Тау тұлға

Уақыты: 12.01.2017
Оқылды: 1770
Бөлім: ТҮПСАНА

Нілденгенде жанарым,
Шықтанғанда қабағым, 
Асқар таудың шыңына алабұртып қарадым.
Қаңтар-тағдыр шатынап, жонымды осып өткенде,
Салдың күйін кешпегем қуырылса да табаным.

Мұз құрсанған айдыным,
Мұнарланған аспаным,
Шарт үздім де шідерді жаңа дәуір бастадым.
Жазар жырды толғансам, көз алдыма келеді,
Елдің көшін сүйреген тау тұлғалар, асқарым.

Соның бірі сен едің, аспан сүйген өр едің,
Болмысыңнан бабамның қайсарлығын көремін.
О, Қонаев, елінің жүрегінде сақталған,
Бес атанға жүк болар еңбегің мен беделің.

Қабыландай ұрпаққа көз тастайтын зеңгірім,
Талықсып та шықпайды өр кеудеден шерлі үнім.
Мәңгілікке бет алған халқыңменен мың жасап,
Том тарихта жыр болып басылады өрлігің.

Асыл Сұлтанғазы