Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БӘРЕКЕЛДІ: ТАЛДЫҚОРҒАНҒА АБАЙДЫҢ ЕСКЕРТКІШІ ОРНАТЫЛАДЫ

Уақыты: 26.12.2019
Оқылды: 510

Талдықорған қаласында қазақтың ғұлама ақыны, ұлы ойшыл Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ескерткіші орнатылады. Хәкімнің 175 жылдығына орай жүзеге асатын игі іс бойынша бүгін ұйымдастыру комитеті мен сараптамалық кеңестің отырысы өтті. Бұл жайында "www.taldykorgan-online.kz" хабарлады.

Айта кетейік, Абайдың ескерткішін орнату мақсатында ашық сәулет байқауы жарияланған еді. Қала әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова бұл байқаудың мақсаты Абайдың ең үздік мүсіндік макетін таңдау екенін әңгімелеп, жалпы өнер туындысында ұлттық дәстүр мен кәсібиліктің сақталуына баса мән беру керектігін айтып өтті.

2019 жылдың 1 қараша - 1 желтоқсан аралығында жарияланған байқауға 5 мүсінші өз туындыларын ұсыныпты. Кеңес мүшелері мен сарапшылар жұмыстарды түгелдей қарап, өз пікірлерін білдірді.

- Ел танитын Абай атамыздың жарқын бейнесі Талдықорған төрінен орын алса, ол - біз үшін үлкен қуаныш. Мүсіндік жобаларды көріп шықтық. Оның әрқайсысы өзіндік ой, идеяға құрылған өнер туындысы екендігіне сөз жоқ. Алайда көбінесе суретшілер де, мүсіншілер де Абайды сомдағанда Ыдырыс Ноғайбаев сахналаған бейнеге ұқсатып жатады. 59 жасында дүниеден озған ақынды ақсақал етіп сомдап керек емес. Ол ойшыл, ғұлама адам болғандықтан, ел көңілінен шығатын, асқан шеберлікпен жасалған Абай бейнеленуі тиіс. Мен ақынның туған жеріндегі, басқа да қалаларда қойылған ескерткіштерді көрдім. Кезінде Алматы қаласындағы Абай даңғылы бойындағы мүсінді орнатарда арнайы комиссия заңғар жазушы, Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезовпен ақылдасқан көрінеді. Қаншама уақыт өтсе де, Абай ақынның сол мүсіні алыстан менмұндалайды, - деді Абай атындағы ҚазҰПУ «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойымбет.

Қазылар алқасының таңдауы мүсінші М.Азмағанбетовтың туындысына түсті. Алайда мүсінші өнер туындысын идея мен мазмұн жағынан жетілдіріп, толықтыруы қажет.

Алдын ала ақпарат бойынша, ескерткіш Талдықорғанның Алматы жақтан кіреберісіндегі Б.Римова атындағы облыстық драма театрының алдына орнатылуы мүмкін.

Данагүл МӘКЕН

Алматы облысы