Асқар тау, айдын көл...

Уақыты: 09.01.2017
Оқылды: 2973
Бөлім: ТҮПСАНА

Атеистік қоғам қолдан құрылған кезеңде ата діннен ажырамауды ойлаған кемеңгер ел хақтың парыз амалдарын дәстүріне айналдырып, ұлттың ұстанымын сақтап қалу жолында қам қылды. Яғни, шариғи шарттарды салт-дәстүр ретінде қолданып, өмірлік ұстанымы етіп тұрмыс кешті. Ал бүгінгі таңда кешегілердің парасатымен қанымызда қалған қасиеттің парқына қаншалықты сана жетелетіп жүрміз? Ойланатын сауал. 

Тіпті, кейбір әсіре діншіл қандастарымыз «ескіден қалған тулақ» құрлы көрмей, ислам дінінің батпан жүгін арқалаған қасиетті салт-дәстүрге құрметпен қарамайтынын көзбен көріп жүрміз. Сондықтан да, қоғам кемшілігін жырлаудың алдында Лев Толстойдың «Кез келген саналы адамның ең соңғы табан тірер жері – Ислам» дегеніндей, біздің табан тірер жеріміз сан ғылымның бастауы болған, діннің жүгін арқалаған қастерлі дәстүріміз екенін ұмытпаған жөн. Сонымен қатар адам өміріндегі ең басты байлық, бақыт ата-ананың амандығы, оларды қадірлеп, алғысына бөлену екенін де естен шығармаған игі. 
ӘКЕ – асқар тау… Бүгінде сол асқар тауымызды  қарауыл-төбеден қадірсіз көретін жастар жоқ емес. Қабағынан қаймығып, айтқанын заң көретін ұрпақты түгесілді демейміз. Алайда, жеті қат көктен желіп жеткендей шіреніп жүрген жүгенсіздер төбе көрсетіп қалғанда, тәрбиеден кеткен кінәрат не екен деген сауалға жауап іздейтініміз жасырын емес. Оның себебі айтпаса да түсінікті: әкенің үлгі боларлық қасиеті жоқ, яки баланың тәрбиесі бесіктен басталмаған. Әр сөзін бұтарлауға болмайтындай іркес-тіркес сөздермен, тәмсілдеп айтар елдің «Әкеге қарап ұл өсер» немесе «Баланы жастан» деген нақылы бар. Ал ернінен желін нәрі кетпей жатып желік қуған бала түзде тіршілік қамымен жүрген әкеге еліктей ме? Болмаса, «тапқан табысым – асырағаным» деген көзқараспен көгілдір экранның шырмауына шырмалып, бала тәрбиесіне селқос қараған әке, ұрпағының адам болуын ойламай ма?! Осындай сансыз сауалдың жалқы жауабы не екенін дәстүрден ажырамаған жандар жақсы біледі-мыс. Негізінен, ұлттық тәрбиенің негізгісі әкеден берілуі тиіс. Алайда кейбір отбасына бұл заңдылық кері көрініс беретіні жасырын емес. Өз міндетіне жауапкершілікпен қарамаған жанның Алла алдындағы есебі ауыр боларын қайдан білсін олар? Ал әсіредіншілдікке салынып, жаһандану дәуірінде өз ақылымен өмір сүргісі келетін жастар ата-ананы сыйламаудың ақыры немен тынарын саралап көрмеген де болар. Мәселен, Құранның Исра сүресінде:  «Раббың өзінен басқаға құлшылық қылмауларыңа және ата-анаға ізгілік қылуларыңа бұйырды. Егер олардың біреуі не екеуі де қартайса, ол екеуіне «түһ» деп те айтпа, оларға дауыс та көтерме, оларға тек жақсы сөз сөйле. Оларға мейірімділік пен кішіпейілділіктің қанатын жайып: «Раббым! Олардың кішкентайымда мені тәрбиелегені секілді оларға рақым ет» деп айт», – деген аят бар. Хақтың осы сөзінен ата-ананың ақылын тыңдамау былай тұрсын, оларға «түһ» деп кейіс білдірудің өзі мұсылмандыққа жат екенін аңғарамыз. Ал тал бесік пен жер бесіктің арасында жаратушысын танып, Ислам әдептерін бойына сіңіре білген ұлт үшін мұсылмандыққа жат дүние ұлттық тамырдан ажыраумен тең екенін пайымдай беруге болатындай. 
АНА – айдын көл… Алайда сол көлді шөлге айналдырып жүрген жандар тағы да жоқ емес. Бірден баланың анаға деген көзқарасынан бастасақ тарау-тарау әңгімені толғайтынымыз хақ. Одан да Құран аяттарына жүгінелік. Лұқман сүресінің 14 аятында: «Біз адам баласына ата-анасына ізгілік қылуды өсиет еттік. Оны анасы әлсіздік үстіне әлсіздене жүріп көтереді де, оны екі жылда емшектен шығарады. Маған және ата-анаңа шүкірлік қыл! Шындығында, қайтатын жағың мен жақ», – десе келесі аятта ата-анаң қандай болса да, олармен жақсы қарым-қатынаста болуды ескертеді. Алайда: «Ата-анам бейнамаз, айтқанды тыңдамайды» – деп өмірге алып келген ғазиз жандарын тәрбиелемекші болып доңайбат танытатын әсіредіншілдер дәстүріміз тұрмақ, дін ескертпелеріне де мойынсұнғысы келмейді. Олар кәпір болса да ата-анаңды құрметтеу керектігін  жеткізген Құранның қасиетін құнттамай жүргендер-ау. Бұл – бүгінгі күннің дерті, Шер-ағаңша айтсақ, баяғы бір кем дүние...
Дәстүрлі өмір салтымызда ананың рөлі қандай деген сауал қоюдың өзі ұятты жағдай. Қашаннан қызды дұрыс өсіру ұлтты тәрбиелеумен пара-пар екенін бабаларымыз нақыл сөздерімен, өнегелі өмірімен де айшықтап, анық та қанық қылып көрсетіп кетті емес пе? Сондықтан да текті жұрт қыз баланы жат жұрттық деп, ертеңгі күні бір елдің анасына айналмаса да бір рудың келіні атанады деген мақсатта қырық үйден тыйып, ибалы да иманды болып өсуіне баса назар аударған. Сондай тәлім-тәрбиенің арқасында бір рулы елдің аты аналар есімімен аталғаны да тауарихтан белгілі. Осының өзі ардақты ананың отбасындағы рөлін айқындайтын дәлел деп білеміз.
Жалпы, иісі қазақтың тұрмыс-тіршілігінде, әдеби шығармалары мен тауанды тарихында аналар есімі көптеп кездеседі. Соның бірі Абайдай алыптың арда ақыны атанып, ғылымға терең бойлауына себепкер болған Құнанбай қажының анасы Зере әжеміз еді. Ардақты ана Құнанбайды дәретсіз емізбегендігі, сол тектіліктен хакімнің парасатты болып өмірге келуі ақиқат. Бұл сөзімізге Мұхамеджан Тазабековтың: «Тектілік үлгісінде Зере әжеміз, Құнанбайды дәретсіз емізбеген, атаның бойындағы тазалықтан, Абай туды тектілік негізбенен», – деп жырлауы дәлел. Бұдан парасатты ананың тәлімі әр перзенттің ұлтжанды болып өсуіне, сол арқылы қазақ руханиятының тұтқасын ұстайтындардың қатары толығатынын аңғара аламыз. Жалпы, қанындағы қасиетін өсиетпен ұғындырар текті жұрттың тұрмыс-салтындағы, дәстүрлі өміріндегі аналардың жарқын бейнесін, негізгі рөлі мен жауапкершілігін айқындайтын дүниелерден аз да болса ақпар беріп өттік деп білеміз. 
Руханият үшін қам қылып, бабадан дарыған қасиетін қастерлеп өткен шайырымыздың бірі Майлықожа: «Ата-ананың қадірін, балалы болсаң білерсің, ағайынның қадірін, жалалы болсаң білерсің», – деп термелетсе, Пайғамбарымыз: «Аллаға ұнайтын істің бірі – ата-анасына құрмет көрсету» – деп ескертеді. Сондықтан да отбасының алтын қазығы болып саналар абзал жандардың көңіліне қаяу түсірмеудің негізгі бастауы – дінімізді аман сақтаған қастерлі дәстүрімізде жатқанын естен шығармаған жөн-ақ. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ