Қиырдан келген қазақ

Уақыты: 17.01.2017
Оқылды: 2542
Бөлім: ТҮПСАНА

Этнограф-жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Жанат Ахмадидің «Тектілік тегеуріні» атты жаңа романы қалың оқырманға жол тартты. Оқиға желісі сонау Шығыс Түркістандағы көшпелі қазақ заманынан басталып, Қытайдағы коммунистік кезең және бас кейіпкері Жасан Зекейұлының шығу тегі, оның қазақ елі тәуелсіздігін жария еткен тұста атажұртына келіп, мыңдаған жыл бойы біз үшін беймәлім болып келген Шығыс-Тибет медицинасын қалыптастыру тарихын қамтиды.

Мен ол кісімен осыдан 30 жыл шамасы бұрын танысқан едім. Жүріс-тұрысы да, киім киісі де бөлекше Жанат Ахмади жылына бірер мәрте атажұрты – Қапал өңіріне келіп, ағайындарының ортасында аунап-қунап қайтуды әдетке айналдырған. Бір қызығы, ол автобустан түскеннен кейін бірден туыстарының үйіне тартпай, міндетті түрде аудандық «Қапал еңбеккері» газетіне бас сұғушы еді. Жары – Роза мен ұл-қызын ерте кіріп, «Киелі шаңыраққа алдымен кіріп отырмын. Қалам ұстаған інілерімнің амандығын біле кетейін деп едім», – деп бастап, әңгіменің тиегін ағытып алатын. Тек өзі ғана сөйлей бермей, өзгені тыңдауға да бейіл. Ара-арасында бізге өлең оқытып, өзіне ұнағандарын қайтара айтқызып алатын әдеті бар. Мұнысы не десек, зейіні зерек, жады мықты Жанат аға жеті-сегіз шумақ өлеңді сол бірер оқығаннан жаттап алады екен-ау. Араға уақыт салып жолыққанда сол өлеңді жатқа оқып отырғанын көріп, таңданған сәттеріміз аз емес. Бұл – алғашқы танысқан сәттегі аға жайлы қалыптасқан пікір.
Көп ұзамай, Қапалға бір келгенінде «Дүрбелең» кітабын сыйлады. Жалпы, теледидары тұрмақ, әр үйде радио да бола бермейтін менің балалық шағымда асық пен ләңгіге қызықпайтын балалар үшін басты ермек кітап болғаны анық. Мен де солардың қатарында едім. Қолыма түскен кітапты талғамай оқып, қазақ әдебиеті классиктерінің жазғандарын түгесіп үлгергенбіз. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен бастап, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков шығармалары, Қасым мен Мұқағалидың өлеңдері бала кезден таныс, етене жақын-тұғын. Ал «Дүрбелеңді» оқи бастағанда  бұрын-соңды білмеген, болмысы бөлек бір әлемге тап болғандай күй кешкенім рас. Егер кітаптың оқиғалары тартымды, баяндау әдісі тосын, тілі шұрайлы десек, түк айтпағанмен бірдей болар еді. Себебі, шығармадан қара сөздің құдіретіне жолыққандай әсер алған едім. 
Түрмесі мен зынданы былай тұрсын, есігінде құлып болмайтын дала жұрты ел арасындағы ұрлық пен қарлық мәселелерін сөзбен қалай шешті екен деген ой көңіл түкпірінде жауабын таппай жататын. Өзімді мазалаған осы сауалдың жауабын Жанат Ахмадидің жазғандарынан тапқандай болдым. Бірі адамы өліп қаралы болған, бірі жазатайым кісінің қанын жүктеп жазалы болған екі жақтың билері сөйлеп бергенде екеуін де ақтап алғың келетіні бар. Бабалардың арғы-бергі дәстүр-салтына сүйене келіп, сүйегі жоқ қызыл тілге ерік берген билердің шегемен қаққандай етіп шегендеген дәлелдері, орайын тауып қолданған  мақал-мәтелдер қолыңды жіпсіз байлағандай әсер қардыратыны рас. Ақырында төбе бидің дауласқан екі жақтың күрмеуі қиын күрделі теке – тіресін бір-екі ауыз сөзбен түйіндеп, соңғы шешімін айтқанда: «Ә, бәсе, мынау дегенің ғажап үкім болған жоқ па?» – деп масайрап отырғаныңды сезбей де қаласың.
«Дүрбелеңнен» кейін «Шырғалаң» кітабы қолымызға тиді. Оған да тәттіге құмартқан баладай бас қойғанымыз анық. Жанат аға содан бері оқырмандарын сағындырып күттірмей, жыл сайын жаңа туындыларымен қуантып келеді. Солардың қатарында «Тектілік тегеуріні» аталатын деректі-тарихи, этнографиялық, сонымен қатар ғұмырнамалық роман жазушының жаңа бір белесін айқындайтын сыңайлы. Жалпы, «деректі» және «ғұмырнамалық» деген анықтаманың өзі әдебиеттен хабары бар адамды белгілі бір ойларға жетелейді. Соңғы кездері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен мұндай кітаптар бір адамды мақтау мен мадақтауға құрылып, әдеби құндылықтан алшақтап кететіні жасырын емес. «Тектілік тегеурініне» келгенде қалыптасқан бұл пікірді теріске шығаруға тура келеді. Қара сөзден қаймақ алған қаламгер бұл жолы да өзіне тән шеберлігінен жазбай, Шығыс Түркістан өлкесін мекен еткен қандастарымыздың арғы-бергі тарихын, қилы-қилы тағдырын, өмір үшін күрес жолындағы қайтпас қайсарлығын көз алдыңнан киноның лентасындай тізбектеп өткізе береді. Өресі биік, қазақтың өр ұлы Зекей мен оның жары Шәрипаның төңірегінде болып жатқан оқиғалар арқылы Шығыс Түркістандағы қазақ ұлтының басынан кешкендері өз алдына бөлек өрілсе, солардың ұрпағы Жасан Зекейұлының атажұртына келіп, Шығыс-Тибет медицинасы негізінде «Жас – Ай» медицина орталығын құрғаны, талай қиындықтар мен тосқауылдармен күресе жүріп мыңдаған адамды емдегені турасында шұрайлы тілмен, шытырман оқиғалар арқылы бейнелейді. Сондықтан, «Тектілік тегеурініне» толыққанды әдеби туынды деуге негіз бар. 
Қилы замандарда қара қазан, сары баланың амандығы үшін қиыр көшіп, шет жайлап, жат өлкеде жүрсе де ұлттық  құндылықтарын жоғалтпаған, салт-дәстүрімен бірге қасиетті де құдіретті тілін жұтатпаған жұрттың аманатын арқалап келгендей аса бір жауапты міндетті атқарған Жанат Ахмади ағамыз алдағы уақытта да тұшымды туындыларымен оқырмандарын қуанта беретініне сеніміміз кәміл. 

Қуат Қайранбаев