Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ҰЛЫ КҮН": МЕМЛЕКЕТТІК МАРАПАТ МЕРЕЙ ӨСІРДІ

Уақыты: 13.12.2019
Оқылды: 735

Ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күніне орай Б.Римова атындағы облыстық драма театрында салтанатты жиын өтті. Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ ел дамуына сүбелі үлес қосқан түрлі мамандық иелеріне мемлекеттік марапат табыстап, бірнеше адамға «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын берді. Еңбегі еленіп, мереке аясында мерейі тасыған азаматтар алағай алғыстарын айтып, бұдан ары да талмай қызмет ете беретіндіктерін білдірді.

Салтанатты жиынның шымылдығы сахна төріне Мемлекеттік Тудың шығарылуымен түріліп, рухымызды асқақтатар Мемлекеттік Гимн орындалды. Жүрекжарды құттықтауын жеткізген облыс әкімі Амандық Баталов:

- Тәуелсіздік жайлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл – ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткен аса қасиетті күн. Бұл – тілімізді жаңғыртып, дінімізді қайтарған, тарихымызды түгендеп, тағдырымызды таңдаған ұлы күн», – деген еді. Расында киелі де қасиетті тәуелсіздіктің тамыры тереңде, қайнар бастауы бабалар аманатында жатыр. Ғасырлар бойы азаттықты аңсаған ата-баба арманының орындалғанына куә болу біздің еншімізге бұйырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ мемлекеттік тұрғыда аса маңызды шешімдер қабылданып, дамудың тың бағыттары айқындалды, – деп тәуелсіздік алған жылдардан бергі тарихи оқиғаларды тілге тиек етіп, мемлекетіміздің өркендеуі барысында атқарылған жұмыстар жайында мақтанышпен әңгімеледі. Сонымен қатар, аймақта қолға алынған игі бастамаларды, биылғы жылы орын алған айтулы оқиғаларды, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан игілікті істерді айта келе: «Мерекеге орай бүгін 61 жерлесіміз мемлекеттік наградаға және 8 адам «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағына ие болып отыр. Марапат иелерін шын жүректен құттықтаймын! Табыстарыңыз мол, шығар асуларыңыз биік болсын! Көк Туымыз тұғырлы, Тәуелсіздігіміз ғұмырлы болсын», – деді.

Осыдан кейін сахнаға бірінен соң бірі көтерілген марапат иелеріне мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлестері үшін Амандық Ғаббасұлы «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерін, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарын және басқа да мемлекеттік наградаларды табыстады.

Марапат алғандардың қатарында "Жетісу" мен "Огни Алатау" газеттерінің меншік иесі "Өлке тынысы" ЖШС директоры, Қазақстанның Құрметті журналисі, әріптесіміз Мейрам Жанәділов те бар. Қазақ телевизиясының ардагеріне "Алматы облысының Құрметті азаматы" атағы берілді. Сондай-ақ, "Огни Алатау" газеті бас редакторының орынбасары, әріптесіміз Забира Сайдильдина "Нұр Отан" партиясының "Белсенді қызмет үшін" төсбелгісіне ие болды.

«Парасат» орденін кеудесіне таққандар қатарында «Алакөл-Көмір», «Алакөл жолдары» ЖШС директоры Елжан Әбдірахмановты, еңбек ардагері Оралбек Жақияновты, Б.Римова атындағы облыстық драма театрының әртісі Кендебай Темірбайұлын да ерекше атауға болады. Марапаттың жауапкершілігін сөз еткен Алакөл ауданының тумасы Елжан Әбдірахманов:

- Әркім өзінің өмірлік таңдауына мән беріп, қызметін жүрек қалауына сай атқарса, алынбайтын асу, бағынбайтын белес қалмайды. Бұған мен өзімнің кәсіпкерлік саласындағы жылдар бойғы ізденістерім мен жұмыстарым барысында толық көз жеткіздім. Осы берекелі аймақтың байлығын елдің игілігіне жарату, жұрттың жағдайын жасау жолындағы еңбегіміз біртіндеп ақталуда. Кеудеме тағылған атауының өзі аса салмақты «Парасат» ордені маған жаңа жауапкершіліктер жүктейді, – деп ел мен жерге еткен азын-аулақ қызметінің еленіп, жоғары марапатқа ұсынған аудан, облыс басшылығына, Мемлекет басшысына айтар алғысының шексіз екенін жеткізді. – Алдағы кезде де елімізді өркендету бағытында еңбек ете бермекпін. Ойға алған жобалар мен жоспарлар баршылық. Ел іргесі тыныш болып, жұртты береке-бірліктен айырмасын! Қазақстанды әлемге мойындата беретінімізге сенемін.

Иә, Тәуелсіздік жайлы айтылар сөз де, шырқалар ән де таусылмақ емес. Осыны дәлелдеген салтанатты жиын концерттік бағдарламамен түйінделді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ