Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

РАЙЫМБЕК АУДАНЫ: ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰСБЕГІЛІК ӨНЕРІ ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ

Уақыты: 11.12.2019
Оқылды: 1029

Қайнар ауылдық округіне қарасты Лабасы тауының тамаша бөктерінде ұлттық спорт түрінен бүркітшілердің «Сонар – 2019» халықаралық турнирі өрнек тапты. «Қыран» федерациясы қолына алған игілікті дүниеге облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Райымбек ауданының әкімдігі қолдау көрсетті.

Бүркітшілердің жарысы таулы өңірде биыл екінші жыл жалғасып отыр. Осынау қастерлі, қымбатты дүниені өз өңірінде өткізуге Қайнар ауылының әкімі, ұлтым, елім-жерім деп жүрегі оттай жанып тұрған азамат Серік Шалов ұйытқы болды. Сондай ақ, ұлтымыздың саятшылық деп аталатын игілігі үшін көп жұмыс істеп жүрген «Қыран» федерациясының атқарушы директоры, жарыстың бас төрешісі Бағдат Мүптекеқызына дән риза болдық.

Жарыстың ашылу салтанатында мемлекет және қоғам қайраткері Бақыт Оспанов, Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры, Бағдат Мүптекеқызы сөз сөйлеп, ізгі тілектерін арнады.

Бүркітшілер жарысына Қытай, Монғолия, Қырғызстаннан, Алматы, Маңғыстау, Жамбыл, Атырау облысынан және Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан елуге тарта бүркітші келді. Оның сыртында ителгісі мен қаршығасын көтерген жиырмадан аса құсбегі, оған ықылас танытушы жастар да болды. Ең жас бүркітшілер Талдықорған қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәлімгерлері 13 жасар Мөлдір Әшімқызы мен Ержан Әкебаевты көріп, талаптарыңа нұр жаусын дедік. Екі күн ішінде бүркітті шырғаға салу, қоянға түсіру, оны еркін ұшыру, сұңқарларды далбайға шақыру, қаршығаны кептерге жіберу, тазыларды жарыстыру секілді қызықты саятшылықтың қорытындысы жасалды.

Барлық сынақтарда жоғары нәтиже көрсеткен, жіберілген қоянды қағып, түлкіні қиып түсірген алматылық Ғабит Таңаттың «Өткір» атты бүркіті 1 орынды иеленді. Оған дипломмен қоса 500 мың теңге берілді. Алматы облысынан қатысқан Сейітжан Алмас пен Баетбай Өмірхандай құсбегілердің бүркіттері 2 және 3-орындарды иеленді. Кеген ауданындағы Ақай ауылынан қатысқан Жанболат Сәрсенбек 4-орынды, Атырау облысынан келген Арман Қошқаров 5-орынды жеңіп алды. Қаршыға байқауында Алматы облысынан қатысқан оқушы бала Бексұлтан Сейітжан 1-орыннан көрінді. Сағыныш Баетбай мен Бекнияз Қуанышбай қалған орындарды еншіледі. Ителгілер байқауында Алматы облысынан қатысқан Медет Шалипов, атыраулық Арман Қошқаров, Алматыдан келген Руслан Абу да жүлделі алдыңғы орындардан көрінді.

Райымбек ауданындағы Тегістік ауылынан келген Тимур Бақырбаевтың тазылары дес бермеді. Жеңімпаздардың бәрі құр алақан қалған жоқ.

Екі күнге созылған шарада тілшілер үшін брифинг өткізілді. Сырттан келген қонақтар Қайнар ауылында Советай Мекебаева, Күлшат Базарбекова, Қадыржан Сабырақын, Айбек Әшімбеков секілді өнер иелерінің әсем әндерін тыңдады. Қатысушылар қазақтың құсбегілігі қайта тірілгендей үлкен әсермен тарқасты.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы