы агломерациясы" бағдарламасы әзірленді. Аталған жобаны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Амандық Ғаббасұлы екеуміз баяндадық. Жыл соңына дейін ол Үкіметте қаралып, бекітіледі деген үміттеміз. Бұл бағдарлама Алматы мен оған іргелес жатқан облыс аумағындағы аудандарды бірге дамытуға үлкен септігін тигізеді. Сонымен қатар, мәдени байланыстардың нығая түсуіне кең жол ашады, – деді Бақытжан Әбдірұлы.

Қала әкімінің жүрекжарды лебізін ары қарай облыс әкімі Амандық Баталов жалғастырды. "Алматы қаласында облыстың мәдениет күндерін өткізу туралы идеяны айтқан Бақытжан Әбдірұлы болатын. Мен бұл ұсынысты қуана қолдадым. Енді екі жақты байланыс жаңа арнаға бұрылды. Мұның бәрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Жетісу – Елбасының туған жері. Ақындар мен батырлардың мекені. Біз өз тарапымыздан әдебиет пен өнерді үнемі қолдап келеміз. Оның дәлелі – облыс орталығында бой көтерген жаңа тұрпатты өнер ордалары. Ақын-жазушылар әрқашан әкімдіктің назарында. Бүгін жетісулық өнерпаздардың жетістіктеріне өздеріңіз куә боласыздар", – деді Амандық Ғаббасұлы.

«Жерұйық мекен – Жетісу» атты кең көлемді концерттік бағдарлама композитор Әли Алпысбаевтың «Алаш елі» шығармасымен басталды. Оны М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі орындады. Ж.Байдаралиннің «Ғасырлар үні» қойылымы да ықылым замандардан сыр шертті. «Құлансаз», «Адырна», «Сазген», «Қобыз сарыны» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері әсем сазды әуелетті. Жамбылдың, Кененнің толғауларын тыңдаған көрермен ерекше тебіренді. Мұқан Төлебаев пен Нұрғиса Тілендиевтің әндері мен күйлері асқақтады.

Жетісудың жезтаңдай әншілері Ұлжан Айнақұлова, Өмірқұл Айниязовтар да шеберліктерімен тәнті етті. Талдықорғандық өнерпаздарға көрермендер дүркін-дүркін қол соқты. «Алматы вальсі» әдемі ырғағымен жанды баураса, «Әсем қала – Талдықорған» әні жастықтың жырын шалқытты. Жетісудың бірлігін, тату-тәтті тірлігін сахна шеберлері осылайша өнерлеріне арқау етті.

Алатаудың етегін әнге бөлеген концерт алматылықтарды қуанышқа бөледі. Облыстың Алматыдағы мәдени күндеріне талғампаз қала жұрты зор ықыласын білдіріп, лайықты бағасын берді.

Болат МӘЖИТ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы қаласы