Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ШЕКЕДЕН ҚАРАМАУЫ ТИІС": РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 04.12.2019
Оқылды: 359

Әрбір ел ұрпағының келешегі кемел, болашағы жарқын болғанын қалайды. Онсыз тіпті тіршілік жоқ деуге болар. Қашанда «ұрпағым өссін, балам жесін» дейтін қазаққа бұл ұғым етене жақын. Әйтпесе, «қара қазан мен сары баланың қамы» деген нақыл сөз қалдырмас еді. Осылайша өз кіндігінен туған ұл мен қыздың келешегін ойлаған халқымыз бір-біріне «Ұлың Ұрымға, қызың Қырымға жетсін» деген тілек арнаған. «Бала берсең, сана бер, сан бермесең, ала бер» деген қазақы тәмсіл де соған саяды. Яғни, болашақтың бағдары айқын, келешегі жарқын болуын аңсаған арман ұлттық дүниетаныммен қабысып, халықтың бұлжымас бағытына айналған. Сондықтан да қазақ ертегілері «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманның келуімен» аяқталады. Сол арқылы ертеңіміздің бүгінгі күннен жарқын болуын тілеу, айтылған бата-тілекте жақсылықтың, игіліктің, қуаныш-шаттықтың мол болуын сұрау шыққан.

Міне, осылайша бабадан әкеге, атадан балаға жалғасқан ұлттық ұғым бүгін де ары қарай жанданып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің 2017 жылғы 12 сәуірдегі санына жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы ұғымдардың жалғастығы, сабақтастығы, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуді насихаттаған қазақы танымды жаңғыртып, жаңа сипатта асқақтату керектігі айтылады.

Мысалы, мақаланың «І.ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» деген бірінші тарауында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни, болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауы тиіс. Керісінше, заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» – деп қазіргідей технологияның қарқынды дамыған заманында ұлттық келбетімізді, кескінімізді сақтап қалудың жолдарын қарастыру қажеттігі ескертіледі.

«Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы көпшілікке жаңаша серпін беріп, халқымыздың тарихында айтылмай кеткен ақтаңдақтар мен мәліметтер ашыла бастады. Тағдыр салған зобалаңдар мен қиянаттардың себеп-салдары әшкереленіп, қуғын көрген жандардың өмір жолы таныстырыла бастады. Әлі де айтылар ақиқат көп, ашылар дерек жеткілікті. Расында, халқымыз өткен ғасырдың ішінде Кеңес Одағының құрамына кіргеннен бастап, бірқатар ауыртпалықты басынан кешті. Атап айтсақ, ұжымдастыру кезеңінде малы барларды тігерге тұяқ қалдырмай итжеккенге айдаған коммунистік идеяшыл қужақ Голощекин, Мирзоян сынды большевиктер қазақтың санасы сергек азаматтарын қорғасын оққа байлап, мыңдаған адамның қанын жүктеді. Азын-аулақ малы барды байдың қатарына қосқан әпербақандардың кесірінен миллиондаған қазақ 30-31 жылдары ашаршылықта баудай қырылды.

Одан бөлек, дегеніне жүрмеген жанға түрлі себепті сылтай қылып сұраусыз атты, сотсыз дарға асты, қарсылық танытқанды пулеметпен аяусыз қырды. Тыныштық іздеп шекара асқан қазақтың қарттары мен әйел, бала-шағасына қырғын салды. Аяғы ауыр келіншекті қылышпен қақ бөліп, құрсақтағы сәбиді мылтық найзасымен шаншыды. Осындай озбырлықтың кесірінен талай ақиқат айтылмай, талай зорлық жабулы күйінде қалды. Озбыр саясатқа тайсалмай тік қарап, ащы шындықты шыжғырып айтқан азаматтарға «халық жауы» деген қара күйе жағып, қар құрсаған сібірдің қалың орманына айдады. Сүттің бетіне шығар қаймағындай – ұлтшыл жандарды осылай қырды. Сол жылдары байтақ Қазақстанда 40 мыңға жуық адам саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болғаны бүгін анықталып отыр.

Айта берсең аһ ұратын жайттар өте көп. Бізге керегі – өткеннің сабағынан нәтиже шығарып, келешектің күні жарық та жарқын болуы жолында аянбай, адал еңбек ету. Сол үшін де еліміздің барлық саласында Елбасы айтқан Рухани жаңғыру дәуірі басталғаны анық. Бір ғана кітапхана саласын алар болсақ, алтын қорымызға кіретін халқымыздың бар байлығы – әдебиеті мен мәдениетін электронды нұсқаға ауыстыру жұмыстарының жүргізілуі жаңғырудың басты белгісі дер едім. Ендеше, еліміздің ертеңі еркін, келешегі кемел, болашағы бақытты болуы үшін баршамыз әділдікті, адалдықты ту етіп, бір мақсатқа, бір жолға жұмылуымыз керек. Ол – Рухани жаңғыру жолы.

Болат ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ,

Қапез Байғабылұлы атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Тоғызбұлақ ауылы,

Кеген ауданы

Алматы облысы