ДЕПУТАТ: "АЙ - МӘҢГІЛІК, КҮН - МӘҢГІЛІК, АБАЙ - МӘҢГІЛІК"

Уақыты: 14.01.2020
Оқылды: 1272
Бөлім: ТҮПСАНА

Абай – адамзаттың айнасы, руханияттың қазығы. Өркениеттің өзегіне шер байланғанда, ақынның жырын қайыра оқысаңыз болғаны, жан дүниеңіз тазарып сала береді.

Қандай ғажап құндылық, неткен сұрапыл көш дейсіз сосын. Көз сүйсінеді, жүрек толқиды. Ол – бабатанымның баспалдағы іспетті биік те мұнарлы. Арқаңа қанат біткендей алға ұмтыласың да тұрасың. Қабырғалы қарасөздері жастарға бағдаршам. Адасқан өмір жолаушысына жетіқарақшыдай жәрдемші. Мұрасына үңілген сайын ұлтқа деген сүйіспеншілігің еселене түседі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқығанда осы бір ойлар санамда қайта бой көтерді. Шынымен де ұлыны ұлықтау – ұлт үшін кемеңгерлікке қадам, арманға жетудің алтын көпірі. Оны ел Президенті ашық та анық айтып отыр. Саясаттың да шырмаулы түйінін шешетін хәкімнің қазыналы сөздері мен қордалы құндылықтары. Ол әрбір азаматтың көкейдегі ойын дөп басып, ақиқатқа ұмтылудың дара жолын сызып береді. Әрбірден соң алты құрлыққа атымызды мәшһүр етіп, еліміздің ертеңіне тұтқа болар күшке ие. Байрағымыздың мәңгілік желбіреп тұруына да себепкер батырлық дағды мен патриоттық сезімге толы жырлары бар.

Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет», – дейді өз сөзінде. Шынында, ұлттық сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашылатын болады. Бұл мақала Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елді рухани жаңғырту қадамының жалғасы болып табылады. Сол негізде айтылған ұлы Абайдың тұжырымдамалары баршамызға азық болары анық.

Абай – мәңгіліктің ақыны, ақынның рухани дүниесі арқылы біз ХХІ ғасырда мәңгілік елге айналдық. «Рухани жаңғыру» негізінде осындай ұлы тұлғамыздың соңынан қалдырған асыл мұрасынан үлгі алуымыздың өзі зерделілік деп білемін. Тамыры тереңде жатқан халқымыздың, мемлекетіміздің, ел басқарып отырған басшылардың ұлы Абайды темірқазық етіп алуы – оның қаншалықты маңызды тұлға екенінен хабар береді. Біз оны насихаттау арқылы мұқым халықтың мәртебесін көтереміз. Осыны естен шығармағанымыз абзал.

Бұл мәйекті мақала алда келе жатқан торқалы тойдың беташары. Онда айтылған өзекті ойлар мен жылдық жоспарлар іске асатын болса, күллі әлем біздің мәдениетіміз бен әдебиетіміздің шоқтығы биіктігіне тағы да бір мәрте көз жеткізер еді.

Ай – мәңгілік, күн – мәңгілік, Абай – мәңгілік. Абай поэзиясы Жер-анамен бірге өмір сүре бермек. Қасым-Жомарт Кемелұлының Абай туралы жазған мақаласы әрбір қазақтың жүрегіне жылы тиеді деп ойлаймын. Сондықтан, биылғы жыл берекелі де мерекелі сәттерге толы болады деген сенімдемін.

Марат МӘЛТЕКБАСОВ,

Алматы облыстық мәслихат депутаты,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор