ӘЛМЕРЕК АБЫЗҒА - 360 ЖЫЛ: МҮШӘЙРА МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

Уақыты: 20.12.2019
Оқылды: 1575
Бөлім: ТҮПСАНА

Аты аңызға айналған Әлмерек абыздың 360 жылдық мерейтойының шымылдығы бір ай бұрын Алматыдағы Ғылым ордасында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен түрілген еді. Елімізге танымал аузы дуалы ғалымдар ұлттық кодымыз – ауызша тарих негізінде зерттеп, зерделеп Әлмерек Жаншықұлын тарих қойнауынан тәуелсіз елдің сахнасына қайта алып шықты. Яғни, әлмеректану басталды. Сол жиында бабаның кемеңгерлігі мен әулиелігі, абыздығы мен батырлығы бір ғана шараның аясында қалып қоймай, ізгі бастама ары қарай да жалғасын табуы керектігі айтылған. Осы бір ұсынысты бірден қолдаған, батыр бабамыз өзі қорғаған қасиетті Қарадала төріндегі «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов Алматыдағы аға буын ақындармен ақылдаса келе «ҚАРАДАЛА – ҚАСИЕТТІ МЕКЕНІМ» атты мүшәйра өткізуді қолға алды.

Әлмерек Жаншықұлының 360 жылдығына арналған облыстық жас ақындар мүшәйрасының қорытындысы өткен сенбіде бахадүр баба өзі басын алған қалмақ батыры Шонжының атымен аталатын аудан орталығындағы Мәдениет үйінде өтті. Дәл сол күні Қарадалаға «Қазақтың дәл өзіндей қарапайым» қара өлең керуені көшіп барғандай болды.

Бала кезден кезiп, шарлап ой көгiн,
арманымның жуған талай көйлегiн.
Бұғытыдан басталатын әрi ассаң,
бұл даланы «Қарадала» дейдi елiм.
Қарадала – бүгiнiм мен кешегiм,
қайыры мол менiң өлең төсегiм;
Қарадала...
Қара теңiз...
Қарақұм...
Қарауыл боп көкiрегiмнен көшедi үн
, – деп жырлаған осы Қарадаланың бір кездегі қара баласы, бұл күндері елдің дара ағасына айналған айтулы ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалиннің жырымен шымылдығы ашылған мүшәйраны Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахунов құттықтау сөзімен ашып берді. Тәуелсіздік күні қарсаңында өтіп отырған мүшәйраны жақсылыққа балап, ақын елдің ардағы екенін атап өтіп, жас жүйріктерге сәттілік тіледі.

Әкімнің сөзінен кейін сахнаға аудан ақсақалдары атынан ел ағасы Ызғарбек Бектұрсынұлы мен көрнекті ақын, республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, республикалық «Ақиқат» журналының бас редакторы, белгілі ақын Аманхан Әлім, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Үркер» журналының бас редакторы Жарас Сәрсек және осы аға буынның ізін басып келе жатқан танымал ақын Алмат Исәділ көтеріліп, Алматыда өткен конференцияда тұсауы кесілген жазушы Әскер Тойғанбекұлының «Қайран елім» трилогиясы мен «Әлмерек абыз және оның ұрпақтары» жинағының және соңғы демі сол топырақта шығып, мәңгілік мекеніне кеткен ақберен ақын, айтыстың ақтаңгері Оразалы Досбосыновтың таңдаулы айтыстары топтастырылған «Құлмамбеттің құлыны» кітабының тұсаукесер рәсімін жасады.

Игі істі атқарғаннан кейін сөз алған қазылар алқасының төрағасы Ғалым Жайлыбай тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қарадалаға келген қара өлеңнің көшіне ерекше баға беріп, жыр додасына 18 бен 35 жас аралығындағы қырықтан аса ақын қатысқанын атап өтті. «Мүшәйра шарты бойынша жеті ақынға жүлде тігілсе де, демеушілердің арқасында оған тағы төрт ақынды қосып, бас- аяғы он бір ақын шақырдық. Бұл жүйріктерден басқа да он ақынды жүлдегер жасауға болар еді. Бірақ мүшәйраның шарты бар. Сөйте тұра өлеңге обал болмасын, жас ақындар жасып қалмауы үшін осылай шешім шығардық», – деп облыстық деңгейде өткенімен салмақты да сапалы өлеңдер болғанына да тоқталып өтті.

Ғалым ағамыз жыр кешін бастап берейін деп өз өлеңінен тарту еткеннен кейін ақындар алма-кезек сахнаға көтеріліп, өлеңдерін оқыды. Кейбір тұста арқаланып кеткен көрерменнің «бәрекелді» десіп алақан соға қошемет еткені де жарасып тұрды. Өлеңмен өрнектелген жыр кешін әнмен әспеттейік деп Алматыдан арнайы ат басын бұрған дүлдүл әнші Рамазан Стамғазиевтің қос шәкірті Игісінов Ілияс пен Ұлас Қазыкен қос ішекті домбыраны күмбірлете әнге салып, кештің шырайын ашты.

Әне-міне дегенше он бір ақын да жыр нөсерін селдетті. Осы тұста сахнаға көтерілген эстрада жұлдызы, танымал әнші Мұрат Тоқашбаев гитараның құлақ күйін келтіріп, қоңыр дауысымен әуезді әнін арнады. Құлақтан кіріп, бойды алғаннан болар, жиналған қауым қайта-қайта қол соғып, екінші әнін де шырқатты. Осындай шалқыған көңіл күйде отырған ел алдына шыққан қазылар алқасы кіл жүйріктің ішінен шын жүйрікті марапаттауға көшті. Үшінші орын – Нүсіпбек Исахметов атындағы жүлде (75 000 теңге) Шапағат Әбдірұлына бұйырды. Екінші орын – Шарғын Алғазыұлы атындағы жүлдені (100 000 теңге) осы басылымның тілшісі Мұхтар Күмісбек қанжығасына байлады. Жақында ғана 100 жылдық мерейтойы аталып өткен Сәдіқожа Мошанұлы атындағы бірінші орын жүлдесін (150 000 теңге) «Жетісу» газетінің тілшісі Асыл Сұлтанғазы иеленді. Ал Әлмерек абыз атындағы бас жүлде (200 000 теңге) нарынқолдық жас талант Аршын Нұрбақытқа табысталды.

Облыстық деңгейдегі жастар мүшәйрасы болса да, қомақты жүлде тағайындаған демеуші азаматтарға Алланың нұры жаусын. «Жақсылық қылсаң жар салма» деген аталы сөзге тоқтап, аттарын атамай-ақ ел атынан алғыс білдіруді жөн көрдік.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, мүшәйраның бір ерекшелігі, жеті бірдей ынталандыру сыйлығы (әрқайсысы 30 000 теңгеден) Аспантау аясы мен Кетпентау арасында өмір сүрген тарихи тұлғалар мен күні кешеге дейін ортамызда жүрген, аттары көп аталмай қалған ақындардың атымен берілді.

Сол күнгі жыр додасында Албан Асан Барманбекұлының, Көдек Байшығанұлының, Еркін Ібітановтың, Мұқатай Жылқайдаровтың, Рақымжан Өтегеновтің, Әбдікерім Қасымбековтың, Сәбетай Сыпатаевтың есімдері аталып, аттарынан жүлде тағайындалып, құрмет көрсетілді.

Мүшәйра соңында жыр додасын ұйымдастырған «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов аудан жұртшылығы атынан Қарадалаға келген қадірменді қонағымыз деп Ғалым Жайлыбай мен Аманхан Әлімнің иығына шапан жауып, алғысын айтты. Осылайша сол күні тәуелсіздіктің арайлы таңымен бірге Қарадала төрі қара өлеңмен өрнектеліп жатты.

АЙ-ЗЕРЕ

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы